Accessibility links

"Суицид пе, қастандық па?". Жемқорлық күдігімен ұсталған қырғыз банкирінің абақтыдағы қазасы күмән туғызды


Қырғыз банкирі Бақыт Асанбаев пен Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің белгісінен коллаж.
Қырғыз банкирі Бақыт Асанбаев пен Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің белгісінен коллаж.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторында "Айыл банк" ашық акционерлік қоғамы төрағасының бұрынғы орынбасары Бақыт Асанбаев көз жұмды. Билік банкирдің "суицид" жасағанын айтқанымен, оған күмән келтіретіндер бар. Бір жарым аптада ҰҚМК қамауында болған екінші адам қазаға ұшырады.

"ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛДЫ"

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) 18 маусымға қараған түні Бақыт Асанбаев камерада асылып тұрған күйі табылғанын хабарлады. Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасымен Асанбаев пен осыған дейін дәл осы тергеу изоляторынан ауруханаға жеткізілгеннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмған саясаттанушы Марат Қазақпаевтың қазасын жан-жақты тексеру үшін жұмыс комиссиясы құрылды.

Арнаулы қызмет дерегінше, Бақыт Асанбаев 30 сәуірде жемқорлық қылмысына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тергеу изоляторына қамалған. ҰҚМК ұсынған ақпаратқа сәйкес, ол басқа үш айыпталушымен бірге санитарлық блокта отырған, әр камерада екі адамнан болған.

Қауіпсіздік қызметінің хабарламасында "18 маусымда шамамен 00:55-де Бақыт Асанбаев ҰҚМК тергеу изоляторы камерасында суицид жасаған. Изолятор қызметкерлері мен камерадағы серіктері оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем бригадасы айыпталушының қайтыс болғанын хабарлағанӘжетхана ортақ болғандықтан камераның есігі ашық тұрған, камераның дәлізі жеке тормен жабылған. Бақыт Асанбаев өзіне қол салған кезде қалған айыпталушылар басқа камерада намаз оқып жатқан. Сондықтан оны ешкім құтқарып қала алмаған" деп жазылған.

Тергеу абақтысы дәлізінде жүрген күзетші. Көрнекі сурет.
Тергеу абақтысы дәлізінде жүрген күзетші. Көрнекі сурет.

Кейінірек Қырғызстан Республикасы бас прокуратурасы Асанбаевтың қазасын Бішкек гарнизоны әскери прокуратурасы тергеп жатқанын, тергеу изоляторындағы бейнежазбалар қаралып, мекеме қызметкерлерінен жауап алынып жатқанын хабарлады.

"Тергеу қорытындысы шыққан соң, болған оқиғаның жай-жапсарын толық әрі объективті түрде зерттеп, құқықтық баға береміз" деді бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сирожиддин Камолиддинов.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы әлі жарияланған жоқ.

18 маусым кешке қарай президент Садыр Жапаровтың тапсырмасымен "Айыл банк" ашық акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бақыт Асанбаев пен саясаттанушы Марат Қазақпаевтың қазасын тексеру үшін жұмыс комиссиясы құрылғаны белгілі болды.

"ДҮЙСЕНБІДЕ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУЫ КЕРЕК ЕДІ…"

Марқұм Бақыт Асанбаевтың бауыры Талант Асанбаев Facebook-те "Адилет Балтабай" деген атпен белгілі блогер Әділет Әли Мықтыбектің тікелей эфирде қойған сұрақтарына берген жауабында дүйсенбіде бостандыққа шығады деп күткен туысының өзіне өзі қол салғанына сенбейтінін айтқан.

– Тергеу аяқталғандықтан, келер аптаның басында бостандыққа шығады деп күтіп отырғанбыз. Жақында адвокатымен кездесті. Қорғаушы жағдайы жақсы деп келді, өзіне қол салатын күйде емес еді, − дейді ол.

ҰҚМК тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болған Болат Асанбаевтың жаназасында тұрған адамдар. 19 маусым 2022 жыл.
ҰҚМК тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болған Болат Асанбаевтың жаназасында тұрған адамдар. 19 маусым 2022 жыл.

Талант Асанбаев туысына жасалған сот-медициналық сараптамаға қатысып, марқұмның қолы мен аяғында көгерген іздер барын байқаған. Одан бөлек, Бақыт Асанбаевтың жеті қабырғасы сынған.

Құқық қорғаушы Азиза Абдирасулова бұл қаза көп сұрақ туғызғанын айтады.

Құқық қорғаушы Азиза Абдирасулова.
Құқық қорғаушы Азиза Абдирасулова.

− ҰҚМК тергеу изоляторында болғанмын. Ол жақта бейнебақылау камералары барын білемін. Әр қабатта күзетшілер тұрады. Олар қалай көрмей қалды? ҰҚМК "Асанбаев камералас серіктері намаз оқып жатқан кезде түнде асылып қалған" дейді. Түнгі 12-де қандай намаз ол? Қырғызстанның бір де бір түрмесінде тұтқындарды сыртқа намаз оқуға жібермейді, олар камераның ішінде құлшылық жасайды. Екіншіден, "Асанбаев екі күннен кейін бостандыққа шығуы керек еді" дегенді естідім. Сондықтан Facebook-те "Асанбаев өзі асылды ма, әлде оны біреулер өлтірді ме?" деген сұрақ қойдым.

Ал марқұмның адвокаты Нур Кылчыкбаева "Болат Асанбаев екі күннен кейін бостандыққа шығуы керек еді" деген ақпаратты растаған жоқ.

− Әзірге ештеңе айта алмаймын, [Асанбаевтың қазасына байланысты] тергеу шаралары енді басталды, жұмыс барысын қадағалауым керек. Қорғауымдағы азаматпен тергеу кезінде ғана кездестім, оны жақын танымайтынмын. Іс әлі сотқа берілген жоқ. Білуімше, ол өте білімді, көп нәрсені түсінетін азамат болған. Маған артық ештеңе айтқан емес, мұндай қадамға неге барғанын білмеймін, − деді адвокат.

БАҚЫТ АСАНБАЕВ КІМ?

Бақыт Асанбаев 1978 жылғы 31 тамызда Нарын облысында дүниеге келген. Оның әлеуметтік желідегі парақшаларында 2005 жылы шаңырақ көтергені, отбасында төрт баласы бары жазылған. 2004-2007 жылдары Қырғызстан президенті жанындағы басқару академиясында оқыған.

"Кактус медиа" басылымының дерегінше, Болат Асанбаев 23 жыл бойы банк саласында еңбек еткен. "Айыл Банкте" әртүрлі қызметте істеп, 2019 жылғы қарашада басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Оған дейін Асанбаев несие басқару бөліміне жетекшілік еткен.

Қырғызстанның "Айыл Банк" бөлімшелерінің бірі. Көрнекі сурет.
Қырғызстанның "Айыл Банк" бөлімшелерінің бірі. Көрнекі сурет.

Ақпанда ҰҚМК Қылмыстық кодекстің "жемқорлық" бабы бойынша "Айыл банк" ашық акционерлік қоғамының төрт қызметкері ұсталғанын хабарлаған еді. Бұл іс бойынша тергеу қарашада пайда әкелмейтін мүлікті кепілге алып, жекелеген компанияларға заңсыз әрі мақсатсыз несие берілгені расталғаннан кейін басталған.

2021 жылғы 26 қарашада қауіпсіздік кеңесі отырысында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ҰҚМК-іне шаруаларға жеңілдетілген несие берумен айналысатын мемлекеттік банктер қызметін тексеруді тапсырған. Президент мемлекеттік бюджеттен ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржының 3 пайызы ғана шаруаларға тиетінін, қалған 97 пайызы кәсіпкерлер, депутаттар, министрлер, губернаторлар мен олардың туыстарының қалтасына түсетінін айтқан.

Бұрын ауыл шаруашылығы министрі болған Тилек Токтогазиев Бақыт Асанбаевпен таныс болған. Ол болған оқиғаны зерттеу үшін депутаттық комиссия құрылуы керек деп есептейді.

Тилек Токтогазиев.
Тилек Токтогазиев.

− Бақытпен министр қызметінде жүрген кезімде таныстым. Ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді қаржыландыру жобасында бірге жұмыс істедік. Ол ұзақ жыл "Айыл банкте" істеп, қарапайым қызметкерден басқарма төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ел қатарлы жұмыс істеді, жемқор дейтіндей, көп дүние-мүлік жинаған жоқ. Өзіне қол салды ма, әлде басқа біреулер азаптап, өлтірді ме, білмейміз. Бірақ ол жабық мекемеде қайтыс болды. Сондықтан депутаттық комиссия құрылып, болған оқиға толық зерттелуі керек. Бір жарым аптаның ішінде ҰҚМК тергеу изоляторында екі бірдей өлім тіркеліп отыр.

Азаматтық белсенді Эрлан Бекчоро уулу құқық қорғау органдарының тергеу қорытындысын күтпей, бірден "Бақыт Асанбаев өзіне қол салды" деп неге мәлімдегенін түсінбейді.

− Саясаттанушы Марат Қазақпаевты жерлеп үлгермей жатып, құқық қорғау органдары "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша марқұмның кінәсі "толық дәлелденгенін" айтты. Ал банкирдің қазасы туралы "суицид жасады" деген хабар таратты. Марқұмның жақындары оның денесінен көгерген іздер байқағанын, қабырғасы сынғанын айтып отыр. Бақыт Асанбаев өлтірілген болуы мүмкін деген күдік бар. Президент Конституцияның кепілі ретінде бұл істі бақылауына алып, кей өкілетті тұлғалардың жұмысына баға беруі керек.

"ЖАБЫҚ МЕКЕМЕДЕ БОЛҒАН ҚАЗАҒА МЕМЛЕКЕТ ЖАУАПТЫ"

Азаптаудың алдын-алу ұлттық орталығының басшысы Бакыт Рысбеков Болат Асанбаевтың қазасы туралы хабардан кейін 18 маусымда ҰҚМК тергеу изоляторына барған. Құқық қорғаушы жабық мекемеде болған кез келген қаза үшін мемлекет жауапты деп есептейді.

− Түрме, әскери бөлімше немесе арнаулы жабық мекеме болсын, ондағы адамдардың қауіпсіздігіне мемлекет жауап береді. ҰҚМК тергеу изоляторына барып, Асанбаевпен бірге отырған тұтқындармен сөйлестім. Абақты қызметкерлері әңгімемізге араласқан жоқ. Тұтқындардың айтуынша, марқұмның суицид жасауына ешқандай себеп болмаған. Асанбаев ешкіммен кездеспеген, изолятор қызметкерлерімен де сөйлеспеген. Камерадағы серіктеріне "Бұл іс жақсы жаққа қарай шешілетін сияқты" деген. Олар Асанбаевтың денесін изолятор қызметкерлері көмекке шақырған кезде көрген… Тұтқындардың сөзінше, марқұмды асылып тұрған жерінен шешіп алған кезде денесі әлі жылы болған. Болған оқиға жан-жақты зерттеліп, қазаның шынайы себебі анықталады деп үміттенеміз, − дейді ол.

"Мемлекетке опасыздық жасаған болуы мүмкін" деген күдікпен бір жылдан бері тергеу изоляторында қамауда отырған саясаттанушы Марат Қазақпаев 9 маусымда бұрын ауруханаға жеткізіліп, ертеңінде қайтыс болды.
"Мемлекетке опасыздық жасаған болуы мүмкін" деген күдікпен бір жылдан бері тергеу изоляторында қамауда отырған саясаттанушы Марат Қазақпаев 9 маусымда бұрын ауруханаға жеткізіліп, ертеңінде қайтыс болды.

10 маусымда "мемлекетке опасыздық жасаған болуы мүмкін" деген күдікпен бір жылдан бері тергеу изоляторында қамауда отырған саясаттанушы Марат Қазақпаев көз жұмған. Ол қайтыс боларынан бір күн бұрын ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған "геморрагиялық инсульт" деген диагноз қойып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан.

Омбудсмен институтында саясаттанушының қазасын тергеу үшін қоғамдық комиссия құрылған.

ҰҚМК басшысы Камчыбек Ташиев "Марат Қазақпаев қамауда отырған кезде азапталған" деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол саясаттанушының қазасына биліктің қатысы жоғын айтып, бас прокуратура болған оқиғаны тексеріп жатқанын мәлімдеді. Арнаулы қызмет төрағасы ҰҚМК қоғамдық комиссияны қабылдап, толық жауап беруге дайын екенін жеткізді.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG