Масаң күйде көлік айдаған деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылып, жүргізуші куәлігінен айырылған Ақтөбе қалалық маслихатының депутаты Ербол Қасымғали депутаттық өкілетін тоқтатты. Бұл туралы жергілікті "Диапазон" басылымы жазды.
Басылым ақпаратына қарағанда, 20 мамырда депутат жүргізіп келе жатқан көлікті полиция тоқтатқан. Медициналық сараптама жүргізушінің құрамында спирт бар ішімдік ішкенін анықтаған.
Ербол Қасымғали сараптама қортындысымен келіспей, тағылған айыпты мойындамаған. Ол медициналық тексеруден қайта өтуге құқы барын өзіне ешкім түсіндірмегенін айтқан. Алайда сот оны айыпты деп танып, 15 күнге әкімшілік қамауға алу және жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру туралы шешім шығарған.
Басылымның хабарлауынша, осы оқиғадан кейін Қасымғали мәслихат депутаты өкілетін тоқтатқан.
Ақтөбе қалалық маслихат депутаттарының тізімі жазылған сайтта қазір Ербол Қасымғалидың аты-жөні жоқ. 34 жастағы Қасымғали маслихат депутаты болып 2021 жылдың қаңтарында биліктегі "Нұр Отан" партиясы (биыл наурыздан бастап атауы "Аманат" болып өзгерген) тізімімен сайланған. Ашық ақпаратқа сүйенсек, Ербол Қасымғали Oil Geo Construction компаниясының бас директоры.
Былтыр мамырда Павлодар облыстық мәслихатына "Нұр Отан" партиясы тізімі бойынша сайланған Қайрат Әбішев партиядан шығарылған. Оның алдында Павлодар қаласының әкімшілік соты Әбішевті "масаң күйде көлік айдағаны" үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алып, көлік айдау құқынан 8 жылға айырған. Полиция депутаттың медициналық сараптамадан өтуден бас тартқанын айтқан. Сотта Әбішев өзіне тағылған айыпты терістеген.
ПІКІРЛЕР