Accessibility links

Қоғамдық ұйымдарын "қайта тіркеуден өткізе алмай жүрген" желтоқсаншылар биліктің әрекетіне шағымданды


Ақордаға бармақ болған желтоқсаншыларды арнайы жасақ бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2022 жыл.
Ақордаға бармақ болған желтоқсаншыларды арнайы жасақ бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2022 жыл.

31 мамырда Әділет министрлігіне отыздан астам желтоқсаншы жиналып, жарты жылдан бері қоғамдық бірлестіктерін қайта тіркеуден өткізе алмай жүргендеріне шағымданды. Олардың барлығы да Алматыдан келген.

Таңертеңнен бері Әділет министрімен жолыға алмаған желтоқсаншылар сауға сұрап Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бармақ болды. Бірақ Ақордаға кірер жолды күзеткен арнайы жасақ олардың жолын бөгеді.

Желтоқсаншылардың айтуынша, олар “Желтоқсан ақиқаты” деп аталатын қоғамдық бірлестікті 2009 жылы құрған. Кейін оның құрылтайшысы ауысып, 2021 жылы көктемде бірлестікті қайта құрмақ болғанда Әділет министрлігінде оның басқа адамның тіркеп алғанын білген.

– Бірлестік жарғысының түпнұсқасы қолымызда. Бес жүзден астам адамның сенімхаты да бар. Қаншама жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы аралықта жүздеген 1986 жылы желтоқсанда “нашақор, мородер” делінген талай адамды ақтадық. Былтыр қырықтан астам адам Бурабайда демалды. Алматыда ”Оңай” платформасына тіркеліп, қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік алдық. Бірақ өз бірлестігімзді өзімізге қайта тіркеп бермей жатыр, - дейді “Желтоқсан ақиқаты” қоғамдық ұйымының құрылтайшысы әрі жетекшісі Бейсембай Сейфолла.

“Желтоқсан ақиқаты” ұйымы сотқа жүгінгенімен нәтиже шығара алмағандарын айтады. Олар өздерін тіркемей әуре-сарсаңға салудың артында жемқорлық, тамыр -таныстық бар деп санайды. Әділет министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа бірлестіктің ішінде дау туындағанын айтып, оны шешу өздерінің құзырында еместігін мәлімдеді.

Бұған дейін “Желтоқсан ақиқаты “ ұйымы құжаттарын қабылдаған министрлік құрылтайшылар құжатарын түгендеп қайта тапсыру керектігін айтқан.

– Біз бұл жауаппен келіспейміз. 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне автобуспен арнайы келдік. Бізде саяси құғын құрбанымыз. Арамызда ауру, мүгедектер бар. Құжатымыз түгел, әділет минитсрлігіне төртінші келуіміз. Енді ешқайда кетпейміз. Бүгін осында қонамыз. Ақордаға бізді өткізбеді, ертең қайта барамыз, аштық жариялаймыз. Не болса да бір жақты етпей кетпейміз, - дейді Сағила Шәмшібаева есімді желтоқсаншы.

Ұйымның кейбір өкілдері "бұл республикалық бірлестіктің мыңнан астам мүшесі бар, сол себепті билік сескендіктен бізді қайта тіркемей отыр" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG