Accessibility links

"Мал бар, бағатын жер жоқ". Жекеге өткен жерді ортақ меншікке қайтаруға бола ма?


Коронавирусқа байланысты карантин жарияланған Алматы қаласының іргесінде сиыр жетектеп келе жатқан әйел мен кішкентай бала. 14 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Коронавирусқа байланысты карантин жарияланған Алматы қаласының іргесінде сиыр жетектеп келе жатқан әйел мен кішкентай бала. 14 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Ауыл тұрғындары "мал бағатын жер жоқ" деп шағымданады. Сарапшылар заң қабылдап, Жер кодексін өзгерткенімен билік жайылым жерді халыққа қайтара алмай отырғанын айтса, депутат "жерді қайтаруға жергілікті әкімдіктердің құзыреті бар" деп санайды.

Ауылдан бір шақырым қашықтағы мал қораға жапсарласа салған қоршауда елу қаралы жылқы тұр. Қоршаудың кіре берісіндегі бірнеше адам "жақында құлындайтын биелерінің кешеден бері аш тұрғанына" ренжулі. Әлден уақытта жігіттердің бірі қоршаудан асып түсіп, қамаудағы жылқыларды шығаруға әрекеттене бастағанда қорадан сәл алыстау тұрған "Нива" автокөлігі есікке таяп келіп тоқтады.

Оқиғаны сырттай бақылаған Азаттық тілшісіне:

Жалғамыс ауылының Ерлан есімді тұрғыны. Алматы облысы, Талғар ауданы, 26 наурыз 2020 жыл.
Жалғамыс ауылының Ерлан есімді тұрғыны. Алматы облысы, Талғар ауданы, 26 наурыз 2020 жыл.

- Міне, жеті жылдан бері осылай айтысып, тартысып келеміз. Жылқымыз сәл қараусыз қалса қамап тастайды. Бағатын жер жоқ, - дейді Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылының Ерлан есімді тұрғыны.

Айналадағы көз жетер жер түгелімен егістік. Жыртылған жердің айналасына терең ор қазылған. Мал бағатын жер таппай қиналып жүрген Ерлан ғана емес. Алматы мен Жалғамыс ауылының арасындағы күре жол бойында оншақты сиыр мен жиырма шақты қой қайырып жүрген Сәбит Қаржаубаев та "жер жетпей" жүргендердің бірі.

Сәбит мал жайып жүрген қара жолдың қос қапталындағы ат шаптырым аумақ түгел жыртылып, бидай себіліпті.

- Тым болмаса жолдың бір бетін босатса, ауыл түгел мал ұстар еді. Мен де малымды көбейтер едім, - деп армандайды Сәбит. Оның сөзінше, жер жетпегендіктен ауыл тұрғындары мал бағуды қойған.

Мал ұстайтын ауыл тұрғынына жайылымның тарлығы уайым

Мал ұстайтын ауыл тұрғынына жайылымның тарлығы уайым
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Жер кодексінің "Жерге мемлекеттік меншік" деп аталатын 26-бабында "тұрғын халықтың мұқтажына пайдаланылатын елді мекендер шекарасы шегіндегі жайылымдық және шабындық алқаптар" мемлекет меншігінде болады деп көрсетілген.

Бұл заң бойынша Жалғамыс ауылы айналасындағы жерді емін-еркін пайдалануы тиіс еді. Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаевтың айтуынша, ауыл шетіндегі ортақ пайдаланылуы тиіс жерлер 2000 жылдардан кейін түрлі жолдармен жекеменшікке өтіп кеткен.

- Жекеменшікке өтіп, пайдаланылмай жатқан 420 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Қазір космониторинг жүргізіліп жатыр, соның нәтижесінде игерілмей, бос жатқан жердің бәрі қайтарылады, - дейді ол.

"Бұл қызметке енді ғана келдім" деген әкім алдағы уақытта жайылым проблемасымен айналыспақшы.

ЖАЙЫЛЫМДЫ ДӨКЕЙЛЕР АЛЫП ҚОЙҒАН"

Алайда 2016 жылдан бері жер мәселесімен шұғылданып жүрген қоғам белсендісі Айдын Егеубаев "жекеменшікке түрлі жолдармен өткен жайылым мен шабындықты ортаққа қайтаруға ауыл әкімдерінің шамасы жетпейді" деп есептейді.

- Ауылға тиесілі жайылымдарды дөкей шенеуніктер алып, туысқандарының атына жазып қойған, - дейді белсенді.

Қоғам белсендісі Айдын Егеубаев.
Қоғам белсендісі Айдын Егеубаев.

Айдын Егеубаевтың сөзінше, Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалалар төңірегіндегі ауыл жерлернің басым бөлігі тұрғын үй, құрылыс алаңына айналған. Ол "2004 - 2008 жылдары тұрғын үй салатын жер шамадан тыс қымбаттағанын, билік өкілдері ауыл айналасындағы жерді гектарлап алып, бөлшектеп сатқанын" еске алады.

- 2017 жылы ауыл шегіндегі жайылымдарды зерттедік. Алматы облысының Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында, Ақмола облысының аумағында ортақ жерлер сатылып кеткенін анықтадық. Сол кезде алынған кей жер әлі игерілмей жатыр. Заң бойынша екі жыл игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Осы жөнінде ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал да жолдадық, нәтиже болмады, - дейді белсенді.

Соңғы жылдары жер мәселесімен шұғылданып жүрген заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, жекеменшікке өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу қиын.

Оның сөзінше, 2018 жылы өзгерістер енгізілген Жер кодексінің 84-бабы бойынша біреудің меншігіндегі жерді халық мұқтаждығы үшін мемлекет меншікке алған кезде өтемақы төленуі тиіс немесе "Мемлекеттік мүлік туралы" заңға сәйкес сол жердің құнына тең жер беруі керек.

Ауыл маңында жайылып жүрген сиыр. Алматы облысы, 20 сәуір 2020 жыл.
Ауыл маңында жайылып жүрген сиыр. Алматы облысы, 20 сәуір 2020 жыл.

- Мәселе осыған тіреліп отыр. Өйткені, жерді мемлекет меншігіне қайтару үшін мемлекет қомақты ақша төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан жергілікті әкімдік "бюджетте ақша жоқ" деген жауаппен сытылып кетеді, - дейді заңгер.

Заңгер қарапайым адамдардың жер дауына байланысты іске жиі араласатынын, тіпті бірде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында бір ауыл жері бір отбасының меншігіне айналып кеткеніне куә болғанын айтады.

"ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІКТЕР ЖЕРДІ ҚАЙТАРА АЛАДЫ"

Жайылым тапшылығына байланысты Қазақстанда 2017 жылы "Жайылымдар туралы" арнайы заң қабылданып, 2018 жылы Жер кодексіне өзгеріс енгізілген.

Бұдан бөлек 2018 жылғы 4 мамырда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңмен Жер кодексіне "жергілікті халыққа аналық (сауын) мал басын ұстау үшін жайылым алқаптарын айқындау туралы" нормалар қосылған.

Осы екі заңды дайындауға қатысқан парламент депутаты Әли Бектаев жергілікті биліктің қолында жерді қайтара алатын құзырет бар деп санайды.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев.

- Жергілікті әкімдіктер ортақ пайдаланылатын жайылымды жекеменшіктен ала алады. Жайылымның бәрі жекеменшікте емес. Көпшілігі 49 жылға жалға берілген. Оны да алып, ортақ пайдаланымға беруге болады, - дейді ол.

Депутат Бектаевтың сөзінше, "Жайылымдар туралы" заңның "Жайылымдарды беру және пайдалану" деп аталатын бабына сай жергілікті атқарушы билік халық мұқтаждығы үшін жер учаскелерін мемлекет меншігіне ала алады.

Бұл заң бойынша, ауыл маңында жайылатын мал санын жергілікті мәслихат белгілейді. Егер, мал көбейген жағдайда ауылдан тыс жерден жайылым белгіленіп, сонда бағуға міндеттейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген мәліметіне қарағанда, Қазақстанда елді мекендер маңындағы жайылым аумағы - 20,9 млн гектар. Министрлік әзірге ауыл маңында игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып жатқанға ұқсайды. Осы кезге дейін 7,2 млн гектар жер қайтарылған​.

Егістік жанында сиыр бағып жүрген адам. Алматы облысы, Талғар ауданы. 20 сәуір 2020 жыл.
Егістік жанында сиыр бағып жүрген адам. Алматы облысы, Талғар ауданы. 20 сәуір 2020 жыл.

Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қазақстанның барлық облыстарында жайылым жетіспейтінін" айтады.

Статистика комитетінің 2020 жылғы 1 қантардағы есебіне қарағанда осыдан төрт жыл бұрын 3 миллион 886 мың 130 сиыр болса, 2020 жылы 4 миллионнан асқан. Басқа да мал саны осы қарқында көбейген. Бұл статистикаға өз алдына жайылымы бар ірі шаруашылықтардың малы да, Жалғамыс сияқты жайылым жерге зар болып отырған жүздеген ауылдың малы да кіреді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG