Accessibility links

Степногорск полициясы экобелсенді Артём Сочневке қатысты істі тоқтатты


Экобелсенді Артем Сочнев
Экобелсенді Артем Сочнев

Ақмола облысы Степногорск қаласы полициясы жергілікті экобелсенді Артем Сочневтің үстінен "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабымен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Тергеу экобелсенді Жаңаөзендегі наразылықты қолдап, жалғыз адам пикетін өткізгеннен кейін басталған.

Істің тоқтауына 33 жастағы Сочневтің іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмауы себеп болған. Дегенмен полиция енді оны әкімшілік жазаға тартпақшы. Сочневтің өзі әзірге бұл жөнінде түсініктеме берген жоқ.

Тергеуші Қабиденов қол қойған полиция қаулысында "бейбіт жиындарды өткізу туралы заңды бұзу фактісіне" байланысты Сочневті әкімшілік жазаға тарту туралы жазылған.

Биыл қаңтарда билік өкілдері Артем Сочневтің үйіне тінту жүргізіп, фотоаппаратын алып кеткен. Бұған дейін оны "қорғалуға құқығы бар" куә ретінде тергеген.

4 қаңтарда Степногорскінің орталық алаңынан тікелей эфирге шыққан Сочнев сол жерде ұсталған. Тікелей эфир кезінде ол Жаңаөзендегі наразылықты қолдап, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын баяндаған. Ол кезде алаңда белсенді мен полиция қызметкерлерінен басқа ешкім болмаған. Алайда полицейлер "жағдайды анықтау үшін" оны бөлімшеге әкетуге тырысқан. Белсенді өз еркімен барудан бас тартқаннан кейін полиция оның қолын қайырып, телефонын тартып алған. Эфир үзілген. Экобелсендінің телефоны мен фотоаппараты әлі қайтарып бермеген.

Сот психология-филологиялық сараптамасы қорытындысында Сочневтің сөзінде "алаңға жаңаөзендіктерді қолдап шыққаны жайлы көрерменді хабардар еткені" және ол жерде "жасырын мағына болмағаны" айтылған. Сараптама экобелсендінің сөзінде өшпенділік пен күшпен басып алуға шақыру болмағанын көрсеткен.

Халықаралық Amnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін мыңдаған адамның ұсталуына алаңдаушылық білдірген. "Кей жағдайда Қазақстан билігі "әлеуметтік алауыздық" деген бұлыңғыр айыппен өзгеше ойлайтындарды қудалаған. Мұндай іске 4 қаңтарда Степногорскіде жалғыз адам пикетін өткізген эколог Артем Сочнев те ілінген" деді 12 қаңтарда Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG