Accessibility links

"Тағы бір шаруа жерінен айырыла жаздады". Басқару жүйесіндегі біраз кемшілікті ашқан дау


Қарағанды облысында тұратын шаруа жергілікті билік жасанды спутниктен түсірілген суретке сүйеніп, тартып алмақ болған жерін сотта қорғап қалды. Бұл оқиға ғарыш мониторингінің сапасы және шенеуніктердің өз міндетіне салғырттығы сияқты бірқатар мәселенің бетін ашты.

ШАРУАНЫҢ ЖЕҢІСІ

Шаруа Юрий Шайдулин жарты жылдан бері бірінші рет көңілі орнығып, тұқым себу жұмысына кірісті. Ол жергілікті шенеуніктер тартып алмақ болған егін алқабындағы жұмысын қайта жандандырды.

Қарағанды облысында тұратын шаруа Юрий Шайдулин пайдаланып отырған егістік жер.
Қарағанды облысында тұратын шаруа Юрий Шайдулин пайдаланып отырған егістік жер.

Абай ауданы әкімдігі Шайдулинді сотқа беріп, шаруаға жалға берілген екі мың гектардан астам жерді қайтаруын талап еткен еді. Шенеуніктер қашықтан жүргізілген зерттеуге сүйеніп, "шаруа жерді дұрыс пайдаланбай отыр" деген қорытындыға келген. Басқаша айтқанда, жергілікті билік егін алқабына бармай, жасанды жер серігінен түсірілген суреттерге қарап шешім шығарған. Бірінші инстанция әкімдікті қолдап, шаруаның жерін тартып алуды сұраған жергілікті биліктің өтінішін қанағаттандырған еді. Шаруаның "жер серігінен малға азық дайындау үшін көпжылдық шөп егілген алқап бос жер болып көрінген шығар" деген пікірін сот елеусіз қалдырды.

Сот үкіміне келіспеген шаруа облыстық сотқа жүгінді.

– Маған келісімшарт талаптарын бұзғаным жөнінде ескерту жасалса, бәрін түзетер едім. Жерді жалға беру туралы келісімшарттың күші жойылғанын растайтын қағаз ғана келді. Олай болмауы керек қой. "Қандай талаптар бұзылғанын көрсетіңдер, бәрін реттеймін" дедім. Олар егін алқабына келіп, бәрін өз көзімен көрсе қуанар едім. Бірақ оларға бұл керек емес, – дейді Шайдулин.

Сарепта ауылында тұратын шаруа Юрий Шайдулин. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.
Сарепта ауылында тұратын шаруа Юрий Шайдулин. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.

Апелляция соты Шайдулинді қолдап, әкімдіктің жерді жалға беру туралы келісімшартты бұзу талабын қанағаттандырмады. Осылай он айға созылған даудың нүктесі қойылғандай болды. Бірақ Абай ауданында тұратын шаруаның хикаясы космомониторинг жүйесі мен заңның қолданылуындағы бірқатар кемшілікті көрсетті.

ҚАЛАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл кемшіліктер туралы білетін болып шықты. Министрлік екі жыл бұрын қолданылмай, бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару үшін енгізілген жерді қашықтан түсіру әдісі негізгі ауыл шаруашылық дақылдары бойынша ғана жүргізілетінін, мәдени өсімдіктерді арамшөптен ажырату мүмкін емесін мойындайды. Осыдан әртүрлі кикілжің туады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай жағдайға жол бермеу үшін жергілікті жерде тексеру жүргізіп, егін алқабы мен космомониторинг қорытындысын салыстыру керегін айтады.

– Қолданылмай жатқан немесе дұрыс мақсатта пайдаланылмаған жерді күштеп қайтару кезінде шығатын даулы мәселелердің алдын-алу үшін жер учаскесінің басына барып, қолда бар деректерді тексеру керек. Жер кодексінде бос жатқан жерді сот арқылы қайтару кезінде жер учаскесіне қорытынды тексеру жүргізіп, субъектіні әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Жер инспекторы деректердің растығын тексеруге міндетті, – деді ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.

Ауыл шаруашылығы комитеті космомониторинг нәтижесі жердің бос жатқанын немесе дұрыс мақсатта пайдаланылмағанын көрсетсе, шенеуніктер қалай әрекет етуі керегін түсіндірді:

  • Жер қатынастары бөлімінің шенеуніктері ақпаратты жер ресурстарын басқару департаментіне тексеруге жібереді. Заң бұзу фактісі анықталса, бақылаушы органдар жер иесіне немесе учаскені жалға алған шаруаға олқылықтарды түзетуді тапсырады;
  • Жергілікті биліктің талабы орындалмаса, жер учаскесіне барып, алдын-ала бақылау жүргізіледі. Шаруаға белгілі бір уақыт аралығында (заң бұзу түріне байланысты үш айдан бір жылға дейін) көрсетілген олқылықтарды түзету талабы қойылады;
  • Жер учаскесі қолданылмаған жағдайда жер иесі немесе жалға алушы адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған бір жыл уақыт береді. Тексеру материалдары салық органдарына жіберіледі, қолданылмаған жерге он есе көп салық салынады. Белгіленген уақыт аяқталғаннан кейін тағы да тексеру жүргізіледі. Жер әлі де пайдаланылмаған болса, шенеуніктер сотқа жерді қайтарып алу жайлы өтініш береді.
Мемлекеттен жалға алған жерін жергілікті билік тартып ала жаздаған шаруа Юрий Шайдулин тұратын Сарепта ауылындағы жайылым жер.
Мемлекеттен жалға алған жерін жергілікті билік тартып ала жаздаған шаруа Юрий Шайдулин тұратын Сарепта ауылындағы жайылым жер.

2022 жылғы 5 наурыздан бастап жаңа заң жобасы күшіне енді, оған сәйкес, пайдаланылмаған жерді күштеп қайтару мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарды.

Министрлік бұрынғы тәжірибе "жемқорлық қаупі" барын көрсетті, сондықтан 2021 жылы заңға өзгертулер енгіздік дейді.

– 2014 жылдан бастап жерді пайдалануды мемлекеттік бақылау және қорғау қызметі толықтай облыс әкімдіктеріне жүктелді. Құзырлы органдар бір мемлекеттік органның құрамында болғандықтан жемқорлық қаупі және мүдде қайшылығы туды. Сондықтан 2021 жылғы 30 маусымда жер қатынастарын дамыту мәселелері туралы заң қабылданды. Жер беру қызметі әкімдікте қалды, ал оның дұрыс пайдаланылуын бақылау жер ресурстарын басқару комитетіне берілді, – дейді Теміржанов.

НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚ БАЗАСЫНДАҒЫ КЕМШІЛІК

Ауыл шаруашылығы министрлігіне жасанды жер серігінен алынған деректерді жіберіп отыратын "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы өздері жіберген сапалы суреттерге қарамастан, шенеуніктердің көбіне шетелдік спутниктерден түсірілген тегін суреттерді пайдаланатын Qoldau платформасындағы ақпаратқа сүйенетінін айтады. "Қазақстан ғарыш сапары" компаниясы кеңістік деректері департаментінің директоры Өскен Тойшыбеков космомониторинг жүйесінің кемшіліктерін осымен байланыстырады. Ол ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019 жылғы 3 шілдедегі бұйрығымен бекітілген мониторинг ережесіне сын айтады.

– Бұл ережелерде мониторинг жүргізу кезінде болатын көп жағдай қарастырылмаған. Сондықтан космомониторинг деректері бойынша қолданылған шараларға қатысты даулы жағдай көп, – дейді Тойшыбеков.

Далада тұрған вагон. Көрнекі сурет.
Далада тұрған вагон. Көрнекі сурет.

7 сәуірде жер ресурстарын басқару комитеті жанындағы жер қатынастары мәселелері жөніндегі сарапшылар кеңесінің отырысы өткен. Онда қолданыста жүрген ережелер талқыланған. Тойшыбековтың айтуынша, жасанды жер серігінен түсірілген суреттер мен деректердің нақтылығына қойылатын талаптарды қайта қарау және космомониторинг қызметін ұсынатын компаниялардың жауапкершілігін бақылау туралы келісім жасалған.

– Космомониторингке қарсы пікірлерге нормативті-құқық негіздерінің дұрыс жасалмауы себеп болып отыр. Қазір космомониторинг процесін реттейтін жеке заң жобасын дайындау үшін үлкен жұмыс атқарып жатырмыз, – дейді Өскен Тойшыбеков.

Компания ғарыш мониторингі ашықтықты қамтамасыз етеді, бірақ бұл үшін берік заңды негіз бен қоғамдық бақылау керек деп есептейді.

Қазіргі кемшіліктеріне қарамастан, космомониторинг әдісін сақтап қалу керек деген пікірге ауыл шаруашылығы министрлігі де қосылады. Министрлік сөзіне дәлел болатын бірнеше мысал келтірді. 2020 жылы космомониторинг пилот режимде іске қосылған кезде бос жатқан 8,3 миллион гектар жер анықталған. 2021 жылы жүргізілген мониторинг 1,09 миллион гектар шабындық жер мен 19,1 миллион гектар жайылым (ресми дерек бойынша, Қазақстанда ауыл шаруашылық жерлердің жалпы көлемі 114 миллион гектарды құрайды) пайдаланылмай жатқанын анықтаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, екі жылда 3,6 миллион жер ерікті түрде мемлекет иелігіне қайтарылған. Бірақ бұл шараның қаншалық "ерікті" түрде жүргізілгені белгісіз. Өйткені шаруалардың бәрі бірдей сотқа бара бермейді, айыпталушының сөзін сөйлейтін сот та аз.

Қазақстанда жер мәселесі – өте көкейкесті тақырып. Алты жыл бұрын Жер кодексіне ауыл шаруашылық жерін аукцион арқылы сатып, шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін толықтырулар енгізуге қарсы жаппай наразылық шаралары өткен. Наразылар елде мал жаятын жер тапшы екенін, мыңдаған гектар жер латифундистер мен билікке жақын адамдардың қолында екенін айтып шағынған. 2016 жылы мыңдаған адам қатысқан демонстрациялардан кейін билік заңға даулы өзгертулер енгізу процесін тоқтатып, бірқатар жеңілдіктерге барды. Осылай пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет иелігіне қайтару ұсынылып, космомониторинг жүйесі енгізілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG