Accessibility links

Сот Теміртау шенеуніктерін бұрынғы "Қармет" еңбек мүгедегін бюджет есебінен оңалтуды міндеттеді


Игорь Пужихин бұрынғы "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының еңбек мүгедектері бастамашыл тобының мүшесі. Ол Теміртау шенеуніктерін сотқа беріп, жеңіске жетті.
Игорь Пужихин бұрынғы "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының еңбек мүгедектері бастамашыл тобының мүшесі. Ол Теміртау шенеуніктерін сотқа беріп, жеңіске жетті.

13 маусымда Қарағанды облыстық соты Теміртау қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдаламалар бөлімінің апелляция шағымын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды. Шенеуніктер бұрынғы "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының еңбек мүгедектеріне денсаулығын оңалту қызметін көрсетуден бас тартқан еді.

Облыстық сот алқасы мүгедектер бастамашыл тобының мүшесі Игорь Пужихиннің талабын қанағаттандырып, олардың денсаулығын оңалту мемлекеттің, яғни Теміртау қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдаламалар бөлімінің міндетіне жатады деген бірінші инстанциядағы сот шешімімен келісті.

Сот алқасы шешімін түсіндірген судья Мұрат Туғанбаев мемлекет әлгіндей міндетті "АрселорМиттал" компаниясына (металлургия комбинаты сатылғаннан кейін үндістандық миллиардер Лакшми Митталдың меншігіне өткен – ред.) жүктей алмайтынын айтты. Өйткені "Қазақстан үкіметі мен компания арасында жасалған келісімде "АрселорМиттал" мүгедектердің денсаулығын оңалтуға байланысты міндеттеме алмаған деді судья. Соттың пікірінше, бұл жағдайда ол міндет мемлекетке жүктеледі.

– "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамының қазір төлем жасауға қабілеті жоқ, оған талап иесі Пужихин кінәлі емес. Бұл кәсіпорын жекешелендіріліп, барлық активтері инвесторға берілген. Іс жүзінде бұрынғы мемлекеттік кәсіпорын дәл сол мемлекеттің – үкіметтің кінәсінен жұмыс істемей, дүние-мүліксіз, тек қордаланған қарызы бар ерекше жағдайда қалды. Бұл заңды тұлғада жұмыс істеген мүгедектер қазір тығырыққа тіреліп отыр. Сондықтан, сот алқасы бұл міндеттерді мемлекет мойнына алуы керек деп санайды, – деді Қарағанды облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі алқасының төрағасы Мұрат Туғанбаев.

2022 жылғы ақпанда бірінші сатыдағы сот Теміртау қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдаламалар бөлімін мүгедек Игорь Пужихинге протез беруге және денсаулығын оңалту қызметін көрсетуге міндеттеп шешім шығарған. Шенеуніктер болса Қарағанды облысындағы еңбек мүгедектерінің мемлекеттен қажетті әлеуметтік қолдаудан қағылуының себебін "Қармет" кәсіпорнын тарату шарасының жүргізілмеуімен байланыстырады.

Сот дауына үшінші тарап ретінде қатысқан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің өкілі "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамында мемлекеттің үлесі болғандықтан, оны тарату туралы қаулыны тек үкімет қабылдайды деп мәлімдеді. Өкіл "Қармет" мүгедектерінің денсауылығын оңалту шығынын кім төлеуі тиіс деген сұраққа жауап бере алмады, бірақ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті алғашқы сатыдағы сот шешімімен келісетінін айтты.

Өндірісте мүгедек болған Игорь Пужихин сот алқасынан алғашқы инстанция сотының шешімін күшінде қалдыруды өтінген. Ол компанияның мүгедекке ай сайын төлем төлеуге ғана міндеттеме алғанын, ал "Қармет" мүгедектерін басқа міндетті нәрселермен – протезбен қамтамасыз ету, санаторийге емделуге жолдама беру және басқа оңалту қызметін көрсету мәселесі шешілмей келе жатқанын айтқан.

Пужихин бұған дейін сот ісіне мүдделі тұлға ретінде "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамында еңбек етіп, мүгедек болған, ондаған жылдан бері мемлекеттен жәрдем ала алмай жүрген бірнеше адамды қатыстыруды өтінген. Бірақ сот алқасы ол өтінішін қанағаттандырмады.

"Қармет" комбинаты 1995 жылы жеке меншікке сатылғаннан кейін Қарағанды облысында мемлекеттен берілетін көмектен айырылып қалған ондаған еңбек мүгедегі бар. Осындай мүгедек жандардың көбі не мемлекеттен, не кәсіпорыннан ешқандай жәрдемге қол жеткізе алмай дүниеден өтті.

Биыл еңбек мүгедектері бастамашыл тобының мүшесі Игорь Пужихин денсаулығын оңалту қызметіне қол жеткізе алмағанын айтып, Теміртау қаласы шенеуніктерін сотқа бергеннен кейін заңдағы олқылықтар мен комбинаттың қалай сатылғаны туралы біраз жайттың беті ашылды.

Сот барысында "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы заңды тұлға емес екені және салық төлемегені анықталды. Кәсіпорын 2000 жылы, яғни жеке меншікке сатылғаннан кейін бес жылдан соң тіркелген.

Бірақ заңда кәсіпорын жабылмай, меншік түрі өзгеріп, қайта құрылса, алайды мүліктің жаңа иесі өндірісте денсаулығынан айырылған азаматтардың шығындарын өтеу міндеттемесін өз мойнына алмаса, жұмысшылар үшін кім жауапты болатыны көрсетілмеген. Бұл мәселе әлі күнге реттелген жоқ, ал "Қармет" мүгедектерінің тегін протез бен денсаулығын оңалту қызметіне қол жеткізе алмай жүргеніне ширек ғасырдан асты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG