Accessibility links

ТМД бақылаушылар миссиясы "Қазақстанда референдум заңға сай өтті" деп мәлімдеді


Бүгін Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар қызметінде ТМД бақылаушылар миссиясы баспасөз жиынын шақырып, Қазақстанда 5-маусымда өткен референдум "заң талаптарына сай болғанын" мәлімдеді.

- Дауыс беру ашық, жария түрде өтті. Орталық референдум комиссиясы жүйелі жұмыс істеді, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жақсы жүргізілді,- деді ТМД бақылаушылар миссиясының өкілдері.

ТМД бақылаушылар миссиясының төрағасы Леонид Анфимов Қазақстан билігін "конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдумды сәтті аяқтағанымен" құттықтады.

ТМД бақылаушылар миссиясының құрамында Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан өкілдері бар. Қазақстанда ТМД елдерінен бақылаушы ретінде 144 адам тіркелген.

ТМД бақылаушылар миссиясынан кейін түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының өкілдері де баспасөз жиынын өткізіп, "референдумда заң бұзылмағанын" мәлімдеді. Түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы 2008 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия парламенті басшыларының қатысуымен құрылған.

1991 жылы СССР тараған соң құрылған ТМД елдерінің бақылаушылар комиссиясы Қазақстанда өткен бұған дейінгі сайлаулардың барлығын "әділ өтті" деп бағалап келген. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы керісінше, Қазақстандағы сайлауларды сынап келген.

5-маусымда Қазақстан конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде референдум өткізді. Мамыр айының соңында халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі түзетулерді референдумға шығармастан бұрын "ірі талқылау өткізіп, өзгерістерді қарастыруы тиіс" деген.

HRW мәлімдемесінде Қазақстан билігі ашық саяси жүйе құру міндетін мойнына алғанмен елде пікірін ашық айтқан белсенділерді қудалау жалғасып жатыр деп атап өткен.

5 маусымда тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру кезінде заңсыздықтар тіркелгенін хабарлаған. Олардың айтынша, бақылаушылардың жүрісін шектеу, фото-видео түсіруге тыйым салу, дауыс беру құпиялылығын бұзу, тұпнұсқа құжат көрсетпесе де бюллетень беру, азаматтарды бірден екі учаскеге тіркеуге алу сияқты заңсыздықтар тіркелген.

.

XS
SM
MD
LG