Мәжіліске Қазақстан халық партиясы атынан сайланған Ғазиз Құлахметов 9 мамырда көшеге Иосиф Сталин мен Лаврентий Берияның суреттерін ұстап шыққандар туралы пікірін айтты. Депутат шеруге шыққандардың олай істеуге "моральдық құқығы бар" деп санайды. Депутаттың сөзінен ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді.
"Қазір көңілі толмайтын әскери зейнеткерлер өте көп, олардың салыстыратын адамдары бар болғандықтан [Сталин мен Берияның суреттерін ұстап шыққан] шығар. Бұл олардың таңдауы, оларды айыптай алмаймын" деді журналистерді сұрақтарына жауап берген Құлахметов мәжіліс кулуарында.
9 мамыр Жеңіс күні Алматыда "Батырларға тағзым" шеруі кезінде ақпарат құралдарының хабарлауынша, кейбір адамдар шараға совет диктаторы Иосиф Сталин мен оның сенімді өкілі Лаврентий Берияның суреттерін ұстап шыққан. Бұған қазақстандықтар наразы болған.
Тарихшылар өткен ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы жаппай қудалаулар мен қуғын-сүргінді осы екі саясаткердің есімімен байланыстырады.
9 мамыр күнгі "Батырларға тағзым" шеруіне бірнеше мың адам қатысқан. Акцияға қатысқандардың басым бөлігі "Георгий ленталарын" тағып шыққан.
Қазақстанның өзге қалаларында "ажалсыз полкке" ұқсас шерулер онлайн өтті.
Осыған дейін Қазақстан қорғаныс министрлігі 7 және 9 мамыр күні әскери парад өтпейтінін мәлімдеген. Министрлік оны "бюджет қаржысын үнемдеу" мақсатымен байланыстарған.
1 сәуір күнгі жағдай бойынша Қазақстанда 387 соғыс ардагері қалған. Бір жыл бұрын олардың саны 665 болған.
Қарай отырыңыз: Алматыда мерекелік шеруге мыңдаған адам қатысты (9 мамыр 2022 жыл).
ПІКІРЛЕР