Accessibility links

Кремльдің бұрынғы кеңесшісі Глеб Павловский: Путин тығырыққа тірелді


Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы кеңесшісі Глеб Павловский.
Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы кеңесшісі Глеб Павловский.

Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі болған, кейін оны сынаушылар қатарына қосылған саяси технолог Глеб Павловский Азаттықтың Грузин қызметіне сұхбат берді. Ол Ресейдің Украинадағы соғыста тығырыққа тірелгенін, Путин мен Ресейге Украинаға басқыншылықтың өтемі ауыр болатынын айтады.

Ресей президентінің бұрынғы кеңесшісі және Кремльдің бұрынғы саяси технологы Глеб Павловский Владимир Путиннің Украинаға басқыншылық жасауы үлкен қателік болғанын айтады. Сондай-ақ ол Украинадан басқа жерлерге тарауы мүмкін шиеленіс өртін тұтандырған болуы мүмкін дейді.

Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында Павловский Путиннің Украинаға басқыншылық жасау шешімінің "саяси мәні болмағанын" айтты.

"Мұның бәрі Путиннің жеке шешімі. Путин болмаса, бұған ешкім бармас еді. Тіпті, сондай құқығы болған күннің өзінде Рамзан Қадыров та [өйтпес еді], – деді Павлов Шешенстанның авторитар басшысын айтып. – Мен де, басқалар да оның Украинаға деген маниясын түсінбедік. Біз Ресей үкіметінің құлдырау деңгейін жете бағаламадық".

Совет кезінде диссидент болған Глеб Павловский одақ ыдырағанға дейін айдауда болды. Коммунизм құлаған соң "саяси технологқа" айналып, 1996-2011жылдары Кремль кеңесшісі қызметін атқарды. Кейін президент Путинді сынаушылардың қатарына қосылды.

Басқа да сарапшылар секілді, Глеб Павловский да Путин Украинадағы әскери іс-қимылды 9 мамырға қарай тоқтатуға үміттеніп отыр деп есептейді.
Басқа да сарапшылар секілді, Глеб Павловский да Путин Украинадағы әскери іс-қимылды 9 мамырға қарай тоқтатуға үміттеніп отыр деп есептейді.

Ол Ресей әскери күштерінің дағдарып қалғанын немесе кері шегінгенін, негізінен Қара теңіз бойындағы оңтүстік аймақтарда ғана кішігірім жетістікке жеткенін немесе басымдыққа ие екенін айтады. Ресей басқыншылығынан кейін Украинадан 4 миллионнан астам адам шетелге кетуге мәжбүр болған.

Human Rights Watch пен басқа да ұйымдар Ресей әскері басқыншылық кезінде оккупациялаған Чернигов, Харьков және Киев облыстарында әскери қылмыс немесе айуандық жасады деп айыптады.

"Негізі Украина қауіпсіздік мәселесін талқылау барысында Батысқа қысым көрсету тетігі болуы керек еді" деді Павловский Путиннің 2021 жылғы желтоқсанда айтқан талаптарын меңзеп.

"Бұл – стратегиялық ойын. Бірақ оның Ресейдің қауіпсіздігі жайлы келіссөздерден бас тартып, оның орнына "арнаулы әскери операция" деп атаған қырғынды таңдап отырғанына таңым бар" деді Павловский.

Өткен аптада Ресей әскері Киевтің солтүстігіндегі аудандардан шегініп, Украинаның оңтүстік-шығысындағы ресейшіл сепаратистерінің қолындағы аудандарға бет алатынын мәлімдеген. Павловский осы жағдайдан кейін Путиннің жеңіске жетуі қиынға соғады дейді.

"Атысты дереу тоқтату жайлы келісімге қол қою Ресей қабылдауы мүмкін ең дұрыс шешім болар еді. Ол Украинадан басқа жерлерде бейтарап статус ала алады, бірақ бұл ештеңе шешпейді. Үгіт-насихат ұранына айналған "қарусыздандыруға" келсек, Украинаның әскери инфрақұрылымына үлкен залал келгендіктен, қарусыздандыруға қол жетті деп айтуға келмейді. Ресей басып алған аудандарды, әсіресе Азов теңізімен шектесетін жерлерді уысынан шығармауға тырысады. Бірақ бұл украиндардың келіссөз жүргізуге және әскери іс-қимылдарды тоқтатуға дайын болуына байланысты" деді Павловский. Ол Украинаның оңтүстік-шығысындағы теңізді айтып отыр.

Басқа да сарапшылар секілді, Глеб Павловский да Путин Украинадағы әскери іс-қимылды 9 мамырға қарай тоқтатуға үміттеніп отыр деп есептейді. Сол күні Ресей, жылдағы дәстүр бойынша, екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияны жеңгенін Мәскеудің Қызыл алаңында сарбаздар, танк пен басқа да әскери техниканың қатысуымен парад ұйымдастырып атап өтеді.

"Егер 9 мамырға дейін атыс тоқтап, Ресей мұны да тойласа, бұл жақсы нәтиже болады. Олай болмаса, бейбітшілік болмайды, келіссөздер ұзаққа созылады және Ресей жаңа санкциялар секілді проблемаларға тап болады" деп болжайды Павловский. Ол санкциялар Ресейге ұзақ мерзімді қауіп төндіретінін айтады.

Оқиға ұзаққа созылған сайын Мәскеу Украинадағы соғысты күшейтіп, шиеленіс Украина шекарасынан да шығып кетуі мүмкін деп топшылайды Павловский.

"Ресей бейбітшілікті таңдамай, соғысты жалғастырса, ол Украинада шиеленісті ешкім болжамаған деңгейге жеткізетін әрекетке баруы мүмкін. Келесі кезеңде [соғыс] Украина шекарасынан да шығып кетуі ықтимал. Бұл Ресейдің Батыс пен НАТО елдерімен соғысына айналады. Мұның қалай болатынын айту қиын, бірақ мұны мүмкін емес және ақылға қонымсыз деп ойламаймын" деді Павловский.

Егер Ресейдің Украинадағы агрессиясы ұзаққа созылса, адам мен қару-жарақ шығыны көп болса, жаһандық санкциялар да күшейе береді дейді ол. Ондай жағдайда орыстардың Путинге қарсы шығуы неғайбыл, керісінше, олар бір тудың астына ұйысуы мүмкін.

"Қазір адамдар санкция салдарын түсініп жатыр деп ойламаймын. Олар мұны жазда сезіне бастайды. Олар санкциялар Ресей экономикасы мен Ресейдің өзін құртуға бағытталғанын түсінген кезде оған қарсы тұру үшін бірігеді. Бұған Путинді немесе өздерін кінәлайды деп ойлайсыздар ма? 1941 жылы неміс танктерін көрген кезде Сталин мен Молотовты айыптаған біреу-міреу болды ма?" дейді Павловский.

1939 жылы совет диктаторы Иосиф Сталин мен СССР сыртқы істер министрі Вячеслав Молотов екеуі Совет одағының нацистік Германиямен бір-біріне шабуыл жасамау жайлы келісіміне қол қойған. Кейін Гитлер ол келісімнің күшін жойып, Совет одағына қарсы соғыс ашқаны мәлім.

Павловский Ресей элитасы мен олигархтары Путинге қарсы шығуы мүмкін дегенге күмәнмен қарайды.

"Ресейді олигархтар басқаратынын болжайтын әлдеқандай теория бар. Олигархтар Ресейді ешқашан билемеген. Тіпті, әлсіз [Борис] Ельциннің тұсында да [ондай болмаған]" деп түсіндірді Павловский. Ол Ресейдің алғашқы пост-коммунистік президентін айтып отыр.

Павловский танымал постсоветтік реформатор Анатолий Чубайстың Путиннің тұрақты даму жөніндегі өкілі қызметінен кеткеніне де тоқталды.

"Путинге жақын адамдар одан алыстай бастайды деген жаңсақ және ақылға қонбайтын пікір бар. Бұлай болмайды. Чубайс ол ортаның мүшесі болған жоқ. Көп жыл бойы маңызы болмаған соң, оны ешкім сағына қоймас. Ол өтіп кеткен дәуірдің саяси жұрнағы ғана. Кремль үшін құны болса, оның "қашуына" жол бермес еді" деді Павловский. Расталмаған деректер бойынша, Чубайс Ресейден кетіп, қазір Түркияда тұрып жатыр.

"Сол кезде аналитик ретінде ақылға салмай, ой-санамды Кремль мен Путинге құрбандыққа шалғаныма өкінемін" дейді Павловский Путинге кеңесші болған кезең жайлы сөзінде.
"Сол кезде аналитик ретінде ақылға салмай, ой-санамды Кремль мен Путинге құрбандыққа шалғаныма өкінемін" дейді Павловский Путинге кеңесші болған кезең жайлы сөзінде.

Бұл Путин билігінің өзіне жақын адамдардан төнген қауіпке шамасы келмеді дегенді білдірмейді дейді Павловский.

"Олар идеалистер емес. Билікке қатысты олардың өз жоспары бар. Олар билік транзитін әлі де күтіп жүр. Әсіресе, елдің күнделікті өмірін Путин емес, солар шешетінін ескерсек, бұл жағдай айналасын билігіне көз тіккен адамдар қоршаған Путинді алаңдатады, – дейді Павловский. – Біреу Путин отырып алып, елдің экономикасын немесе қоғамдық өмірін басқарып отыр деп ойласа, бұл өте күлкілі болар еді. Путин шын мәнінде еңбекқор адам емес".

Путинге жұмыс істеген кезін есіне алған ол қазір сонысына өкінетінін айтты.

"Сол кезде аналитик ретінде ақылға салмай, ой-санамды Кремль мен Путинге құрбандыққа шалғаныма өкінемін" дейді Павловский.

"Кейбір мәселелерге кеңінен қарап, біз құрған жүйенің ерекшеліктерін мойындауым керек болғанын енді түсініп отырмын. Путин сол жүйенің шекпенінен шыққан. Путин орнынан кетуі мүмкін, ал жүйе қалады".

Азаттықтың Грузин қызметінің материалдары бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG