Accessibility links

Жамбыл ауданының Жайсаңында жер дауы ушығып тұр


Алматы облысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылындағы жер дауы жиналысына жиылған тұрғындар. 26 маусым 2017 жыл.
Алматы облысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылындағы жер дауы жиналысына жиылған тұрғындар. 26 маусым 2017 жыл.

Алматы облысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылында жер дауынан төбелес шықты. Таласқа түскен жер – ауыл іргесіндегі «жайылым». Жерді жалға алған - кәсіпкер, «малды қайда жаямыз?» деп наразы болғандар – 50-ден астам оралман. Кәсіпкер өкілі жерді «жалға алғандарын» айтады, әкімдік оны растайды. Ал оралмандар әкімдік берген жайылым «ауылдан алыс және ол жерде су жоқ» дейді.

Тұрғындар таласқа түскен жердің Жайсаң ауылының батыс іргесінен басталатынын айтады. Жерді жалға алған «ТОО Медеу-Комерс» мекемесі мәліметтеріне қарағанда, жердің көлемі - 300 гектар.

«МАЛДЫ ҚАЙДА ЖАЯМЫЗ?»

Азаттық тілшісі Жайсаңға барғанда наразы тұрғындар ауыл ортасына жиналып жатты. Жиылған 50-ден астам оралманның пікірінше, «мал жаятын жерлерін жеке кәсіпкер заңсыз пайдаланып жатыр».

Алматы облысы Жамбыл ауданы Жайсаң ауылындағы шөп тиеген көлік. 26 маусым 2017 жыл.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Жайсаң ауылындағы шөп тиеген көлік. 26 маусым 2017 жыл.

Тұрғындар сөзіне қарағанда, ауыл іргесінен басталатын даланы олар «жайылым ретінде пайдаланып келген». Бірақ төрт жыл бұрын бұл жерге талас басталып, биыл ол жерді жалға алған қожалық жыртып тастаған. Тұрғындар «жердің енді мал жаюға келмей қалғанын» айтады.

Жоғарыдағылардың айтуынша, ауыл маңындағы жерді жалға беруге, сатуға болмайды. Көктемде өткен жиналыста [кәсіпкерге] бұдан басқа жерді береміз деген. Енді міне 100 метр ғана тастап қойып отыр.

Оралмандардың сөзінше, «жердің әлегінен бұған дейін де бірнеше жиналыс өткен, солардың бірінде ауыл әкімі Ержан Қосымшалов жерді жалға алған кәсіпкерден егістікті ауылдан «сәл әрі» салуды сұраған». Кәсіпкердің оған құлақ аспағаны көрініп тұр, жалға алушы жерді кей тұрғындардың әжетханасының түбінен бастап жыртқан. Жайсаңға Қытайдан 2006 жылы көшіп келгенін айтқан тұрғын Қасенхан Ұзақ:

- Жоғарыдағылардың айтуынша, ауыл маңындағы жерді жалға беруге, сатуға болмайды. Көктемде өткен жиналыста [кәсіпкерге] бұдан басқа жерді береміз деген. Енді міне [бізге] 100 метр ғана тастап қойып отыр. Бәріміз бірді-екілі малмен күн көріп отырмыз. Ал, жайылымның түрі мынау, - дейді ауыл шетін көрсетіп.

Алматы облысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылындағы дауы жерді жыртып жүрген техника. 26 маусым 2017 жыл.
Алматы облысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылындағы дауы жерді жыртып жүрген техника. 26 маусым 2017 жыл.

Ауыл тұрғындары жерді жалға алушылардың «егістік жерге мал кіріп кетсе, оны қамап қойып, айыппұл төлеген соң ғана, қайтаратынын» айтып шуласты.

Ал өзін жерді жалға алған «Медеу-Комерс» ЖШС-інің бас маманы ретінде таныстырған Арыстанбек Тағаев жердің мемлекеттік актісін көрсетіп:

- Ауылға жақында ферма салынады. Соған байланысты бұл жерде мал азығын дайындап жатырмыз. Жер мемлекеттік бағдарламамен 49 жылға жалға алынған. Ал егістікке түскен малды қамап қою туралы заң биыл шықты, - деді.

Алайда тұрғындар кәсіпкер өкілі көрсеткен «құжаттардың заңдылығына күмән келтіретіндерін», «жер иелерінің өткен жылы да біраз малды қамағанын, қайтару үшін 40 000 теңге сұрағандарын» айтып, даурығысып кетті.

Жайсаңдағы жер дауы туралы Азаттықтың видеорепортажы:

Жайсаңдағы жер дауы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:03:31 0:00

«ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР БӨЛІНГЕН»

Ал жиналысқа келген ауыл әкімі Ержан Қосымшаловтың сөзінше, «тұрғындарға жайылымдық жер бөлініп берілген, мал жаятын жерге қатысты ешқандай проблема жоқ».

Кәсіпкердің жалға алып отырған жері әу бастан егістікке арналған.

- Кәсіпкердің жалға алып отырған жері әу бастан егістікке арналған, - деді ол.

Алайда оның бұл сөзін естіп тұрған тұрғындар «жайылымға бөлінген жердің ауылдан тым алыста және онда су жоқ екенін» айтып шуласты. Тұрғындар мәліметіне қарағанда, жайылым деп әкімдік берген жер «ауылдан 5-6 километр қашықта жатыр».

Жайылымға жер бөлінгенін айтқан ауыл әкімі Қосымшалов жиынға тілшілердің келгенін көріп, тұрғындарға "Журналистерді неге шақырдыңдар?" деп кейіп, тез кетіп қалды. Одан кейін «Медеу-Комерс» ЖШС өкілдері де қайтуға бейімделді. Алайда осы кезде даулы жерді күзететін қарауыл мен ауыл тұрғындары арасында ерегес шығып, бір-біріне қол сілтескен екі адамды арашалаған жұрт шаң-шұң болды да қалды. Әлгі екі адамды ажыратқаннан кейін тұрғындар «енді жер дауына қатысты шағымдарын сотқа беретіндерін, биліктегі «Нұр Отан» партиясы мен аудандық әкімдікке арыз түсіретіндерін» айтып тарасты.

Алматы облысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылындағы жер дауы кезінде ерегесіп қалған тұрғындар. 26 маусым 2017 жыл.
Алматы облысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Жайсаң ауылындағы жер дауы кезінде ерегесіп қалған тұрғындар. 26 маусым 2017 жыл.

Алматы қаласынан 70-80 километрдей жердегі Жайсаң ауылында шамамен 400-дей түтін бар. Соның жүз шақты отбасы - оралмандар. Тұрғындар орта есеппен «әр үйде ірілі-ұсақты кемінде 20 бас мал барын» айтады. Ауыл азаматтары «мал бағудан өзге, күнделікті нәпақаларын Ұзынағашта қара жұмыс істеп табатындарын» баяндады.

Бұл Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округінде бірінші рет шығып тұрған жайылым дауы емес. 2016 жылы Көкдала ауылының бір топ тұрғыны Азаттыққа жайылым жердің дауын айтып хабарласқан. Ол жолы да жерге талас кәсіпкер мен тұрғындар арасында шыққан еді. Ол даудың мән-жайын «Ақсеңгір ауылдық округіндегі жайылымдық жердің дауы» мақаласынан оқи аласыз.

XS
SM
MD
LG