Accessibility links

Нұр-Сұлтанда президентке арыз айтуға келген азаматтың аштық жариялап жатқанына он күн болды


Жер телімдерін ауыл адамдарына беруді талап еткен Бақытхан Ақылбай Ақорда алдында аштық жариялап отыр. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2022 жыл.
Жер телімдерін ауыл адамдарына беруді талап еткен Бақытхан Ақылбай Ақорда алдында аштық жариялап отыр. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2022 жыл.

Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіре алмаған Жетісу облысы тұрғыны Бақытхан Ақылбай 31 мамырдан бері Ақорда әкімшілігі алдында аштық жариялап отыр. Ол жерді халыққа пайдалануға беруді талап етеді, бірақ жерді сатпау керек дейді.

66 жастағы Бақытхан Ақылбай Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Шаған ауылында тұрады.

Ол 27 мамырда қол жүгін, ұйықтайтын қабын арбаға салып, оған Қазақстан туын тігіп жаяу шықпақшы болғанын айтады. Өзінің айтуынша, аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары кедергі келтіріп, 30 мамырда астанаға әрең жеткен. Оның сөзінше, президент Тоқаев "әр ауыл өз аумағындағы шабындығы мен жайылымын өзі пайдалануы керек" дегенімен, ауыл тұрғындарына пайдаланатын жер берілмеген. Ол "ауылдастарымның және Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қарапайым шаруалардың талап-тілегін жеткізуге келдім" дейді.

– [Конституцияға өзгертулер енгізу туралы] рефрендумнан кейін жекелеген тұлғаларға жерді иеленуге болады деп жатыр. Бұл жерімізді қайтадан тауарға айналдыру. "Ұлтарақтай жерімізді жеке меншікке де берілмейді, жалға да берілмейді, тек қана пайдалануға берілсін" деген ұстаным болуы керек. Ал табыс табам, жерге еңбек етем деген адамға кім қарсы болады? Ең бастысы ауыл адамдарының жұмыс істеуіне мүмкіндік берсін, – дейді Бақытхан Ақылбай.

Ол өзі тұратын ауылда бірнеше жеке тұлға 600 гектар жерді иемденіп, оны жалға беріп, жұмыс істеместен пайда тауып отыр дейді. Ақылбай жерді бұлайша саудалауға, жеке тұлғалардың өзі пайдаланбай, бірақ оны жеке меншігі құсап басқаларға жалға беруіне жол беруге болмайды дейді.

Бақытхан Ақылбай 31 мамырда президентке кіре алмаған соң аштық акциясын бастаған. Ол төрт күн ас-су ішпей ашығып, кейін күніне бір жарым литр су ішіп жатқанын айтады. Оған астаналық белсенділер жедел жәрем шақырып, денсаулығын ұдайы тексеріп тұрады екен. Ақылбай денсаулық жағдайы қалыпты екенін айтады.

Бақытхан Ақылбай өзі отырған президент әкімшілігі маңынан парламент мәжілісі депутаттары жиі өтетінін, қол көтеріп, амандасқан ишара білдіріп кететінін айтады.

Белгілі болғандай, бүгін, 10 маусымда президент аппаратының өкілі шығып, оны түстен кейін қабылдайтынын айтқан.

Былтыр 1 шілдеде президент Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасына қол қойды. Ол заң ауыл шаруашылық жерін сатуға тыйым салатын мораторий мерзімін ұзартып, 49 жылға жалға беру тәртібін қарастырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG