Accessibility links

Бішкек соты қырғыз экс-президенті Алмазбек Атамбаевты екі қылмыстық іс бойынша ақтады


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев сот залында. Көрнекі сурет.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев сот залында. Көрнекі сурет.

16 маусымда Бішкектің Первомай аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Түркия азаматтарына заңсыз паспорт беру және "Қалыс-Ордо" елдімекенінде мектеп құрылысын салу туралы қылмыстық істер бойынша ақтады.

Судья Мирлан Термешіков 2016 жылғы 19 сәуірде Түркия азаматтарына Қырғызстан азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойғаны үшін Атамбаевқа жемқорлық айыбын тағу негізсіз деп мәлімдеді.

"Оның кінәсін дәлелдейтін ешнәрсе жоқ. Сотта және тергеу кезінде жауап алынған куәлардың ешбірі Атамбаевты жемқорлық қылмысын жасады немесе қызмет жағдайын басқа мүддесіне әдейі пайдаланды деп әшкерелейтіндей куәлік бермеген" деген үкімін оқыған кезде судья.

Сот шешімінде Алмазбек Атамбаевтың шетелдіктерге Қырғызстан азаматтығын берген кезде өкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір заң бұзылғаны жайлы ештеңе білмегені айтылған. Сот Атамбаевтың мемлекет басшысы болған кезде конституциялық өкілеті аясында жарлыққа қол қойғанынан ешқандай қылмыс құрамын байқамағанын айтты.

Бұған қоса сот Атамбаев 2014 жылы "Қалыс-Ордо" елдімекенінде мектеп құрылысын салатын жерді анықтаған кезде қызмет жағдайын теріс пайдаланған деген айыпты негізсіз деп тапты. Соттың тұжырымы бойынша, бұрынғы президент өз өкілеті аясында әрекет еткен, ал оның іс-қимылының одан кейін болған материалдық зардақа ешқандай тікелей байланысы жоқ.

Осылайша сот Алмазбек Атамбаевқа барлық айыптар негізсіз тағылған, оның іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмаған деп тауып, экс-президентті ақтау туралы үкім шығарды.

2021 жылы шілдеде Бішкекте Түркия тумасы Орхан Инандыны ұрлап әкеткеннен кейін Бішкек милициясы Түркия азаматтарына Қырғызстан паспорттары заңсыз берілген деп мәлімдеген. Осы дерек бойынша "Жемқорлық" бабымен сотқа дейінгі тергеу өндірісі басталған.

Тергеу долбары бойынша, 2016 жылы президенттің жанындағы азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның төрағалығымен Түркияның он азаматына Қырғызстан азаматтығын беру туралы заңсыз шешім шыққан. Сол жылы президент Алмазбек Атамбаевтың жарлығымен ол он адамға Қырғызстан азаматтығы беріліп, Қырғызстан паспорты заңсыз табыс етілген деп көрсеткен Бішкек қалалық ішкі істер басқармасы.

Бұған қоса Атамбаевқа Бішкек мэріне "Қалыс-Ордо" елдімекенінен мектеп салуға рұқсат бергеніне байланысты, сол кезде қызмет өкілетін теріс пайдаланған деген айып тағылған. Бұл екі іс бір өндіріске біріктірілген.

Бұлардан бөлек, 2011-2017 жылдар аралығында Қырғызстан президенті болған Алмазбек Атамбаев Қой-Таш ауылындағы оқиғаларға байланысты қозғалған іске де тартылған. Қой-Таштағы оқиға кезінде арнаулы қызметтің бір адамы қаза тауып, 200-ден астам адам түрлі дәрежелі жарақат алған. Бұған қоса Атамбаевтың үстінен тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

2020 жылғы маусымда сот Алмазбек Атамбаев президент болып тұрған кезде атышулы баукеспені түрмеден заңсыз босатып жібергені үшін айыпты деп танып, оны 11 жылға бостандығынан айырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG