18 мамырда Алматыда бір топ белсенді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірлескен мәлімдеме жасап, "5 маусымға белгіленген референдумды үш айға шегеруді" сұрады. Олардың сөзінше, бұл уақыт аралығында өзгеріс жобасының да мазмұны өзгереді.
— Бұл — халықтың ақшасы. Сондықтан бірге жүріп, бірге айтайық. Бір үстелдің басында отырып, біреуіміз өзгеріс пен толықтырудың дұрыс екенін дәлелдеп шығайық, сол үстелдің басында соған қарсы пікір айтатын адам дәлелдеп шықсын. Референдумның мақсаты — сол. Референдумның мақсаты әкімшілік ресурстарын пайдалана отырып, тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған мәселесін халыққа жақсы етіп жеткізу емес, – деді “Ұлт тағдыры” бірлестігінің төрағасы Дос Көшім.
Шамамен екі жарым аптадан соң өтетін референдумда Конституцияның үштен біріне — 33 бапқа түзету енгізу мәселесі қаралады. Құжат мақұлданса, президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси қызмет атқаруға тыйым салынады. Сәрсенбі күні белсенділер Конституцияға түзетулер қоғамда тиісті дәрежеде талқыланбағанын, негізгі заңға қатысты референдумды қысқа уақыт аралығында асығыс өткізе салуға болмайтынын жеткізді.
Осыған дейін Ақорда "президент құзыреті азайып, парламент күшейеді" деген. Бірақ жобамен танысқан сарапшылар "құжат Тоқаев билігін еш азайтпайды" дейді. Алматыда жиын өткізген топ өзгерістер жобасын жасақтаған комиссияның құпия екеніне, оның құрамына тәуелсіз құқық қорғаушылар мен заңгерлер кірмегеніне наразы.
— Егер суперпрезиденттен айрылам десе, сенатты таратсын, ассамблеяны таратсын. Сосын 12 миллион электорат қатыспаған заңсыз мәжілісті таратсын. Міне, саяси реформа сонда болады! Ал мынаның бәрі — былжырақ, – дейді Есенғазы Қуандық, ғалым, белсенді .
Жиын өткізген топ Конституцияға енгізілуі мүмкін 56 өзгерістің референдумда "иә не "жоқ" деген жалғыз сұрақпен шешілгелі жатқанына да наразы. Әр түзетуді жеке дауысқа салу туралы талапқа 12 мамырда Әділет министрлігі "артық шығын" деп жауап берген.
Үкімет референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
ПІКІРЛЕР