Accessibility links

"Үкіметке сенбеу", "латифундистер" және "шикізат экспортына тәуелді" Орталық Азия


Жер реформасына қарсы Атырауда өткен наразылық жиыны. 24 сәуір, 2016 жыл.

​​​​​​​Осы аптада халықаралық басылымдар коронавирус індеті кесірінен экономикасы тұралалған Орталық Азия елдерінің болашағына болжам жасайды. Бұған қоса шетел ақпарат құралдары жер туралы жаңа заң жобасының артында тұрған терең әлеуметтік-экономикалық мәселелерге де назар аударады.

"ПАНДЕМИЯ – КЕДЕЙЛІК ПЕН ТЕҢСІЗДІКТІ АЗАЙТУ МҮМКІНДІГІ"

Ширек ғасырда алғаш рет рецессияға ұшыраған Орталық Азия елдерінің алдағы екі жылдағы даму көрсеткіші дамушы елдердің жалпы нәтижесінен төмен болмақ. Коронавирус індеті аймақтың шикізат экспортына, шетелге кеткен мигрант жұмысшылар жіберетін ақшаға көп арқа сүйеп отырғанын анық байқатты. Пандемия зардабын тартып жатқан аймақтың қазіргі экономикалық ахуалын талдаған Financial Times мақаласында осы жайттар талданған.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) есептеуінше, 2020 жылы Орталық Азия мен Кавказда өндіріс көлемі 1,9 пайызға құлдыраған. Қордың болжамы бойынша, биыл аймақ экономикасы 3,7 пайыз, ал 2022 жылы 4,1 пайыз өсуі керек, бірақ бұл дамушы нарықтардың жалпы көрсеткішінен біршама төмен.

Халықаралық қордың сараптауынша, жақын болашақта аймақ халқының 20 пайызына ғана коронавирус екпесі салынады, өзі вакцина өндіретін Қазақстанның ғана вакциналау көрсеткіші 60 пайызға жетеді деп болжайды мамандар. "Дегенмен, Қазақстан әзірге тұрғындарының 0,6 пайызына ғана екпе салды" деп жазады басылым.

Вакцинаны сақтау мен тарату мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, 2023 жылға дейін аймақ халқының басым бөлігі вакцина алмайды деп санайды ХВҚ.

Оның үстіне "аймақтың ең ірі сауда әріптесі – Қытайдан келетін табыс азайғандықтан, экономиканы қайта тіктеу қиын болмақ". Мәселен аймақтың Қытайға ең көп сататын шикізаты – газдың бағасы арзандап кеткен.

"Қорғас" кедені, Қытай жағы.
"Қорғас" кедені, Қытай жағы.

"Бұл Орталық Азия экономикасының күшті жағы саналатын табиғи ресурстарға арқа сүйеу бұдан былай дамудың кепілі бола алмайтынын білдіреді" деп жазады FT.

Еуроодақтың Орталық Азия елдері бойынша арнайы өкілі Питер Буриан "ұзақ жыл бойы аймақ елдері экономикалық өсімнің басты кепілі ретінде қымбат бағалы шикізатқа, табиғи ресурстар экспортына және көбіне Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттары жіберетін ақшаға ғана сүйеніп келген".

Орталық Азияның даму жолына түсе алмауының бір себебі – ол осы күнге дейін әлемдегі сырт елдермен "ең аз интеграцияланған және ең аз байланысқан аймақтардың бірі болып отыр", соның кесірінен ол Еуропа пен Азия арасындағы қақпа ретіндегі мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр дейді ЕО өкілі. Мамандардың айтуынша, Орталық Азияның экономикасы үлкен екі елі – Қазақстан мен Өзбекстанда жекешелендіру процесі үдей түскен.

Сарапшылар жақсы даму үшін мемлекеттер жекеменшік секторды ынталандыруы керек деп санайды. Порт, әуежай, теміржол, энергия өндірісі сияқты инфрақұрылым жобаларына жекеменшік секторды көп тарту арқылы көп ел тығырықтан шыға алар еді дейді Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Ален Пиллу.

Орталық Азия елдері пандемиядан кейін экономиканы қайта құру мүмкіндігін пайдаланып, кедейлік пен теңсіздікті азайтуға күш салуы керек дейді сарапшылар. Қазір бұл тұрғыда тек Өзбекстанда оң өзгеріс байқалады.

"Пандемия – реформаны жеделдетудің мүмкіндігі" деп қорытады FT.

"ТӨМЕННЕН БАСТАЛҒАН ҚАРСЫЛЫҚ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН СИРЕК ЖАҒДАЙ"

Қазақстанда қызу талқыланып жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы заң жобасын Eurasianet басылымы "төменнен басталған қарсылық жеңіске жеткен сирек жағдай" деп сипаттайды. Халықтың жер реформасына қарсы шығуына үкіметке деген сенімсіздік пен әлеуметтік мәселелер себеп болды деген автор бұл тыйым сыртқы инвестиция мен білім-білікке мұқтаж ауыл шаруашылығы саласына соққы болып тиюі мүмкін деген болжам айтады.

Автордың айтуынша, ел ішінде "қытайлар келіп, жерді алып алады" деген үрей басым. 2016 жылы Қазақстанның ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың 17 шаршы километр ауылшаруашылық жерін аукционға шығару жоспарын жариялап, мұның соңы ел аумағында бұрын-соңды болмаған наразылыққа алып келген. Ол кездегі жоспар бойынша, шетелдік инвесторға жерді жалға беру мерзімін 10-нан 25 жылға дейін ұзарту көзделген. Ол реформаның мақсаты – "бүкіл ел аумағындағы қолданылмай бос жатқан ауқымды жерден пайда көру" болған. Үкіметтің сол кездегі есептеуі бойынша, басым бөлігі суарылмайтын жайылымнан тұратын 1 миллион шаршы километр аумақ бос жатыр. "Бұл – шамамен Франциядан екі есе үлкен аумақ, оның 650 шаршы километрі шетелдіктерге жалға беріліп келген" деп жазады Euraisanet.

Автордың жазуынша, жерді шетелдіктерге жалға беруден жақсы пайда тапқан мысалдар да бар. Заңда шектеу көп болғандықтан, шетелдіктердің жермен жұмыс істеу мүмкіндігі аз болған, "үкімет осы олқылықтың орнын толтыруға ниеттенген".

"Жерді меншігіне алған адам одан пайда көру үшін бар күшін салады" деген ұстаным болған. "Бірақ жер негізінен жекелеген адамдардың қолына өтіп, олар латифундиске айналды. Ауылшаруашылық жерлерінің жаппай айналымы мүлде болмады" дейді заңгер Майдан Сүлейменов.

Жерді аукционда сату жоспарына қарсылық наразылық жиыны. Атырау қаласы. Сол жақта - белсенді Макс Боқаев, оң жақта - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. 24 сәуір, 2016 жыл.
Жерді аукционда сату жоспарына қарсылық наразылық жиыны. Атырау қаласы. Сол жақта - белсенді Макс Боқаев, оң жақта - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. 24 сәуір, 2016 жыл.

Басылымның жазуына қарағанда, бес жыл бұрын көктемде бүкіл Қазақстанды қамтыған жаппай наразылық халықтың көкейінде жатқан көп уайымды сыртқа шығарды. Онда халық министрлерге сенбейтінін ашық білдірді.

"Ұлтшыл көзқарастар – оқиғаның тек бір бөлігі ғана. Кей сарапшылардың айтуынша, бұл наразылар қозғалысы ауылдағы ауыр тұрмыстан жылдар бойы жиналған ашу-ызаның сыртқа шыққан көрінісі болды" деп жазады басылым.

Сөйтіп, халықтың талабымен сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев жер туралы заңның бұл нормаларына бес жылға мораторий жариялаған. Оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын норманы заңға енгізуді ұйғарған. Дегенмен бұл шешімге көңілі толмайтындар бар.

Шымкенттегі фермерлер одағының басшысы Кирилл Павлов мұны "экономикалық тұрғыда зарарлы саяси қадам" деп санайды.

"Бұл тыйым онсыз да түрлі шектеулерден қиын жағдайда тұрған ауыл шаруашылығы секторының инвестициялық тартымдылығы мәселесін одан сайын күрелендіре түседі. Бұл заң үкіметтің аграрлық сектордың барлық жай-жапсарын көп түсінбейтінін тағы да дәлелдеп тұр" дейді ол. Оның айтуынша, қазақстандық инвесторлардың көбі енді Өзбекстан, Ресей сияқты елдерге бет бұруы мүмкін.

Дегенмен мұндай заң қабылдаудың өзі де бос әурешілік болып шығады дейді ол.

"[Жерді шетелдіктерге жалға беретін заң нормасына] мораторий болған кезде шетелдік инвесторлар жерді субаренда негізінде жалға алып келді, нағыз жалдаушының кім екенін ешкім тексерген жоқ" дейді Павлов.

ОТАРШЫЛДЫҚ ЕЗГІНІ ПЛАСТИКПЕН БЕЙНЕЛЕЙТІН СУРЕТШІ

Қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменова пластик дорба қалдықтарынан картина салу арқылы қазақ мәдениетін таныстырып, оның отарлық кезеңіне назар аудартады және табиғаттың ластанып жатқанын еске салады. Британдық Calvert Journal мәдени журналы Сүлейменованың туындыларына мақала арнап, оның өнерінің астарына үңіледі.

Қоқыстан картина салып, қоғамға үндеу жасаған суретші
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Суретші пластик пакеттерді жинап, картинаға айналдыру процесін Ресей империясының отарлық билігі кезінде "қоқысқа тасталған" қазақ мәдениетін жаңғыртумен байланыстырады. "Осы пластик материалға ол салған қазақ мотивтері мен образдары да бір кездері қоқысқа тасталған, олар енді қазынаға айналды" деп жазады басылым.

Пластикті қолдану арқылы ол колониализмнің Қазақстанның тарихындағы қасіретті рөлін де көрсеткісі келеді. "Пластикті тастасаң, жүздеген жыл бойы бүлінбестен жата береді, адам жадының да сондай қасиеті бар, ол санаңда қала береді" дейді Сәуле. Колониализмнің қалдырған ізі ұрпақтардың санасында жаңғырып отырады. "Қалдық естелік" атты көрмесінде ол Қазақстан тарихындағы травмаларға назар аудартады.

Мәселен бір сурет 1930-1959 жылдар аралығында бір миллионнан астам адам "халық жауы" ретінде қамалған "Карлагтың" көрінісін бейнелейді. Келесі бір картинада 1931 жылғы ашаршылық кезінде туған жерін тастап бара жатқан адамдар сомдалған. Туындылар арасында Совет одағы басшылығына қарсы көтерілген қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да көрініс тапқан.

1930 жылдардағы ашаршылық кезінде босып бара жатқан халық. Сәуле Сүлейменованың суреті. Сурет автордың жеке сайтынан алынды. https://saulesuleimenova.com/
1930 жылдардағы ашаршылық кезінде босып бара жатқан халық. Сәуле Сүлейменованың суреті. Сурет автордың жеке сайтынан алынды. https://saulesuleimenova.com/

Жұмыстары арқылы суретші табиғатты қорғауға, пластик қалдығын тастамауға да назар аудартады. "Қазақ даласын аралап жүрсең, қаптаған пластикті көресің. Малшылар жайылымға көп қоқыс тастап кетеді" дейді Сүлейменова. Оның айтуынша, қоқыстан ада, идеал табиғатты суреттеудің керегі жоқ. "Бұл – өтірік. Пластик даланың ажырамас бөлшегіне айналған, онда целлофан қаңбақ құсап ұшып жүреді" дейді ол.

Суретші 4 мың пластик пакет жинап, одан бес метрлік "Астана аспаны" атты инсталляция әзірлеген. Сәуір айында ол Дубайда тағы осындай жобаны қолға алмақ.

Көктемгі дала. Сәуле Сүлейменованың суреті. Сурет автордың жеке сайтынан алынды. https://saulesuleimenova.com/
Көктемгі дала. Сәуле Сүлейменованың суреті. Сурет автордың жеке сайтынан алынды. https://saulesuleimenova.com/

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG