Accessibility links

Маңғыстау облысында шыны пластик құбыры зауытының жұмысшылары ереуілге шықты


Шыны пластик құбырларын шығаратын зауыт жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданынан 43 шақырым жердегі зауыт маңы. 27 мамыр 2022 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Шыны пластик құбырларын шығаратын зауыт жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданынан 43 шақырым жердегі зауыт маңы. 27 мамыр 2022 жыл. Оқырман жіберген сурет.

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында орналасқан "Шыны пластик құбырлар зауытының" жүзден астам жұмысшысы ереуілге шықты. Олар Ұжымдық шарттың әлеуметтік көмек туралы тарауымен келісе алмай отыр. Жұмысшылар мекемеде жұмыстан заңсыз шығару, тамыр-таныстық сияқты жайттар өте көп дейді. Ал жұмыс беруші жағы "мекеме қызметкерлері жақсы жалақы алады, біреуге ереуілдің болғаны тиімді" деп санайды.

"Шыны пластик құбырлар зауыты" жұмысшылары ереуілінің басталғанына 27 мамырда төрт күн болды. Зауыт жұмысшысы Серғали Кикешовтің айтуынша, жұмысшылар ақпан айындағы ереуілден кейін қол қойылған Ұжымдық шарттың 9-тарауымен келісе алмай отыр.

– Ол әлеуметтік көмек және қатынастар туралы, яғни онда мерекелік төлемдер, зейнеткерлердің зейнетке шыққандағы төлемдері сияқты жайттар жазылған. Оған сәйкес, мысалы біз мереке күндері 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы төлейсіңдер деп талап етіп отырмыз. Бірінші ереуіл кезінде бізге 20 АЕК қана берген, онда да үш мерекеге ғана берді. Басшылық "біздің сұрап отырғанымызды бере алмаймыз, оны Алматыдағы құрылтайшы шешеді" дейді. Соңғы кездесу кезінде бақылау комиссиясының мүшелері Алматыдан бақылау кеңесінің төрағасын шақырамыз деп келіскен. Бірақ басшылық оны әкелуге ешқандай күш салмады. Бар айтқаны: ол келмейді дейді, – дейді Серғали Кикешов Азаттыққа.

Оның сөзіне қарағанда, "мекемеде одан бөлек те заңсыздықтар көп". Мысалы, "жұмысшыларды негізсіз жұмыстан шығару бар" дейді.

Мекеме жұмысшыларының бірі Арман Тайлақов өзін 3 мамырда жұмыстан заңсыз шығарғанын айтты. Қазір ол да жүзден астам ереуілшінің арасында тұр.

– Негізі менің мамандығын станоктарды жөндеу. Бірақ олар маған жүк тиеушінің жұмысын ұсынды. Мен бастапқыда "жаса" дегеннен кейін жасадым. Бірақ олар тоқтаған жоқ, тағы да сондай жұмыс бере берді. Мен "белім ауырады, менің мамандығыма сай зат емес ол" дедім. Ауысым бастығы "жасамасаң, үстіңнен арыз жазамыз" деді. Жазды. Артынша жұмыстан шығарды, - деді ол.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, мекеме басшылары бұған дейін ереуілді заңсыз деп тану туралы сотқа арыз түсіруге тырысқан. Алайда сот "татуластыру процесі" толық аяқталмағанын айтып, өтінішін қабылдаудан бас тартқан.

Ал "Шыны пластик құбырлар зауытының" бас инженері Есей Мұқашұлының айтуынша, жұмысшылар жалақысы ақпан айында 40 пайызға көтерілген. Сыйақылар тұрақты түрде беріліп отыр. Ол "біреулер жағдайды шайқалтқысы келеді, біреуге ереуілдің болғаны тиімді" дейді. Бірақ кімге екенін нақтыламады.

– Сыйақы, 10-жалақы, қосымша төлемдерді санағанда қазір жұмысшылардың орташа жалақысы 410 мың теңге. Наурыз мерекесінде 20 АЕК, мұнайшылар күніне орай 20 АЕК, Тәуелсіздік күніне орай 20 АЕК береміз. Олар бұл аз, бізге үш емес, бес мерекеге және әрқайсысына 50 АЕК болсын деп отыр. Әйелдерге 10 АЕК, демалыс ақысына 50 АЕК беріп отырмыз. Ал олар болса, бұл аз, бізге 125 АЕК беріңдер дейді... Бұл шамадан асқандық. Жігіттердің не үшін адасып отырғанын білмеймін, – дейді ол.

2004 жылы құрылған компания әуелі "Қазмұнайгаз" компаниясының құрамында болған. 2009 жылы жеке меншікке өткен. Аталған мекеме кәсіпкер, "Нұрбанк" иелерінің бірі Рашит Сәрсеновке тиесілі екені айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG