Accessibility links

Агротехниканың утилизация алымын бір айда жоймаса, белсенділер үкіметті сотқа беретінін мәлімдеді


Қоғам белсендісі Санжар Боқаев
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев

Бүгін Нұр-Сұлтанда қоғам белсенділері Санжар Боқаев, "Шопан ата" қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев және мәжілістің бұрынғы депутаты Владимир Дворецкий баспасөз жиынын өткізіп, үкіметке агротехнадан утиль алымды алып тастау үшін бір ай мерзім беретіні туралы шарт қойды.

- Агротехникаға белгіленген утилизация алымын бір айда алып тастамаса, үкіметті сотқа береміз. Агротехиканың утилалымы жөніндегі құжаттарды екі жыл бойы талдап, құқықтық ұстанымымызды әзірлеп қойдық, - деді Санжар Боқаев.

Бұған дейін утилалым мәселесі бойынша билікті сынап келген Санжар Боқаевтың сөзінше, биыл құрылған "Жасыл даму" компаниясына түсіп жатқан "қаржының қайда жұмасалатыны да күмәнді".

- Утилалым бойынша кейбір шенеуніктердің жеке адамдар мүддесіне мемлекет мүддесін қалай бұрып отырғанын білеміз, соттассақ оларды да шақырамыз, - дейді ол.

Санжар Боқаев "Қазақстан үкіметі утилалымды күрт азайту орнына, осы уақытқа дейін утилалымнан пайда көріп келген олигополияның айтқанынан шыға алмай отыр. Олигополияның артында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы тұр" деп санайды.

"Шопан ата" қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев үкіметті сотқа беру туралы бастаманы өзі басқаратын қауымдастықтың 14 мың шаруасы да қолдайтынына сендіруге тырысты.

Мәжілістің бұрынғы депутаты Владимир Дворецкийдің сөзінше, үкімет шетелден келетін техникаларға утиль алым ала бастағанына бірнеше жыл болса да, бұл саладағы өнеркәсіпті жолға қоя алмаған.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысы бар "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған. "Оператор РОП" компаниясы жетекшілерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған, бірақ оның ішінде Әлия Назарбаеваның аты аталмаған.

Утилалым мәселесі бойынша көптеген талқылаудан кейін Қазақстан үкіметі биыл мамыр айының ортасынан баста шетелден әкелінетін автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымын 50 пайызға азайтқан. Талқылауға қатысқан белсенділер "утильалымды 50 пайыз азайту аздық етеді, оны 100 мың теңгеден асырмау керек" деген ұстанымда қалған, ал үкімет оған келіспей "отандық автоөндіріс тұраламау үшін утилалымды 50 пайыз ғана түсірген жөн" деген шешімге келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG