Нидерланд қауіпсіздік қызметі Гаадағы халықаралық қылмыстық сотқа жұмысқа тұрмақшы болған Ресей барлау қызметі (ГРУ) тыңшысын әшкерелегенін хабарлады.
Қауіпсіздік қызметі жариялаған ақпарат бойынша, ресейлік агенттің аты-жөні - Сергей Владимирович Черкасов (1985 жылы туған), ол 1989 жылы туған Виктор Мюллер Ферейра деген адамның атына берілген Бразилия құжатын пайдаланған.
Нидерланд билігі Черкасовты өзге мемлекеттің аумағында жасырын іс-әрекет еткен ресейлік барлау агенті деп сипаттайды. Арнайы дайындықтан өткен мұндай тыңшыларды әшкерелеу аса қиын іс саналады.
Ресей тыңшысы қалай әшкереленгені айтылмады.
Бразилия полициясы Черкасовтың 2010 жылы Рио-да-Жанейроға келіп, жұртқа өзін бразилиялықпын деп таныстырғанын хабарлады. Виктор Мюллер Ферейра деген адамның аты-жөнін бүркенген ол бірнеше жыл Ирландия мен АҚШ-та тұрған. Кейін Бразилияға оралып, Нидерландқа кетуге дайындалған. Онда барған соң, халықаралық қылмыстық соттың алдын ала тергеу бөліміне кіші талдаушы қызметіне стажер болып орналасқан.
Ресей билігі бұған байланысты әзірге пікір білдірген жоқ.