Accessibility links

Нұр-Сұлтанға талаппен келген жаңаөзендік мұнайшылар министрлік алдында қонып шықты


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында тұрған "Кезби" мекемесінің жұмысшылары. Нұр-Сұлтан, 12 мамыр 2022 жыл.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында тұрған "Кезби" мекемесінің жұмысшылары. Нұр-Сұлтан, 12 мамыр 2022 жыл.

Еңбек жағдайын жақсартуды және тең жалақы беруді талап еткен жаңаөзендік “Кезби” мекемесінің бір топ мұнайшысы 12 мамырға қараған түні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында түнеп шықты. “Өзенмұнайгаздың” мердігер компаниясы жұмысшыларының астанаға келгеніне 11 күн болған. Бір аптадан астам уақыт ішінде бірқатар шенеуніктермен кездескенін айтқан наразылар мәселелері әлі шешілмегенін, талаптары орындалмайынша астанадан кетпейтінін жеткізді.

- Түн суық болды. Жұқа киімдермен тоңдық. Ыстық шәй, тамақ әкеліп, бізді қолдап жатқан астаналықтарға рахмет. Астанаға келгенімізге 11 күн болды. Мәселелеріміз шешілмеді. Бізге министрдің көмекшілері, өзге қызметкерлер шығады. Олар қажет емес. Бізге министрдің өзі шықсын. Талаптарымыз орындалмайынша ешқайда кетпейміз, – деді "Кезби" мекемесінің машинисті Берік Жылкелдиев Азаттық тілшісіне.

Мамыр айының басында талаптарын айтып, Нұр-Сұлтанға келген 26 жұмысшының Энергетика министрлігіне, Бас прокуратура мен “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясына барғанын Азаттық жазған. Сол кезде мұнайшылар Энергетика министрлігінің "мәселені шешуге біраз уақыт беруін" сұрағанын айтқан. Наразылардың айтуынша, содан бері бірталай уақыт өтсе де, министрлік нақты жауап бермеген. Олар жағдай осылай жалғаса берсе, Жаңаөзенде сәуір айынан бері наразылық өткізіп жатқан "Кезбидің" өзге жұмысшылары астанаға келуі мүмкін дейді.

Бейсенбі күні министрлік маңында бірнеше полиция көлігі, бір автобус пен бір газель тұрғаны байқалды. Қарапайым киінген адамдар наразыларды алыстан бақылап жүрді.

Азаттық тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысына мұнайшылар талаптары туралы айтқан. Баспасөз хатшысы сәлден соң жауап беретінін айтқанмен әзірге жауап түспеді.

Ал бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Азаттық тілшісіне телефон арқылы "мұнайшылар талаптарын қарастырып жатқанын, оларды "Қазмұнайгаз" ғимаратына шақыратынын" айтты.

"Осыған дейін Бас прокуратураның тексеруге мораторийі болғандықтан біз комиссия құра алмай отырғанбыз. Бүгін сол рұқсатты алдық. Қазір министрліктер, "Қазмұнайгазбен" мәселені талқылаймыз. Мына жігіттерді "Қазмұнайгазға" автобуспен апарамыз. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев оған зуммен қатысады" деді еңбек инпекторы.

Алайда мұны естіген мұнайшылар мұндай жиындардан "нәтиже шықпайтынын", министрдің шығуын талап ете беретінін жеткізді.

Жаңаөзенде еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап еткен “Кезби” мекемесі жұмысшыларының ереуілі 18 cәуірден бері жалғасып жатыр. Бұған дейін “Кезби” мекемесінің басшылығы Азаттыққа мұнайшылар талабын орындау мүмкін еместігін айтқан.

“Кезби” - Маңғыстаудағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме “Өзенмұнайгаздың” ұңғымаларын жөндеумен айналысатын мекеме. Мекеме жұмысшылар жалақы талабын бұған дейін де талай көтерген, былтырғы жаз, күз айларында да дәл осы талаппен мұнайшылар ереуілге шыққан еді. Әр жолы жұмыс беруші олардың талаптарын ішінара орындап, мұнайшыларды жұмыс орындарына қайтарып отырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG