Accessibility links

Мариуполь портына ресейлік кеме кіріп, металл өнімдерін тиеді


Мариуполь порты. 2018 жыл.
Мариуполь порты. 2018 жыл.

Ұзақ соғыстан кейін Ресей әскерінің бақылауына өткен Украинаның Мариуполь қаласы портына сенбі күні алғашқы ресейлік кеме кірді. Ол жүк тасымалдайтын орынға тұрған. Кеме металл жүктеп, дүйсенбі күні Ресейдің Ростов-на-Дону қаласына аттанбақ. Украина билігі мұны тонау әрі мародерлік әрекет деп атады.

Ресей ақпарат құралдарының көбі кеменің келгені туралы ақпарат таратпады. Оның келгенін Киев растады. Украина жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисова Телеграм-арнасында кеме бортына үш мың тонна металл өнімдерін жүктейді деп жазды. Оның айтуынша, Мариуполь портында оккупацияға дейін құны 170 млн доллар болатын шамамен 200 мың тонна металл жиылып қалған.

Украинадағы ірі болат өндіруші "Метинвест" компаниясы осыған дейін "Мариуполь портында бес кеме тұр, соғысқа дейін оған ондаған мың тонна металл жүктелген" деп хабарлаған еді. Компания өкілдері Ресей ол кемелерді басып алып, металл өнімдерімен бірге алып кетуі мүмкін деп қауіптенген. Егер олай жасаса, Ресейдің әрекеті тонау болып бағаланады деген еді. Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, 28 мамырда келген кеме "арнайы операцияға" дейін жасалған келісімге сай металл өнімдерін Ресейге тасымалдамақ.

Ресей қорғаныс басшылығы 26 мамырда Мариуполь порты акваториясының миналар мен суға батырылған кемелерден толық тазартылғаны жайлы есеп берген.

Соғыс барысында Ресей әскері Мариуполь мен Бердянск порттарын бақылауға алып, Украинаны Азов теңізінен ажыратқан болатын. Украина бақылауындағы Қара теңіз жағалауын қазір Ресей флоты жауып тастаған. Соның салдарынан Украина порттарынан астық тасылмай, әлемде азық-түлік қымбаттай бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG