Accessibility links

Нұр-Сұлтан қалалық архитектура басқармасының бастығы Нұрлан Ұранхаев Абай облысына әкім болды


Нұлан Ұранхаев
Нұлан Ұранхаев

Нұр-Сұлтан қаласының архитектура және қала құрылысы басқармасының бастығы Нұрлан Ұранхаев жаңадан құрылған Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Ақорда баспасөз қызметі 10 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысының мәслихатына Нұрлан Ұранхаев пен Асхат Смаиловтың кандидатурасын ұсынғанын хабарлаған.

Семей қаласында өткен облыстық мәслихат жиынына президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу барған. Нұрлан Ұранхаевты 89 депутат, Асхат Смаиловты 25 депутат қолдап дауыс берген.

Референдумнан кейін конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша, Қазақстан президенті мұнан былай жергілікті мәслихаттарға екі кандидат ұсынып, әкім қызметіне біреуін таңдауды сұрайды. Сыни көзқарастағы сарапшылар мұны айтарлықтай өзгеріс емес деп санайды. Бұрын президент бір кандидат ұсынып келген.

Нұрлан Ұранхаев 1965 жылы Семей қаласында туған. 2006 жылы Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі, шетелге кетіп, Қазақстан билігімен арасы ушыққан Виктор Храпуновтың орынбасары болған. Кейінгі жылдары Нұр-Сұлтан қалалық архитектура және қала құрылысы басқармасының бастығы қызметін атқарған.

2020 жылы Нұрлан Ұранхаев "20 миллион теңге жымқырды" деген күдікке ілінгені жайлы хабар тараған. Бұл жөнінде Жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мәлімдеген болатын.

Нұрлан Ұранхаевтың Абай облысының әкімі болып тағайындалатыны туралы қауесет мәслихатта дауыс бермей тұрғанда шыққан. Бірақ Ұранхаевтың өзі ол ақпарат жайлы айтудан бас тартқан.

Абай облысы 8 маусымда президент жарлығымен құрылған. Орталығы Семей қаласы болып саналатын жаңа облыстың аумағы өзі бөлініп шыққан Шығыс Қазақстан облысынан екі есе үлкен. Шығыс Қазақстан облысының әкімі бұрынғы ескі гвардияның өкілі – Даниял Ахметов. Қазақстан президенті оның өкілетін "мемлекеттік қызметтегі көп жылдық тәжірибесін ескере отырып" ұзартып берген.

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау және Алматы облыстарының әкімдерін тағайындады.

Қазақстанда жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылатынын Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурызда хабарлап, 4 мамырда жарлыққа қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG