Accessibility links

Қазақстанда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды


Ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалына жиналған жұрт. Алматы, 31 мамыр 2022 жыл.
Ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалына жиналған жұрт. Алматы, 31 мамыр 2022 жыл.

31 мамырда Алматыда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, марқұмдарға құран бағышталды. Ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалында өткен шараға қала әкімі Ерболат Досаев, ғалымдар, жазушылар, қала тұрғындары мен азаматтық белсенділер, бас-аяғы жүзден аса адам жиналды.

Жиында сөйлеген жазушы Смағұл Елубай осы күнге дейін Қазақстан парламентінде "бір де бір рет ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу болмағанын" айтты.

Тарихшы ғалым Хангелді Әбжанов Қазақстан тарихын зерттеуде әлі күнге дейін кедергілер барына назар аударды.

"1993 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде заң шыққанымен, архив құжаттары әлі күнге ашылған жоқ. Сол құжаттар ашылмайынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу аяқталды деп айта алмаймыз. Тоталитаризм әлі жалғасып жатыр", - деді Әбжанов.

Шарада сөз алғандар Қазақстанда биыл қаңтарда болған қанды оқиғалар туралы ештеңе айтпады. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза болған. Билік құрбандардың аты-жөнін әлі күнге жарияламай отыр. Бүгінгі шарада сөйлегендер Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі өткен мерзімде елді және халықаралық қауымдастықты дүр сілкіндірген оқиалар, соның ішінде 2011 жылы Жаңаөзенде болған қантөгіс туралы да ештеңе демеді.

Азаттыққа берген сұхбатында тарихшы Хангелді Әбжанов "Билік бұрынғы саяси қуғын-сүргін үшін де, Қаңтар оқиғасы үшін де кешірім сұрауы керек" деді.

"Билік бұрынғы саяси қуғын-сүргін үшін де, Қаңтар оқиғасы үшін де кешірім сұрауы керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:19 0:00

2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бірнеше айға созылған бейбіт ереуілі қантөгіске ұласты. Полиция қарусыз адамдарға оқ атты. Салдарынан Жаңаөзен мен Шетпе станциясында 17 адам қаза тапты. Бұл – биліктің ресми дерегі. Оқиға куәгерлері мен құқық қорғаушылар опат болғандар саны одан көп дейді.

Тарихшылардың дерегінше, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. 1928 жылғы кәмпескенің соңы 1932-34 жылдардағы ашаршылыққа ұласып, түрлі дерек бойынша, Қазақстанда 1,3-1,5 млн адам қаза болған.

1988 жылғы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты репрессия кезінде атылған Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймаутов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мағжан Жұмабаев бастаған 14 қазақ зиялысын ақтады. Ал 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстан "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" заң қабылдаған. Содан бері ел сталиндік репрессияда атылғандарды, қудаланғандарды ақтау процесін жүргізіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG