Accessibility links

Қырғызстан соғысқа қарсы акция өткізген Ресей азаматын ұстап, қайта босатты


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Қарақол қаласында қырғыз қауіпсіздік қызметі Ресей азаматы Илья Шафрановты ұстап, қайта босатты.

Азаттықтың Қырғыз редакциясына хабарласқан "Кылым шамы" адам құқығын қорғау ұйымының ақпаратына қарағанда, Ресей азаматы соғысқа қарсы акцияға шыққан. Мұны "белгісіз адам ұлтаралық араздық туғызу деп есептеп, құқық қорғау органдарына шағым түсірген".

"Бұл шағым бойынша Илья Шафранов жауап берді", – дейді "Кылым шамының" жетекшісі Гүлшайыр Әбдірасылова Facebook парақшасында.

Бірқатар құқық қорғаушылар Ресей азаматы акция өткізетіні жайлы қырғыз билігіне хабарлап, келісімін алған деп сендіреді. Қырғызстандағы азаптаудың алдын алу ұлттық орталығының директоры Бақыт Рысбеков аймақ милициясына сілтей отырып, Илья Шафрановты Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстағанын растады. Қырғызстан арнаулы қызметі бұл жөнінде түсінік бермеген.

Ресей әскері Украинаға басып кіргелі Қырғызстанда Киевті қолдап, соғысты тоқтатуға шақырған түрлі акциялар өткен. Бішкектегі сондай пикеттердің біріне шыққан белсенді Мирлан Асакеевті (Мирлан Атакозу-тегі) милиция әкетіп, "құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін" 3 мың сом айыппұл салған. Одан кейін де осыған ұқсас оқиға бірнеше қайталанған.

Биыл наурызда Қырғызстан билігі 1 сәуір мен 1 шілде аралығында Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптайтын акциялардың кез-келген түрін өткізуге тыйым салған.

Ресей әскерінің Украинаға басып кіргеніне наразылық акциялары Қазақстанда да өтті. Ақпан айында Алматыда Реесй елшілігі алдында рұқсат етілмеген жиынға қатысқандар ұсталған. Науыр айының бас кезінде Алматыда рұқсат етілген жиын өтіп, бірнеше мың адам қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG