Accessibility links

Сот "қоғамдық көлік жүйесін жақсартуға уәде беріп, орындамаған" Өскемен әкіміне айыппұл салды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Өскемен қаласының әкімі мен оның қарамағындағы тұрғын үй коммуналды шаруашылығына "қоғамдық көлік жүйесін тәртіпке келтірмегені үшін" айыппұл салды. Бұл жөнінде Kursiv.media сайты жазды. Медиативті келісімде шенеуніктер қала тұрғындарына бір ай ішінде қалалық автобустарда тәртіп орнатуға уәде берген. Бірақ уәдесін орындамаған.

Шенеуніктердің әкімшілік жазаға тартылуына қала тұрғыны Вера Томскаяның шағымы түрткі болған. Ол Аблакетка ықшам ауданына автобустар жиі жүрмейтінін айтып шағымданған. Ол әкімдікке шағым түсіргенмен нәтиже болмағанын айтқан.

Ақпаратқа қарағанда, әкімдік өкілдері тұрғынның сотқа шағым түсіргенін білгеннен кейін Вера Томскаяға істі сотқа жеткізбей, келісуді ұсынған. Медиатор арқылы келісім жасалып, 16 ақпанда күшіне енген. Құжатқа сәйкес, жауапкерлер бір ай ішінде тендер өткізіп, тұрғын талаптарына сәйкес, тасымалдаушыларды автобустар жиілігін көбейтіп, GPS-навигатор, валидатор орнатуға міндеттеуі тиіс болған. Тендерді ұтқан тасымалдаушы компания линияға 21 автобус шығаруы тиіс. Ал шағым беруші жақ соттан шағымын қайтаратынын айтқан.

Дегенмен екі ай өтсе де жағдай өзгермеген. Сол себепті Вера Томская Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қайта шағым түсіріп, шенеуніктерді медиативті келісім шарттарын орындауға міндеттеуді сұраған.

Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің өкілдері сотта өздеріне айыппұл салмауды, бұған дейін өткен тендердің "өтті деп танылмағанын", ал жаңа байқау тек бір жарым айдан соң жарияланғанын айтқан. Олар қазіргі тасымалдаушылармен қосымша келісім жобасын ұсынған, бірақ тараптар оған әзірге қол қоймаған.

Тараптарды тыңдаған соң судья Махаббат Мағзұмова әкімдіктің медиативті келісім шарттарын орындамағанын алға тартып, әкім Жақсылық Омар мен тұрғын үй шаруашылық бөліміне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (159 мың теңге немесе шамамен 360 доллар) айыппұл салды. Сот шешіміне сәйкес, әкім мен тұрғын үй шаруашылық бөлімі медиативті келісімде жазылған шарттарды орындауы тиіс.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұған дейін Өскемен әкімі Жақсылық Омар індет кезінде маска тақпағаны үшін екі рет айыппұл алған.

2021 жылы қыркүйекте елде пандемияға байланысты шектеулер күшінде болған кезде қоғамға танымал тұлғалар, шенеуніктер мен әншілердің той кештерінде жүргені жайлы суреттер әлеуметтік желіде тараған. Суреттерден Өскемен әкімі Жақсылық Омар да байқалған. Ақпарат құралдарының жазуынша, Нұр-Сұлтан түбіндегі демалыс орнында болған тойды президент әкімшілігі өкілі ұйымдастырған. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері сол кезде той иелері "ешқандай заң бұзбағанын", оларды әкімшілік жазаға тартуға негіз жоқ деп айтқан.

XS
SM
MD
LG