Accessibility links

Үкімет Алматы мен Атырауда Ресей университеттерінің филиалын ашуды жоспарлайды


Қазақстан үкіметі Алматы мен Атырауда Ресейдің екі университетінің филиалын ашу жобасын талқыға шығарды.

Үкімет Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Ресейдің ұлттық ядорлық зерттеу университетінің ("МИФИ") филиалын, Атыраудағы Өтебаев атындағы мұнай-газ университетінің базасында Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ мемлекеттік университетінің филиалын ашуды жоспарлайды.

Филиалдардың басты қызметі "жоғары және университеттен кейінгі білім беру, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстармен айналысу" деп көрсетілген.

Жоспарға сай, білім беру Қазақстандағы филиалдарда 2-3 жыл көлемінде жүреді, ал университеттердің Ресейдегі корпусында білім беру 1-2 жыл болады. Оқу процесі кезінде Ресейдегі университеттердің бас корпусындағы оқытушы-профессорлар құрамының 50 пайызы сабақ береді.

Ресей университеттерінің филиалдары мемлекеттік грант, ғылыми жоба, инвестиция, студенттердің оқуға төлейтін ақшасы сияқты көздерден қаржыландырылады.

Екі елдің үкіметтері Қазақстандағы университеттер базасында ресейлік оқу орындарын ашу туралы бес жылдық келісімге биыл ақпанда қол қойған. Бұл келісім бес жылдан кейін ұзаруы мүмкін.

Ресей білім және жоғарғы білім министрлігігінің айтуынша, Ресейдің ұлттық ядорлық зерттеу университетінің ("МИФИ") филиалы "екі елдің еңбек нарығына қажетті мамандар дайындайды".

Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы сөз болып жатқан тұста Ресей университеттерінің филиалын ашу мәселесі талқыға салынып отыр.

"Қазақстан атом электр станциялары" компаниясы құрылысқа атсалысатындардың қатарына Ресейдің "Росатомын" да қосты. Қазақстандық компания басшылығы "Росатомды" станцияларды "көп салып жүрген компания" ретінде сипаттайды.

11 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық университеттерінің филиалдары ашылатынын мәлімдеді. Ол 2025 жылға қарай Қазақстанда "шетелдік беделді университеттердің кемі бес филиалы ашылуы тиіс" деген. Араға бір апта салып мемлекеттік "Болашақ" стипендиясымен барып оқуға болатын оқу орындарының тізіміне Ресейдің бес университеті енді. Олардың қатарында "МИФИ" бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG