Accessibility links

"Өзгенікіне тиіспейміз, бізге тиесіліні қайтарып аламыз". Ресейдегі балабақша мен мектептегі үгіт-насихат


"Юность" – Калининградтағы балалар мен жастардың спорт сарайы.
"Юность" – Калининградтағы балалар мен жастардың спорт сарайы.

Ресей мектептері мен балабақшаларында "Украинадағы арнаулы операцияны" қолдауға үгіт жүріп жатқаны байқалады. Олар оқушыларды майданға хат жазып, басқа да насихат шараларына қатысуға мәжбүрлеген. Ата-аналар мен мұғалімдердің көбі мұны қалыпты жағдай көрсе, кейбірі қарсы шығып жатыр.

Наурыздың аяғында Ресейдегі мектептер мен балабақшалар Украинадағы "арнаулы операцияны" қолдап іс-шаралар өткізгенін әлеуметтік желіде жариялай бастады. Жаппай өткізілген шаралар билік тапсырмасына ұқсайды. Желіде жарияланған фотоларда балалардың Z әрпін жасап сапта тұрғанын, балабақша терезесіне екінші дүниежүзілік соғыстағыға ұқсайтын Георгий лентасы бар плакат ілінгенін көруге болады. Мектеп оқушылары жазған хаттардың көбі бір-біріне ұқсайды: Георгий лентасы мен қалампыр гүлі немесе Ресей туының суреті салынған хаттар үшбұрыштап бүктеліп, бәрінде латын әліпбиіндегі "Z" әрпі бірнеше рет жазылған.

Балабақша мен мектеп әкімшілігі соғысты қолдап, жаппай агитация жасап жатқаны әлеуметтік желілерден де байқалады. Олар желіде мекеме қызметкерлері өткізген іс-шара жайлы есеп беріп жатыр. Көбіне жазбаларға Z таңбасынан басталатын #ZащитникамОтечества, #ZначитПобеда #Zасвоих секілді хештегтер қойылған. Тағы бір хештег –сандармен бірге жазылған #ЕР. Мұны әдетте Ресейдегі билікшіл "Единая Россия" партиясының мүшелері пайдаланады. Ал сан аймақ нөмірін білдіреді. Мысалы, Санкт-Петербургте "Пороховье" муниципал округы №191 мектеп қызметкерлеріне дәріс өткізіп, "президенттің әрекетін қолдау", санкциялар мен фейк ақпарат үшін қылмыстық жауапқа тарту жайлы айтқан. Дәрісті жергілікті билікке "Единая Россия" партиясынан сайланған депутат және мектеп директоры Светлана Бабак бастаған. Бір-біріне ұқсайтын хештегтер әлеуметтік желідегі жазбалар қандай да бір тапсырмамен жазылғандай әсер қалдырады. 2020 жылы Дума сайлауы кезінде де осыған ұқсас амал қолданылып, бақылаушылар сайлау учаскелерінде "бәрі жақсы" екенін айтып отырған.

Ресей мектептері балаларға саяси ақпарат сабағын өткізгенін айтып есеп берсе, университеттер Ресей президенті Владимир Путин мен "арнаулы операцияны" қолдап, студенттерді аудиторияларда жинап жатыр.

"БІЗДЕ ЕШКІМ ХАТ ЖАЗБАДЫ"

Калининградта Z әрпін ғимарат қапталына алғашқылардың бірі болып "Юность" балалар мен жасөспірімдер спорт сарайы басшылығы ілген. Қала орталығындағы ғимарат Калининградтағы негізгі көрнекі орын саналатын Кант аралына қарама-қарсы тұрған екі қабатты көпірден де көрінеді.

Калининградтағы №3 мектеп музыка сабағында бесінші сынып оқушыларына жаңа географиялық шекара көрсетілген патриоттық әндер жаттатқан. Оқушылар "Донецкіден Кремльге, Луганскіден Кремльге, Аляскадан Кремльге дейінгі жер – менің Отаным" деп ән шырқаған.

Калининградта мектеп оқушыларына жаттауға берген ән мәтіні.
Калининградта мектеп оқушыларына жаттауға берген ән мәтіні.

Наталья осы әннің сөзі жазылған қағазды баласының сөмкесінен тауып алыпты.

– Кездейсоқ көріп қалдым. Баланы әннің еш жері алаңдатып тұрған жоқ. Шынымды айтсам, ол Ресейдің Мәскеу мен Калининградтан басқа бірнеше қаласын әрең атайды. Ал мына ән поэтика тұрғысынан да сапалы көрінбеді. Жүрдім-бардым жаза салған сияқты әсер қалдырады, – дейді Наталья. – "АҚШ біледі, НАТО біледі – бізге бөтен жердің қажеті жоқ. Өзгенікіне тиіспейміз, бізге тиесіліні қайтарып аламыз". Соңғы шумақта осындай сөздер бар.

Наталья бұл ән Ресей әскері Украинаға басып кірген соң жазылған болар деп топшылайды.

– Балалардың әнді жаттап жүргеніне бір апта болды. Жеңіс күні қарсаңында айтатын шығар, – дейді оқушының анасы.

Калининградтағы кей мектептер балаларға Украинадағы Ресей әскерін қолдап хат жазуды тапсырған. Бірақ мекеме басшылығы мен мұғалімдердің өзі бұған көзқарасы әртүрлі. Бір мектеп оқушыларына әдебиет сабағында "Украина жерінде арнаулы операция өткізіп жатқан әскери қызметкерлерге алғыс айтып, қолдау білдіруді" тапсырған. Оқушылардың кейбірі бұған немқұрайлы қараса, өз пікірін ашық білдіргендер де болған. Солардың арасында 9-сынып оқушысы Виктория да бар.

– Не жазуым керек еді? "Адам өлтіруге кеткендеріңізге қуаныштымын, бауырлас елге оқ атып жатқандарыңыз дұрыс болды" деп жазамын ба? – дейді Виктория. – Сыныптастарымның не жазғанын сұрадым. Педагог ұрыспасын деп, олардың сұрағанын жазған. Интернеттен соған ұқсас шығарма тауып, көшіріп берген. Ойланбаған, тырыспаған. Біреуі "қаһарман" деген сөздің синонимін тауып, мадақ одасын жазып берген.

"Педагог шығармаға аты-жөнімізді қарындашпен жазуымызды сұрап, кейін өшіретінін айтты" дейді Вика. Оның басқа мектепте оқитын құрбысына да ұстазы сондай тапсырма берген.

– Бірақ бізге мұғалім қалауымыз білетінін айтты. Қаласаңдар жазыңдар деді. Ешкім [хат] жазған жоқ. Өткен тоқсанда Қырымның Ресейге қосылу мерейтойында соның тарихын айтып берді. Мұғалім саясатқа араласу үшін әлі кішкентай екенімізді, бұған мән бермеуге болатынын айтты. Ал екі аптадан соң бізді есейіп кетті деп ойласа керек, жауынгерлерді қолдап хат жазуымызды сұрады, – дейді оқушы. Оның сөзінше, мұғалімінің Украинаға бүйрегі бұрған. – Балалар бөтен елді қолдаған мұғалімдерді ұстап беріп жатқанын білемін. Олай істеген жоқпыз. Біз немесе мұғалім жақсы болған соң емес. Оны жақсы көргендіктен. Балалар өзіне ұнамайтын мұғалімді ұстап бергенге ұқсайды. Олар мұғалімді жақсы көрмеген соң одан құтылғысы келген болар.

Калининград мектебіндегі сабақ.
Калининград мектебіндегі сабақ.

Ресей сарбаздарын қолдап хат жазғызудан Балтийск қаласындағы мектеп мұғалімі де бас тартқан. Ол аты-жөнін толық атамауды сұрады.

– "Арнаулы операцияны" қолдаймын, елімнің жағындамын. Бірақ балаларға мұндай шығарма жазғызбаймын. Бұлай істесем екіжүзділік болар еді, ондайды ұнатпаймын. Мұндай тақырыптарды талқылауға балалардың шамасы жетпейді. Ересектердің өзінің қолынан келе бермеуі мүмкін. Ұлы Отан соғысы кезінде балалардың майданға хат жібергені бөлек әңгіме. Онда соғыс әр үйге әсер етті. Ол замандағы балалар расымен жеңісті аңсады, үйлерінің қирағаны, туыстарының өлгені үшін кек алуды сұрады. Ал қазір жағдай басқа.

"АГИТАЦИЯНЫ ТОҚТАТУДЫ СҰРАЙМЫН"

Санкт-Петербургтегі ата-аналар Выборг ауданындағы балабақша қабырғасына Георгий лентасы мен Z әрпі ілінгенін байқаған. Бірақ бұдан бұрын балалар үйіне барған соң ата-аналарынан соғыс жайлы сұрай бастаған. Александр Соломкоға алты жастағы ұлының қойған сұрағы төбесінен жай түскендей әсер етіпті.

– Өткен аптада Қырымның қосылғанын тойлады. Сол кезде "Ресейдің басқа жерлеріндегі оқу орындарындағыдай Z әрпін жазу басталатын шығар" деп ойладық. Ұлым әйелім екеуміздің әскери билетіміз барын біледі. Оны далада жүрген жерінен балабақшадан алып кеттік. Үйге келген соң "Сендерді соғысқа алып кетуі мүмкін бе? Сендерді ол жақта өлтіре ме?" деп сұрады. Көзімізге жас үйірілді. Ертеңіне балабақшаға келсек, есік-терезенің бәріне Z-насихат белгілерін іліп қойыпты. "Патриоттық шара". Бірақ ата-аналар ештеңе байқамағандай үнсіз қалды. Көбі саясат жайлы айтпау керек дейді, бірақ онсыз бола ма? Ол өміріміздің әр саласына дендеп енді. Балабақша меңгерушісіне баруды ұйғардық. Ол түсінігі бар әйел екен, балаларға үгіт-насихат жасағанды өзі де қолдамайтынын айтты. Жақсы сөйлестік, ұрсыспадық, жергілікті депутаттың көмегімен жазған өтінішімізді бердік. Бірнеше күн ішінде пропаганда белгілерін алып тастауға сөз берді. Ертеңіне балабақшаға барған жоқпыз, ал кеше таңертең барсақ, бәрін алып тастапты.

"Өзім болжағандай, балабақша меңгерушісі түсінігі бар адам болып шықты. Оған жазған өтінішімізді қолдады. Бүгін балабақшада бірде-бір Z әрпі жоқ" деп жазды Александр Соломко "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі "15 муниципал округ" тобында.

Ол айтып отырған өтінішті депутат Валерий Боварь жасаған. "Кейінгі апталарда әлеуметтік желіде балабақшада бүлдіршіндерді Z әрпімен сапқа тұрғызу, тізерлеп отырғызып қою, Ресей әскерін қолдайтынын білдіруге мәжбүрлеу аңғарылатын жағымсыз фото көп тарады" деп жазады депутат. Ол мұндай педагогикалық тәжірибеге қарсы шығып, балабақша, мектеп әкімшілігіне, егер одан қайран болмаса, онда прокуратураға өтініш жазу керек дейді. Ұлының балабақшасына өтінішті Александр Соломконың әйелі апарып берген.

"Балам Ресей федерациясы қарулы күштерінің тәуелсіз Украина жеріндегі әрекеттерін қолдауға бағытталған іс-шараларға қатыспайтынын мәлімдеймін. Ресейдегі білім беру гуманистік сипат алып, адам өмірі мен денсаулығына, құқықтары мен еркіндігіне, даму еркіндігіне, тәрбие беруге негізделген, – деп жазылған өтініште. – Оқушылардың ар-намыс, ақпарат еркіндігіне және көзқарасы мен ұстанымын ашық білдіруге құқығы бар".

Ата-аналар педагогика қызметкерлерін "білім беруді және оқушыларды саяси агитация, саяси немесе басқа да мақсаттарда қолдануға тыйым салынатынына" назар аударады. Егер әкімшілік бұл уәжге құлақ аспаса, "баланы іс-шараға қатысуға мәжбүрлеп, оған немесе ата-анасына қоқан-лоқы жасаса", анасы прокуратураға шағымданатынын айтады.

Соломконың 8-сыныпта оқитын үлкен қызы кадет сыныбына барады. Александрдың сөзінше, оның мектебінде пропаганда тіпті өршіп тұр.

"Бірақ қызым ересек қой, бәрін түсінеді, ұстанымы менікіндей. Ол да әр есікке жазылған Z таңбасын, "Біздің адамдарды далада қалдырмаймыз" деген ұрандарды орынсыз көреді. Әрине, мұның бәрі бүкіл мектепте ілулі тұр. Сынып жетекшісімен сөйлестім, бірақ ол ештеңе істей алмайтынын айтты: "Біз мемлекеттік мекемеміз. Не айтса, соны істейміз" деді. Бірақ олай емес деп ойлаймын. Мұның білім беруге еш қатысы жоқ қой. Ал ол "Бізге тапсырма берді, оған қарсы шыға алмаймыз" дейді. Әкімшіліктен нұсқау алыпты. Олардың дегеніне көнетіндей ешқандай заң жоқ болса да, адамдар қорқады. Неден қорқатынын түсінбеймін. Аз ғана еңбекақысын қимай ма? Білім беру саласында бәсеке де аз. Балабақшада агитацияны тоқтатуға біздің бір өтінішіміз жеткілікті болды. Бірақ балабақша меңгерушісі жақсы болды. Мектепте тек сынып жетекшісімен сөйлестік. 1 қыркүйекте ұлым сол мектепке барады. Бұлай жалғаса берсе, әрине, директорға барамыз.

Александр Соломконың балабақшадағы пропагандамен күресіне Выборг ауданындағы № 15 муниципал округ депутаты Сергей Самусев көмектескен.

Сергей Самусев.
Сергей Самусев.

– Ұлым №103 мектепке барады. Онда әзірге мұндай ештеңе жоқ. Менің қатты наразы болатынымды білетін шығар. Бірақ Z әрпін жан-жаққа жазуға тапсырма жоғарыдан түсіп жатыр. Бәрі тырысып, жарыса істеп жатыр. Бәрі көзге көрініп қалайын деп әлек.

Сергей Самусевтің көмекшісі Александр Максимовтың үш баласы бар. 1-сыныпта оқитын ұлында бәрі жақсы, ал жуырда төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сыныпта оқитын 14 жастағы қызында проблема басталған.

– Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сыныптардың бәрін залға жинап, қолына Георгий лентасы мен Z әрпін, "Біздің адамдарды далада қалдырмаймыз" деп жазылған қағаз ұстатып, Ресей әнұранын айтуға мәжбүрлеген, – дейді Александр. – Бұл шара Украинада шайқасып жатқан Ресей әскерін қолдау мақсатында өтіп жатқанын айтқан. Мен әскери әрекеттерге түбегейлі қарсымын, қызым да сол ұстанымымды қабылдаса керек. Ол Украинадағы достарымен интернет арқылы үнемі байланысып отырады. Олардың кейбірі қазір Польшаға, Швецияға кетуге мәжбүр болған. Сондықтан ол әскери әрекеттерді қолдамайды, шараға қатысудан да бас тартқан. Ал қазір сыныбының чатына әскерді қолдауға арналған тапсырмалар келіп жатыр. Оның скриншотын та жасап алдым.

Мектеп оқушыларына берілген тапсырманың скриншоты.
Мектеп оқушыларына берілген тапсырманың скриншоты.

– Бұған қатысудан жай ғана бас тартуға болмай ма?

– Жоқ, олар бірден кадеттер берген антты көрсете бастайды. ТЖМ мен әскер әртүрлі құрылым екенін, біреуі құтқарушылар, екіншісі әскерилер екенін түсінемін. Бірақ олар бәрін өзінше түсіндіреді. Жағдайды чаттағы 35 адаммен талқыладым, мені біреуі ғана қолдады. Оның өзі жанама түрде. Қалғандары маған бас салып, [билікті] қолдайтынын айтты. "Сол жаққа балаларыңды жіберер ме едіңдер?" деген сұрағымды жауапсыз қалдырды. Мұның аяғы неге апаратынын түсінетіндер өте аз және мен бұған ықпал ете алмаймын. Қолымнан тек жария ету ғана келеді. БАҚ осы жайлы айтса, мектептер бұдан құтылуға тырысатын шығар деп ойлаймын. Бірақ қызым мұндай шараларға қатыспайды. Әзірше сыныбында оған қысым көрсетіп жатқан жоқ. Бірақ сондай жағдай болғанын айтса, бірден қолға алып, құқық қорғау органдарына барамын. Кішкентайым баратын балабақшада плакаттардың біразын алып тастады, бірақ "Zа мир", "Өз адамдарымызды тастамаймыз" және басқа да жазулар әлі тұр, – дейді Александр Максимов. – Балалар "Бұл не?" деп сұрай бастай ма деп қорқамын. Мектепте Z әрпін түсіндіруге болатын болса, кішкентай балаларда сұрақ көп. Бізде З әрпі үш деген санға ұқсайды ғой. Балабақшаға кірген бетте "Zа мир" деген жазуды көреді, ол дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан дүйсенбіде балабақша басшылығынан "Zа мир" және "Zа своих" секілді жазуларды алып тастауын сұраймын.

Север.Реалии тілшісі Выборг ауданы әкімшілігіне сауал жолдап, білім беру мекемелері балаларға неліктен саяси пропаганда жүргізіп жатқанын сұрады. Бірақ әкімшіліктен жауап болмады.

Өткен аптадан бастап Санкт-Петербург мектептері мен колледжерінде Украинадағы соғысты ақтап алуды көздейтін класс сағаттары өтіп жатыр. Негізгі тақырып екеу: "Ресейге салынған экономикалық санкциялар және оның ел экономикасына ықпалы", "Қазіргі заман қаһарманы Алексей Панкратов". Мұғалімдерге класс сағатын өткізу әдістемесін де берген. Онда балалармен санкция жайлы сөйлескенде Ресей премьер-министрі Михаил Мишустиннің цитаталарын қолдануды ұсынған. Бірақ оның сөзіндегі терминдерді ашып айтпаған.

Әдістемеде (Север.Реалии редакциясында әдістеменің фотосы бар) педагог оқушыларға Панкратовтың өмірбаянын айтып беруі керек делінген. Соғыс басталғаны жайлы бөлімде "арнаулы операция" деген сөздің орнына басқа термин қолданылады. "2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кіруге қатысқан. Ол мотоатқыштар бригадасын дұшпан авиациясынан қорғайтын бөлімшені басқарған".

"БЕЙБІТШІЛІКТІ ҚАЛАСАҢ, СОҒЫСҚА ДАЙЫН БОЛ"

Псков қаласындағы қоғам белсендісі, фельдшер Иван Васильевті балалардың әскери тәрбиесі толғандырады. Ол аймақ губернаторы Михаил Ведерниковқа облыс мектептеріне жаңа міндетті пән енгізуді ұсынды. Васильев совет мектептерінде жоғары сынып оқушыларына өткізілген алғашқы әскери дайындық пәнін 5-10 сыныптарға енгізу керек деп есептейді.

"Қазір біз Ресей әскерінің маңызын, әскер, флот, авиация одағы жайлы сөздердің дұрыс екенін көріп отырмыз. НАТО-дағы мырзалар қандай екенін байқадық. Псков облысы НАТО-ға кіретін екі елмен шектеседі. Біздің өңір Ресейдің НАТО-мен шекарасында алдыңғы шепте тұр. Ресей азаматтарының Отанын қорғауға ғана емес, соған қажет қабілеттерді де игергені маңызды" деп жазды фельдшер.

Псков облысы білім басқармасы Васильевтің ұсынысын қарастыратын айтқан.

Ол өз ұсынысының оғаш ештеңесі жоқ деп біледі. Белсенді Север.Реалии тілшісіне алғашқы әскери дайындық пәнінің орнына өткізілетін өмір қауіпсіздігі негіздері деген пән өз міндетін орындап жатқан жоқ дейді.

– Қазір болып жатқан оқиғалар өзін қауіпсіз сезінетін адамдар аз екенін көрсетеді. Қауіпсіздік пен "бейбітшілік" жоқ: мемлекеттер мен оның мүдделері бар, өзін және өзіне маңызды құндылықтарды қорғай білуі керек азаматтар бар. Бәрі бір-біріне бауыр және дос саналатын жаһандық әлем жайлы "ертегі" аяқталды. Әр адамға жеке бас қауіпсіздігі маңызды. Ал оны сезіну үшін оны қамтамасыз ететін қабілеттер керек, ал мұны алғашқы әскери дайындық сабағы үйретеді, – дейді Васильев. – Бейбітшілікті қаласаң, соғысуға үнемі дайын бол. Жер бетіндегі әр адам әскери іс-қимыл ортасына тап болуы мүмкін. НАТО-ға мүше елдер Югославия, Ирак, Ливияға бомба тастағанда әлем халықаралық құқық нормаларынан алыстап кетті. Өзін қауіпсіз сезіну үшін қорғана білу керек. Алғашқы әскери дайындық соғыс емес, ұжымдық қауіпсіздікті көздейді.

Фельдшер 5-сынып балалары әскери терминдермен танысуға лайық деп есептейді.

– 5-сыныпта мұғалімдер балаларға есейгенін, өзіне және іс-әрекетіне жауапты болуы керегін алғаш рет айтады. Бұл Ресей азаматын қалыптастыру үшін таптырмас уақыт. Алғашқы әскери дайындық әскерге ұқсайды, ал әскер ер жету мен қару деген сөз. Мұның бәрі жауапкершілік. Алғашқы әскери дайындық пәні әскер жайлы тек фильмдерден, БАҚ мақалаларынан ғана білетін, бірақ оның не екенін түсіне бермейтін ұлдарға өте қажет. Әскерге шақырылған ұлдардың көбі әскердің не екенін білмей, әскери борышы мен ондағы қиындықтардан қауіптенеді. Бұл қорқыныш ұялатып, әскерге барудан "қашуға" итермелейді. Алғашқы әскери дайындық оларды әскери қызметпен таныстырады, оны түсіндіреді, әскерден қашпауды үйретеді. Алғашқы әскери дайындық – ең алдымен тұлғаны тәрбиелеу тәртібі, – дейді Васильев.

Мектеп оқушыларының әскери дайындығына "Юнармия" қозғалысы жауап береді. Бірақ онда оқушылар практикалық тапсырмаларды орындаудан гөрі билікті қолдау роликтеріне жиі түседі.

"Құрметті сарбаздар, осынау қиын-қыстау кезеңде сіздер тарихты жасап жатырсыздар. Украинаны нацизмнен азат етесіздер, еліміздің қауіпсіздігін қорғайсыздар, – дейді видеода Псков облысы Опочка қаласындағы 14-15 жастағы ұлдар. – Сондай-ақ Шешенстан сарбаздары мен ел басшысы Рамзан Ахматович Қадыровқа әскери міндетін орындап, көмек көрсеткені үшін, Украинадағы орыс әскерін қолдағаны үшін, ел басына күн туған осынау жауапты және ауыр сәтте жоғары қолбасшы Владимир Владимирович Путинді қолдағаны үшін алғыс білдіреміз".

Тағы бір видеода қағазға қарап тұрған балалар әскерилерге "жарты жолда тоқтамай, міндетті орындау үшін аяғына дейін жетуге" кеңес беріп, ең соңында бәрі бірге "Жұмыс істеңдер, бауырлар" дейді.

Тверь облысында билік мектептерде "Ресейге салынған санкциялар және оның ел экономикасына ықпалы" деген семинар өткізуді талап еткен деп жазды "Дәрігерлер альянсы". Мұғалімдерге әр іс-шара бойынша есеп беруге міндеті жүктелген. 19 сәуірде ғылым және жоғары білім министрлігі Санкт-Петербург жоғары оқу орындарында дәріс өткізіп, оларға Ұлы Отан соғысы кезінде нацистердің совет халқына геноцид жасағанын айтуды талап еткен. Студенттерге дәріс жайлы әлеуметтік желіде жазуды міндеттеген. Мектеп пен балабақшадағы жазбалардан кейін енді әлеуметтік желілерде студенттер мен университеттердің жазбалары қарша борайтынға ұқсайды.

Карелияда Суоярвский ауданындағы Кайпин негізгі мектебіне "Единая Россия" партиясы барып, оқушыларды #ZащитникамОтечества акциясына қатыстырған. Балалар жауынгерлерге хат жазған. "Сарбаздарды танымаса да, оқушылар отанын жаудан қорғап, өміріне қауіп төндіріп жатқан сарбаздарға алғыс білдірді" деп жазады "Суоярвский вестник" басылымы.

Север.Реалии материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG