Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күнгі видеомәлімдемесінде Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесі бойынша келесі аптада "жақсы жаңалық" күтетінін мәлімдеді.
"Күн сайын қорғанысты күшейтуге күш салып жатырмыз. Ең бірінші кезекте қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлеміз. Армиямыздың оккупанттарды технологиялық және тегеурінді соққы тұрғысынан басып озатын шаққа жақындап келеміз. Әрине, көп нәрсе әріптестерімізге де байланысты. Олардың Украинаны еркіндігін қорғауға қажет жарақтармен қамтамасыз ету дайындығына да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда келесі аптада жақсы жаңалық күтіп отырмын" деді Зеленский.
Оның айтуынша, Ресей әскерінің шабуылын тоқтату үшін қару-жарақтың болғаны маңызды.
"Жағдай өте күрделі. Әсіресе, Донбасс пен Харьков маңындағы аудандарда жағдай қиын. Ресей армиясы қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге тырысып жатыр" деді Зеленский.
Президент Ресей әскері шоғырланған Северодонецк, Лисичанск, Бахмут, Попасна және өзге қалаларды майдандағы негізгі бағыттарға жатқызды.
Келесі аптада Украина президенті Еуропа елдерінің парламентінде мәлімдеме жасайды. Атап айтқанда, Еуроодақтың 30-31 мамырда өтетін жиынында Зеленский "Ресей терроры" туралы айтпақ.
24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, соғысты "арнайы операция" деп атаған. Бастапқыда оның мақсаты "демилитаризация және денацификация" деп түсіндірілді, ізінше "Донбасты қорғау" қажеттігі айтылды.
Ресей билігі армия азаматтық нысандарға шабуыл жасап жатқан жоқ деп мәлімдеген. Дегенмен Ресей авиациясы, флот пен артиллерия күн сайын украин қалаларын атқылап жатыр. Мариуполь, Харьков, Чернигов, Житомир, Северодонецк және өзге қалалар мен селолардағы тұрғын үйлер мен азаматтық нысандар қирап жатыр.
ПІКІРЛЕР