Accessibility links

Ақпарат министрі: Тоқаев дауыс берген учаскеге отандық БАҚ-тар ғана кірді, шетел БАҚ-тарын жібермедік


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров. Нұр-Сұлтан қаласы, 8 маусым 2022 жыл.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров. Нұр-Сұлтан қаласы, 8 маусым 2022 жыл.

Бүгін, 8 маусымда парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатынан кейін журналистер алдына шыққан ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров референдум күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген учаскеге Азаттық тілшілері не себепті жіберілмегені туралы сұраққа жауап берді.

Министр сөзіне қарағанда, "президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесіне отандық БАҚ-тар ғана жіберілген, Қазақстанда тіркелген шетелдік БАҚ-тарға рұқсат етілмеген. Өйткені референдум Қазақстанда болып жатыр".

Азаттық тілшісінің "шетел БАҚ-тарына неге рұқсат етпеді?" деген сауалына:

- Президент дауыс беретін учаскеге барғысы келетін БАҚ-тар өте көп болды. Ол учаскеде орын аз, - деп жауап берді.

Асқар Омаровтың сөзінше, шетелдік БАҚ-тарды Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беретін референдум учаскесіне жібермеу туралы туралы шешімді "президент әкімшілігі емес, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қабылдаған".

"Шетел БАҚ-тарының тілшілерін Тоқаев дауыс беретін учаскеге жібермегені дұрыс деп ойлайсыз ба?" деген Азаттық сұрағына "келер жолы нақтылаймыз" деп жауап қатты.

Қазақстан Конституциясына енетін өзгерістер туралы 5 маусымда өткен референдумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Оқушылар сарайында орналасқан №59 учаскеде дауыс берген.

Полиция мен президенттің күзет қызметі бұл учаскеге Азаттық тілшілерін "тізімде жоқ" деп жібермеген. Азаттық редакциясы 3 маусымда учаскеден ақпарат таратуға қажетті құжаттарды тапсырған. Керекті құжаттар тізімін ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жасаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген кезде референдум учаскесіне Азаттық тілшілерінен өзге "7 арна", "Ұлыс медиа" сайтының тілшілері де кіре алмаған.

Тоқаев аталған учаскеде таңғы сағат 9 жарым шамасында дауыс берген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, президент дауыс бергеннен кейін журналистер сұрағына жауап берген. Азаттық тілшісінің сұрақ қоюына мүмкіндік берілмеді. Тоқаев жауаптарында Қаңтар оқиғасына да тоқталып, "20 мың террорист жайлы" мәлімдемесіне қайта оралып, "бұл цифрды құқық қорғау органының бұрынғы басшылары берген" деді.

Президент референдум учаскесінен кеткеннен кейін полиция Азаттық тілшілеріне кіруге рұқсат берді. Референдум күні Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі де учаскеден ақпарат тарату кезінде кедергіге ұшыраған.

Ақмола облысы Талапкер ауылындағы учаскелік комиссия Азаттық тілшілерін №685 учаскесін түсірмей, ғимараттан кетуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG