Accessibility links

"Тәуелділіктен құтылудың ауыр өтемі". Еуроодақ Ресей газынан бас тарта ала ма?


Германияның Бельгиядағы елшілігі алдына келіп, Украинаға соғыс ашқан Ресейден мұнай мен газ сатып алуды доғаруын талап етіп тұрған демонстрант. Брюссель, 11 наурыз 2022 жыл.
Германияның Бельгиядағы елшілігі алдына келіп, Украинаға соғыс ашқан Ресейден мұнай мен газ сатып алуды доғаруын талап етіп тұрған демонстрант. Брюссель, 11 наурыз 2022 жыл.

Еуропа одағы биыл Ресейден газ сатып алуды азайтып, онжылдық аяғына қарай мүлдем бас тартатынын мәлімдеді. Бұл мүмкін бе? Ресей Еуроодақтың алдын орып, газ жеткізуді тоқтатса не болады?

Украинадағы соғыс әлі аяқталмайтын сияқты. Соғыс кесірінен Еуропа одағы мен Ресей арасында екі тарапқа да ауыр соққы болатын "қарусыз майдан" жүріп жатыр. Бұл табиғи газдың ең ірі экспорттаушысы саналатын Ресейді экономикасы әлем бойынша үшінші орында тұрған Еуроодаққа қарсы қойды. Бұл тірес аяқталмай тұрып екеуінің де жағдайы нашарлауы мүмкін.

Еуроодақ Ресей энергетикасына енді тәуелді болғысы келмейтінін анық байқатты. Осылайша Еуропа одағы мыңдаған адамның өмірін жалмаған соғысты қаржыландыруды тоқтатып, Ресей президенті Владимир Путинді ықпал ету тетігінен айырмақ.

Еуроодақ биыл тамыздан бастап Ресей көмірін алмайтынын мәлімдеді. Осы аптада одақ 2023 жылғы қаңтардан бастап Ресей мұнайынан да бас тартатынын хабарлады.

Ал табиғи газға келгенде, одан бас тарту қиындау тимек.

Еуроодақтың кей шенеуніктері Ресей газына тыйым салуға үндеген. Бірақ мұнай мен көмірге қарағанда Еуроодақ қысқа мерзімде экономикаға нұқсан келтірмей газдан бас тарта алмайтындықтан, бұл даулы мәселе дейді сарапшылар.

Путин Ресей газының ең ірі тұтынушысы болып отырған Еуроодақтың Мәскеуге тәуелді болып қала бергенін қалайды. Өз елінің экономикасын құлдыратқан ол Еуроодақтың осы әлсіздігін пайдаланып қалуға тырысып жатқанға ұқсайды.

Өткен аптада Ресей Еуроодаққа мүше Польша мен Болгарияға табиғи газ жеткізуді тоқтататынын мәлімдеді. Еуропа шенеуніктері мен сарапшылар Путин осылайша Еуроодаққа жік салып, одаққа мүше басқа елдерге тұспалдап сес көрсетіп жатыр дейді.

"Путин Еуропаға Украинаны қолдаудың салдары қандай болатынын және сол үшін сазайын беретінін көрсетуге тырысып жатыр" дейді Вашингтондағы Кеннан институты Уилсон орталығының директоры міндетін атқарушы Уилл Померанц.

"Экономика мен адамдар жапа шегетін болса, Германия мен Франция секілді Еуропа елдері "бұл оған татымайды" дейтін болар" деді ол.

Германия қаржы министрі Кристиан Линднер.
Германия қаржы министрі Кристиан Линднер.

Еуропада осындай пікір айтып жүргендер де бар. Сәуірде Германия қаржы министрі Кристиан Линднер Еуроодақтың Ресей газы импортына жуық арада эмбарго салуына қарсы шығып, "бұл Ресейден гөрі, одаққа көбірек кесірін тигізетінін" мәлімдеді.

Германия – Ресейден газ импорттайтын Еуроодақтағы ең ірі ел. Ол былтыр 155 млрд текше метр газ сатып алған. Оның 140 млрд текше метрі газ құбыры арқылы жеткізілген. Бұл 2021 жылы Еуроодақ тұтынған газдың шамамен 40 пайызына тең. Осылайша Ресей одаққа газ жеткізетін ең ірі ел болып отыр.

Ондаған жыл бойы Еуропа тұрғын үйлер, мектеп, ауруханаларды жылытып, электр энергиясын өндіруге, өндіріс объектілерін отынмен қамтамасыз етуге Ресей газын пайдаланып келеді. Ресей мен Еуроодақ байланысы ушығып, сарапшылар Путинді энергияны қару ретінде қолданады деп айыптап жатқанда, бұл тәуелділік қиындық туғызып отыр.

21-ғасырда мүмкін еместей көрінген басқыншылық пен айуандықтар, Ресейдің Украинадағы соғысы Еуроодаққа қауіп-қатері басым бұл байланысты жылдам үзуге түрткі болып отыр.

Наурызда Еурокомиссия одақ биыл Ресей газы импортының үштен екісін, яғни, шамамен 100 млрд текше метрін қысқартатынын, ал 2030 жылға дейін толығымен бас тартатынын мәлімдеді.

БҰЛ МҮМКІН БЕ?

Еурокомиссия қосымша 50 млрд текше метр сұйылтылған газ бен құбырмен жеткізілетін 10 млрд текше метр газды Ресейден басқа елдерден алып, биыл жаңадан ашылатын күн және жел энергиясы жобаларының арқасында сұранысты 20 млрд текше метрге дейін, тиімділікті арттыру арқылы 14 млрд текше метрге дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Ослодағы Rystad Energy зерттеу фирмасының сарапшысы Карлос Диаз электр энергиясы атом және су электр станцияларынан алынып жатқандықтан, 2022 жылға белгіленген жоспарды іске асыру қиындық туғызатынын айтады.

"Бәлкім, олар осы межеге жақындай алатын шығар, бірақ энергетика саласында газдың орнын алмастыру мүмкіндіктері шектеулі" деді ол Азаттыққа.

Диаз Еуроодақ сұйылтылған газды биылға белгіленген 50 млрд текше метрден де көп импорттай алатынын, бірақ оны қолайлы бағада табу қиынға соғатынын айтады.

Оның сөзінше, биыл сұйылтылған газ ұсынысы 25 млрд текше метрге артады. Бұл Еуропа қажетін өтеу үшін Азиядан газ алуы керек болатынын көрсетеді. Азия да сұйылтылған табиғи газдың ең ірі нарығы саналады.

Кейінгі жылдары Еуропада сұйылтылған табиғи газ бағасы рекордты көрсеткішке жетті. Қазір Азиядағы баға да шарықтап тұр. Бұл Еуроодақты экспорттаушы елдерге, әсіресе АҚШ-қа тартымды етіп отыр.

Сұйылтылған газ нарығы онжылдық ортасына дейін шектеулі болып қалады. Бұл уақытта АҚШ пен Қатар ұсынысын арттырады дейді Диаз. Бұл 2023 жылы Еуропаның сұйылтылған газ импортын арттыру үшін күресе алатынын білдіреді.

ЖОСПАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ

Кейінгі онжылдықта Еуропа қазбалы отын сұранысын азайту үшін баламалы энергия көздеріне көп қаржы бөліп жатқанымен, онда газдың ішкі өндірісі күрт азайған.

Германия секілді Еуроодақ елдері Ресейден осының орнын толтыруды сұраған.

Қазір дағдарыс жағдайында Еуропа елдері өндіріс жоспарын қайта қарап жатыр.

Еуроодаққа мүше емес Норвегия биыл газ өндірісін арттыруды жоспарлап, одақтың ресейлік емес энергияға деген сұранысын қанағаттандырмақ. Еуроодаққа газ жеткізу жөнінен Ресейден кейін екінші орында тұрған Скандинавия елі биыл жыл біткенше Польшаға Дания арқылы баратын газ құбырының құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.

"Сахалин энерджи" компаниясының табиғи газды сұйылтатын зауыты. Сахалин аралы, Ресей.
"Сахалин энерджи" компаниясының табиғи газды сұйылтатын зауыты. Сахалин аралы, Ресей.

Қаңтарда Нидерланд Гронингендегі кен орнынан газ алуды екі есе арттыратынын мәлімдеді. Еуропадағы бұрынғы ең ірі кен орнынан бір жылда алынатын газ көлемі 3,9 млрд текше метрден 7,6 млрд текше метрге жетеді деген болжам бар.

Кейінгі жылдары бұл кен орнынан газ алу күрт азайып, үкімет оны 2023 жылы жаппақшы болған. Бірақ Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін жергілікті халық кен орнынан газ алуды 12 млрд текше метрге жеткізуді сұрап отыр. Бұл ең қауіпсіз меже саналады.

Энергетика жөніндегі сарапшы, Po Paris зерттеу университетінің профессоры Тиерри Брос Азаттыққа Еуропада табиғи газ қымбаттай бастаса, Нидерланд үкіметі жеке саясатын қайта қарап, өндірісті жоспардағыдан да арттыруы мүмкін дейді.

ГАЗ КӨЗІН ІЗДЕУ

Румынияның Қара теңіздегі кеніштен бір жылда өндірілетін газ көлемін 10 млрд текше метрге арттыруға шамасы жетеді. Бірақ оффшордағы салық жайлы даудан кейін жоба кейінге ысырылған. Бұл ел Еуроодақтағы табиғи газ өндірісі бойынша Нидерландыдан кейін екінші орында тұр.

Енді Румыния дағдарыс кесірінен "бұл жағдайды жылдамдатуға тырысуы мүмкін" дейді Диаз.

Еуроодақ биыл Солтүстік Африкадан көбірек газ сатып ала алады. Оның ішінде Еуропаға газ жеткізу бойынша Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орында тұрған Алжир бар. Осы айдың басында Италия Алжирмен күзден бастап газ импортын көбейтуге келісті. Құжатта 2023-24 жылдары қосымша 9 млрд текше метр газ алу қарастырылған.

Биыл Әзербайжан да Еуроодаққа экспорттайтын газ көлемін 2 млрд текше метрге жеткізе алады. Ал газ құбырын кеңейтсе, онжылдық аяғына қарай экспортты бұдан да арттыра алады.

Әзербайжан бірнеше жылда Еуропаға газ жеткізетін құбырының қуатын екі есе арттырса, 20 млрд текше метр газ жеткізуге қауқарлы болады.

МӘСКЕУДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Ресей энергия жеткізу мәселесіне келгенде өз тарапынан да шешім қабылдап жатыр.

Еуроодақ Украинаға басқыншылық жасаған Ресей экономикасына санкция салған соң Путин "достық пейілі жоқ" Еуропа елдері Ресейден сатып алатын табиғи газға ақшаны рубльмен төлеуі керек деді. Нақтырақ айтсақ, "Газпромбанк" шотына еркін айырбасталатын шетел валютасын аударып, оны рубльге айналдыруын талап етті.

Ресейлік "Газпром" компаниясының газ тасымалдайтын құбыры. Ямал түбегі, Ресей, 21 мамыр 2019 жыл.
Ресейлік "Газпром" компаниясының газ тасымалдайтын құбыры. Ямал түбегі, Ресей, 21 мамыр 2019 жыл.

Ресей газын рубль төлеп сатып алу санкция талаптарына қайшы келеді. Еуроодақтың Польша мен Болгария секілді кей елдері талапты орындаудан бас тартты. Бұл екі ел 12 млрд текше метр Ресей газын тұтынады және жылдың аяғында келісімшартты бұзуды жоспарлап отыр.

Польша жаңа газ құбырының құрылысы аяқталған соң Дания арқылы Норвегиядан газ алмақ. Ал Болгария биыл Грекиядағы газ құбыры салынған соң Әзербайжаннан газ алатынын хабарлады.

РЕСЕЙ ДИЛЕММАСЫ

Еуроодақ 2022 жылға белгілеген және одан кейінгі жылдарға жоспарлаған мақсатына жетсе, Ресейдің экономикалық жағдайы қиындайды.

Ресей Батыс Сібірдегі кен орнынан Еуроодаққа газ құбыры арқылы 140 млрд текше метр табиғи газ жеткізген. Ресейде экспорттың басқа маршруты жоқ. Мәскеу Батыс Сібір кен орнын Қытайға экспорттауға мүмкіндік беретін газ құбырымен жалғайтын жоспары барын айтты, бірақ сала сарапшылары бұған біршама жыл керек дейді.

Еуропа елдері Ресей газынан бас тартса Мәскеу жыл сайын түсетін ондаған миллиард доллар табыстан қағылады.

ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚҰТЫЛУДЫҢ ӨТЕМІ ҚАНДАЙ?

Қандай жағдай болмасын, газға байланысты талас-тартыстың құқықтық салдары да болады. Ресей Еуропаның жиырмадан астам елімен ұзақ мерзімге келісімшарт жасасқан. Құжат мерзімі әртүрлі уақытта аяқталады. Олардың ішіндегі ең ұзағы – Австриямен 2040 жылға дейінгі мерзімге жасалған келісімшарт.

Ресей Еуропаға газ жеткізу үшін кен орындары мен газ құбырларын салуға миллиардтаған қаржы инвестициялауға мәжбүр болған. Сондықтан Еуропа Мәскеуден газ сатып алатынына кепілдік берген. Бұл келісім шарты бойынша, Еуропа компаниялары жыл сайын газ қабылдамаған жағдайдың өзінде ең төменгі соманы төлеп тұруға міндеттеме алған.

"Еуроодақ Ресей газын импорттаудан бас тартуға тырысып жатқандықтан, мұның өте үлкен құқықтық салдары болады. Сондықтан оған келісімді бұзу мәселесін жан-жақты сараптау керек" дейді Диаз.

Сол секілді, егер Кремль газ беруді тоқтатса, Еуропа елдері Ресейді сотқа бере алады дейді Брос.

"Кез келген елге мұның өтемі ауыр болады" деді ол келісімшартты бұзу миллиардтаған доллар шығын келтіруі мүмкін екенін меңзеп.

Тәуелділіктен құтылу мәселесіне келсек, Брос Еуроодақ тиімділікті арттырып, балама энергия көздеріне инвестицияны көбейту және қайта газдандыру зауыттарын салу үшін Еуроодақ жыл аяғында күшіне енетін тыйымды жариялауы керек дейді.

Брос бұл Еуропа өндірісіне кесірін тигізетінін, бірақ Украинадағы соғысты тоқтатудың өтемі осындай болатынын айтады.

"Қанша қиын болса да, соғыс деген осы. Соғыста жай қыдыру немесе сатып алу арқылы күреспейді, – дейді Брос. – Тиімділікті арттыру, сұранысты азайту сынды қадамды өзіміз жасауымыз керек".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG