"Сорос – Қырғызстан" қорының директоры Шамиль Ибрагимов 2 маусымда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінде тергеуде болды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Қор басшысы Азаттыққа арнайы қызмет тергеушілерімен "ақпараттық кездесу" болғанын айтқан.
"Біздің қор орналасқан ғимаратқа қатысты ақпараттық кездесу болды. Олар қосымша ақпарат алғысы келді. Мен бәрін айтып бердім. Меніңше, сұрақ қалмаған сияқты. Аталған ғимаратты қандай жолмен алғанымызды сұрады. 24 жыл бойы мұндай мәселе ешқашан көтерілмеген еді. Дәл қазір көтеріліп жатқаны түсініксіз" деді Ибрагимов.
ҰҚМК әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.
"Сорос – Қырғызстан" қоры 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қор құрылтайшысы – Джордж Сорос жетекшілік ететін "Ашық қоғам" институты. "Ашық қоғамның" әлем бойынша 31 елде өкілдігі бар.
Қор түрлі бағыт бойынша жұмыс істейтін жергілікті ұйымдарға гранттар үлестіреді. 1993-2018 жылдар аралығында қор жалпы құны 98 млн 800 мың доллар болатын грант таратқан.
ПІКІРЛЕР