Accessibility links

Жемқорлықпен күрес агенттігі Тараз қалалық соты төрағасының пара алу бабы бойынша күдікке ілінгенін хабарлады


Сот ғимараттарының бірі.
Сот ғимараттарының бірі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тараз қалалық сотының төрағасы Алтынбек Мадемаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Тергеу 16 мамырда басталған. Бұл жөнінде агенттіктің баспасөз қызметі 25 мамырда хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, судья "азаматтық іс бойынша оң шешім шығарғаны үшін 1 миллион теңге көлемінде пара алды" деген күдікке ілінген.

Дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігі осыған дейін судья "пара алып жатқан жерінде ұсталғанын" жазған.

Қазақстанда сот орындарындағы жемқорлық жайлы жиі ақпарат шығады. Былтыр желтоқсанда Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Мейрам Жаңғұттинов пен Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Лиза Тұрғынбаева "алаяқтық" және "пара алу" баптары бойынша бес жылға бас бостандықтарынан айырылған.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстанда 2018-2021 жылдар аралығында 60 судья қызметінен босатылған. Былтыр алты ай ішінде "теріс әрекетіне" байланысты алты судья қызметінен кеткен.

Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG