Accessibility links

"Мәскеу шамданбасын деп..." Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізу машақаты


Украинадағы соғысқа қарсы митинг. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Украинадағы соғысқа қарсы митинг. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Алматыда Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы 6 наурызда өткен жалғыз акциядан кейін тағы да сондай шара ұйымдастыруға билік рұқсат бермей отыр. Нұр-Сұлтан кейінгі кезде, әсіресе батыс аудиториясына Украина жайлы бұрынғыдан сәл өзгеше сөйлей бастағанымен, Кремльдің шамына тиіп кетуден жасқанатындықтан, Ресей агрессиясына қарсы азаматтардың бейбіт жиын өткізіп, ой-пікірін еркін білдіру құқығын шектейді дейді сарапшылар.

СОҒЫСҚА ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРУГЕ ҮНДЕГЕНІ ҮШІН ЖАЗАЛАУ

39 жастағы Алексей Плясковский 4 сәуірде Қостанайдағы әкімшілік қамауға алынған адамдар жазасын өтейтін мекемеден бостандыққа шықты. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы "Stop War" ("Соғыс тоқтатылсын") деген тақырыпта 6 наурызда Алматыда биліктің келісімімен өткен бейбіт митингіден соң көп ұзамай 8 тәулікке қамалған еді. Жұртты соғысқа қарсы митингіге қатысуға үндеген белсендіні билік "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп жауапқа тартты.

Алексей Плясковскийдің түрмеден шыққан сәті. Қостанай, 4 сәуір 2022 жыл. Фото Алексей Плясковскийдің өзінен алынды.
Алексей Плясковскийдің түрмеден шыққан сәті. Қостанай, 4 сәуір 2022 жыл. Фото Алексей Плясковскийдің өзінен алынды.

Плясковский 5 наурызда Facebook-тегі парақшасына жариялаған видеода Алматыда 6 наурызда Украинадағы соғысқа қарсы митинг өтетінін хабарлап, әр азаматты өз аймағында бейбітшілікті қолдайтын осындай акцияға қатысуға шақырған.

"Көрші тәуелсіз елге басқыншылық жасап, әлемге ядролық қарумен қоқан-лоқы көрсеткен Ресей агрессор, оккупант болып отыр. 6 наурызда өтетін "Соғысқа жол жоқ!" акциясын қолдап, өз қалаңыздағы әкімдік жанына, алаңға шығуға шақырамын. Сонымен қатар ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) мен ЕАЭО (Еуразия экономика одағы) тәрізді диктаторлар одағынан шығуды талап етемін. Украина даңқы арта берсін! Алға, Қазақстан!" деген Плясковский видеоүндеуінде.

Белсенді видеосын жариялаған соң өзіне учаскелік полиция инспекторы хабарласып, кездесуді ұсынғанын айтады. Плясковский кездесуден бас тартқан. Кейін полиция инспекторы да мазалауды доғарып, барлығы тынышталғандай болған еді дейді ол.

– 6 наурызда үйімді торуылдағандар көбейгендіктен өзім айтқан акцияға қатыса алмадым. Кейін бәрі тынышталғандай болған. 15 наурызда Қостанайдағы халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымда полиция бөлімшесіне күштеп алып кетті. Сол жерде бес сағат ұстап, кешке әкімшілік сот өткізді. Ешбір хаттамаға қол қоймадым, кінәсіз екенімді айттым. Сот мені 8 тәулікке қамау туралы қаулы шығарып, абақтыға жауып тастады, – дейді қостанайлық белсенді.

Украинаны қолдау акциясы. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

"Путин, Гаага, түрме!" Алматыда Украинаны қолдау митингі өтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:45 0:00

18 наурызда Плясковский адвокаты Ғалым Нұрпейісов берген өтініштен соң үш тәуліктен кейін бостандыққа шыққан. Бірақ 30 наурызда Қостанай облыстық соты оның апелляция шағымын қанағаттандырмаған соң Плясковскийді жазасының қалған бөлігін өтеуге қайта қамаған. Осылайша белсенді әу баста сот кескен жаза мерзімін толық өтеп шықты.

– Үкімет кез келген көпшілік шарадан, қарапайым адамдардың белсенділігінен қорқады деп түсінемін. Біздің билік Ресейдің құпия одақтасы. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі Ресейге қарыздар. Сондықтан "Соғысқа жол жоқ!" дегенім үшін мені соттау биліктің нақты ұстанымы жоғын білдіреді деп санаймын, – дейді Алексей Плясковский.

Ол сот шешімімен келіспейтінін, енді Жоғарғы сотқа шағымданып, онда да әділдік таба алмаса, ары қарай БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитетіне арызданатынын айтады.

Ресей басқыншылық жасаған Украинаны қолдау акциясы 6 наурызда Алматыда, қала орталығынан шеткері, жұрт көзінен таса жерде орналасқан "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы аумағы тар алаңда өтті. Бейбітшілікті ұран еткен акцияға бірнеше мың адам қатысты. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Ресей оккупациясына наразылық жазылған плакат ұстап, "Соғысқа жол жоқ!", "Украина жасасын!", "Путин. Гаага. Түрме", "Үнсіздік – қолдаумен пара-пар" деп айқайлады. Бейбіт жиынға қатысқандарды полиция ұстаған жоқ.

СОҒЫС ТАҚЫРЫБЫН ҚОЗҒАУҒА ТЫЙЫМ

6 наурыздағы митингіден кейін қазақстандық белсенділер Украинадағы соғыс пен Ресей агрессиясына қарсылық акциясын тағы да өткізуге бірнеше рет талпынғанымен, билік түрлі желеумен рұқсат етпеді.

19 наурызда алматылық белсенді Әлнұр Илияшев бастаған бірнеше азамат Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда соғысқа қарсы көпшілік шара өткізу жөнінде тиісті хабарлама тапсырды, бірақ қала әкімдігі келісім бермеді.

Илияшевке әкімдік ол жерде билікті қолдайтын "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы таңертеңгі 10:00-нан 19:00-ға дейін шара өткізетінін айтқан. 19 наурызда Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдындағы алаңда билік партиясы ұйымдастырған Тоқаевты қолдау акциясы өтті, бірақ екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ал соғысқа қарсы белсенділер митингіні түстен кейін өткізбек болған еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау акциясы. Шоқан Уәлиханов ескерткіші тұрған алаңда өткен шараны биліктегі "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы ұйымдастырған. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау акциясы. Шоқан Уәлиханов ескерткіші тұрған алаңда өткен шараны биліктегі "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы ұйымдастырған. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Алматылық тағы бір белсенді Дәулет Әбілқасымов 3 сәуірге Украинаны қолдап бейбіт шеру өткізетіні жайлы қала әкімдігіне жазбаша хабарлама берген, бірақ билік ол сұраған жерде жөндеу жұмысы жүргізілетінін алға тартқан.

– 17 сәуірге Украинаны қолдап бейіт шеру өткізу туралы тағы өтініш бердім. Әзірше жауап жоқ. Әкімдіктегілер "сендерге өткенде бердік, сол жетеді" дейді. Бірақ біз [Украинадағы] соғыс біткенше өтініш жаза береміз, – дейді Әбілқасымов.

Қазақстан қоғамында Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы көңіл-күй билікке жақпай қалғанын 2 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен әлеуметтік желіні бұғаттауға наразылық митингісінен де байқауға болады дейді белсенділер.

Әлеуметтік желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін заң жобасына қарсы митингіге қатысушылар. Нұр-Сұлтан, 2 сәуір 2022 жыл.
Әлеуметтік желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін заң жобасына қарсы митингіге қатысушылар. Нұр-Сұлтан, 2 сәуір 2022 жыл.

Шараны ұйымдастырған Әсел Есқабылова митинг кезінде өзіне әкімдік қызметкерлері тақырыптан ауытқымауын бірнеше рет ескерткенін мінбеден мәлімдеді. Билік өкілдері рұқсат етілген акция барысында Қазақстандағы адам құқықтарының жайы туралы сөйлеген бірнеше адамның сөз соңында "Соғысқа жол жоқ!", "Украина даңқы арта берсін!" деген ұрандар айтып, осындай жазуы бар жейде киіп келгенін көрген соң ескерту жасаған.

– Маған "тақырыптан ауытқымаңдар" деп жатыр. Сөйлеушілер сөзі үшін мен жауап бермеймін. Әкімдік өкілі мұны да естісін деп айтып тұрмын, – деді митинг кезінде Әсем Есқабылова көпшілікті хабардар етіп.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ МӘЖБҮРЛІ МАНЕВРІ"

Алматылық белсенділердің 6 наурыздан кейін соғысқа қарсы митинг өткізуіне биліктің келісім бермеуін саясаттанушы Димаш Әлжанов бейбіт шерулерге тыйым салу және азаматтардың Кремльге қарсы көңіл-күйін дүйім жұртқа жария етпеуге, көрсетпеуге тырысатын қолданыстағы ескі әдіс деп атайды.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

– Қазақстанның саяси басшылығы мен [ел президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев қазір Ресейге тәуелді болып отыр. Сондықтан да ҰҚКҰ мен ЕАЭО құрамынан шығу туралы ашық наразылық акциясына жол бермеуге тырысады, – дейді Әлжанов.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис "соғысқа жол жоқ", "соғысқа қарсылық білдірейік" дегенді шақыру деп қабылдап, сол үшін адамды көпе-көрнеу соттау – азаматтардың өз ой-пікірін еркін айтуына тұсау салуға тырысу деп бағалайды.

– Пікір айтуға тыйым салуға ешқандай биліктің құқы жоқ. Халықаралық стандарттарда зорлық-зомбылыққа, өшпенділік пен жауласуға шақыратын әрекетке салынған тыйымдар бар. Ондай адамдарды мемлекет қылмыстық жауапкершілікке дейін тарта алады. Ал "Соғыс тоқтатылсын" деген сөз зорлық-зомбылыққа үндейтін іс-әрекетке жатпайтыны айдай анық. Сондықтан, егер көршіміз "соғыс" сөзін қолдануға тыйым салса, бірақ оны әлемнің 140 елі соғыс деп нақты өз атымен атап отырса, онда ол біздің емес, көршіміздің проблемасы, – дейді Жовтис.

Орыс тілінде сөйлейтін орта бар өзге елдердегі сияқты Қазақстанда да Ресейдің Украинадағы іс-әрекетіне әртүрлі көзқарас бар, ал қоғамның екіге жарылғаны билікті алаңдатады дейді құқық қорғаушы. Басқа елге әскер кіргізіп, бейбіт халыққа қасірет әкелген іс-қимылды жақтайтын көңіл-күйге Ресейдің көп жыл бойғы жүргізген пропагандасы да әсер еткенін айтады.

– Қазір шындығында соғысқа қатысты пікір айтқанда бөлініп-жарылу барлық ортада, тіпті отбасында, дос-жарандар мен қызметтестер арасында да бар. 20 жылдан бері Ресей ақпарат құралдарын журналистикаға еш қатысы жоқ, кәдімгі классикалық үлгідегі пропаганда қаруы етіп, өз халқы ғана емес, оның үгіт-насихаты жеткен жердегі баршаның санасын улады. Ал Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндердің үлесі ауқымды болғандықтан, олардың арасында Путин басқаратын Ресей әлдебір нацистермен күресіп жатыр деп ойлайтындар аз емес. Ондайлардың қатарында орыстар ғана емес, орысша сөйлейтін аға буын қазақтар да бар. Мұндай жағдай, әрине Қазақстан билігін қатты алаңдатады, – дейді Жовтис.

Ол Ресеймен ортақ жеті мың километр шекарасы бар Қазақстанның бұл жағдайда тек маневр жасаудан басқа амалы жоғын айтады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Украина сияқты Будапешт меморандумына біз де қол қойғанбыз. Бірақ Ресей "оқу-жаттығу өткіземіз" деген сылтаумен одақтасы саналатын Беларусь жеріне әскерін апарып қана қоймай, іс жүзінде өз аумағында жүргендей ол елден Украинаны атқылағанын көрдік. Сондықтан [қазақстандық] билік бір жағынан Ресейдің ашуына тимей, екінші жағынан, Қырым аннексиясы мен Донбастағы "тәуелсіз құрылымдарды" мойындамай, суды үріп ішуге тырысып, маневр жасауға мәжбүр, – дейді құқық қорғаушы.

Украина 1994 жылғы желтоқсанда Ресей, АҚШ және Ұлыбританиямен бірге Будапешт меморандумына қол қойған. Оған сәйкес, Украина өз аумағында совет кезеңінде жиналған барлық ядролық қаруды шығарып, оларды жоюға Ресейге жіберіп, содан кейін ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қоюы керек болатын – Украина ол уәдесінде тұрды.

Ресей мен меморандумға қол қойған батыс елдері Украинаның егемендігі мен жерінің тұтастығын, тәуелсіз ел ретінде оған қол сұқпау саясаты қолданылатынын мойындаған.

"УКРАИНА ЖЕРІНІҢ ТҰТАСТЫҒЫН ҚОЛДАЙМЫЗ"

4 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық National Interest басылымында жарияланған мақаласында әлемнің басқа елдері сияқты Қазақстан да Украина аумағының тұтастығын құрметтейтінін жазды. Осы мақаласында Тоқаев Украинаға басып кірген Ресейдің іс-әрекетін алғаш рет "соғыс" деп атады.

Ресей бастаған соғысқа қарсылық және Украинаны қолдау митингісі. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Ресей бастаған соғысқа қарсылық және Украинаны қолдау митингісі. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

"Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын шекарасы бар елдер ретінде ерекше қарым-қатынасты қолдап келеді. Бұған қоса Украинамен де терең достық қарым-қатынас бар. Біз әлемнің басым бөлігіндегі елдер сияқты Украина аумағының тұтастығын қолдаймыз" деген Тоқаев.

Қазақстан президенті Ресей мен Украина қақтығысы БҰҰ жарғысына сай реттеледі деп үміттенетінін айтып, екі ел президенттерін кездесіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Ол Қазақстанның осы жолда халықаралық араағайын рөлін атқаруға ниеті барын және оны жалғасыра беретінін айтқан.

Өткен аптада Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Брюссельге сапары кезінде EURACTIV news басылымына "Қазақстанның Украина жерінің тұтастығын құрметтейтінін, Қырым аннексиясы мен Украина шығысындағы "ДХР" мен "ЛХР" (өзін өзі жариялап алған сепаратистік құрылымдар – ред.) тәуелсіздігін ешқашан мойындамағанын және мойындамайтынын, Қазақстан тек БҰҰ деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана орындайтынын, Ресейге Батыстың салған санкциясын айналып өтуге көмектеспейтінін" мәлімдеген.

7 сәуірде БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғысы үшін Ресейдің БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығарды. БҰҰ қабылдаған қарарда Ресей әскерінің Украина аумағында адам құқығын өрескел бұзғаны айтылады.

93 ел Ресейді кеңес құрамынан шығаруды жақтап дауыс берген. Ал қарсы дауыс берген 24 елдің арасында Қазақстан, Қытай және өзге мемлекеттер бар. 58 ел қалыс қалған. Reuters агенттігінің жазуынша, Ресей қарарды қолдап дауыс беруді достыққа жат қадам деп қарайтынын мәлімдеген.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның оңтүстік-шығысында соғыс басталған кезде Қазақстан бейтарап қалуға тырысып, ресми позициясын білдірмеген еді. Ал 2020 жылы Deutsche Welle сайтына берген сұхбатында президент Тоқаев "Қырымға қатысты аннексия сөзін пайдалану тым ауыр" деген сөзі үшін қатты сынға да қалған.

Қазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік келісім бермеген шараға келгендерді әдетте ұстап, әкімшілік жауапқа тартады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды азаматтардың бейбіт түрде жиналып, ой-пікірін еркін білдіру бостандығын шектемеуге шақырған.

16 наурызда парламентте халыққа жыл сайынғы жолдауын жариялаған президент Тоқаев елде өз пікірін айту құқығын пайдалануда азаматтарға "жеңілдіктер" болмайтынын айтып, "қазір митинг өткізетін мезгіл емес" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG