Accessibility links

Bloomberg Ресей экономикасы 12 пайызға құлдырауы мүмкін екені жайлы болжам жариялады, Ресей билігі оны терістеді


Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты АҚШ пен Еуропа елдерінің салған санкциялары салдарынан 2022 жылы Ресейдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 12 пайызға қысқаруы мүмкін. Сөйтіп 1994 жылдан бергі кезеңде Ресей экономикасының ең қатты құлдыруы болмақ. Бұл жайында Ресей қаржы министрлігінің ішкі болжамында айтылған дейді құжатпен танысқан Bloomberg агенттігі. Ал министрлік болса ондай болжам жасағанын жоққа шығарады.

Bloomberg агенттігі сөйлескен дереккөздердің (аты-жөні аталмайды) сөзінше, егер жағдай осы болжамдағыдай өрбитін болса, онда Ресейдегі оншақты жыл бойғы экономикалық өрлеу құрдымға кетпек. Украинаға қарсы соғыс әлі жалғасып жатқандықтан Ресейдің болашағы бұлыңғыр, ал АҚШ пен Еуропа жаңа санкциялар енгізуді, соның ішінде Ресейден мұнай сатып алуға тыйым салуды талқылап жатыр. Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ресейдің жалпы ішкі өніміндегі мұнай-газ секторының үлесі 15,2 пайызға тең болған.

Ал бұл уақытта Ресей экономика министрлігі биыл елдің ЖІӨ 8,8 пайызға, Орталық банк – 8-10 пайызға, Халықаралық валюта қоры – 8,5 пайызға кемиді деген болжам жасап отыр. Bloomberg агенттігі сауалына жауап берген экономистердің бағалауынша, Ресей экономикасы орташа алғанда 10,3 пайызға құлдырауы мүмкін.

  • Bloomberg ақпараты жарияланғаннан кейін, Ресей қаржы министрлігі елдің ЖІӨ 12 пайызға құлдырауы мүмкін деген хабар шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдемесін "Прайм" мемлекеттік агенттігі таратты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG