Accessibility links

Шымкент соты 7 жылға сотталған "саяси тұтқын" Ерұлан Әміровтің шағымын қанағаттандырмады


Белсенді Ерұлан Әміровке сот үкімі шыққаннан кейін. Шымкент, 16 мамыр 2022 жыл
Белсенді Ерұлан Әміровке сот үкімі шыққаннан кейін. Шымкент, 16 мамыр 2022 жыл

22 маусымда Шымкент қалалық соты Қылмыстық кодекстің "әлеуметтік алауыздық қоздыру" (174-бап), "Терроризмді насихаттау" (256-бап), "Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу" (405-бап) баптары бойынша 7 жылға сотталған белсенді Ерұлан Әміровті ақтау туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Сот 16 мамырда шыққан Әл-Фараби аудандық сотының үкімін күшінде қалдырды.

Сотқа апелляциялық шағымды Әміровтің адвокаты Мұрат Жолшиев түсірген. Оның пікірінше, Әміровті қамау оның саяси белсенділігімен байланысты. Белсенді азаматтық пікірін ашық айта бастаған соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті “адам жіберіп қасақана арандатқан”. Қазір оның психикалық денсаулығы нашар, өзіне-өзі қол жұмсау қаупі болған соң түрмеде қолына кісен салынған.

- Әміровтің әкесі психикалық аурумен ауырған. 5 қабаттан секіріп, өзіне-өзі қол салып қайтыс болған. Ағасы да ауырып, асылып қайтыс болған. Әміровтің психикалық денсаулығы нашар екенін дәлелдей алмай отырмыз. Денсаулығына байланысты қайта тексеруге жіберуді сұраймыз, - деді қорғаушы сотқа талап-тілек түсіріп. Сот қорғаушының бұл талабын қанағаттандырмады.

Прокурор Азамат Күдербеков Әміровтің айыбы бірінші сатыдағы сотта дәлелденгенін, оның Қазақстан аумағында тыйым салынған «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымы мен «Мұсылман бауырлар» трансұлттық, діни-саяси, террористік ұйымның ісіне қатысқанын айтып, Әл-Фараби аудандық сотының белсендіні 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қорғаушының Әміровті ақтау туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Аудандық соттың үкімін өзгерусіз қалдырды.

- Кассациялық шағым түсіреміз, - деді Мұрат Жолшиев.

Ерұлан Әміров апелляциялық шағым қаралған сот процесіне қатыспады. Ол Әл-Фараби аудандық соты үкім шығарғанда Азаттыққа “Не үшін қамауда отырғанымды білмеймін" деген.

Бұған дейін оның денсаулығына байланысты анасы Шәрипа Ниязбекованың талап-арызымен үш рет сот-психиатриялық сараптама тағайындалған, Алматы облысындағы психиатриялық емхана Әміровтің аурудан айыққаны жөнінде анықтама берген.

Ерұлан Әміров 2021 жылдың сәуір айында ұсталған. Желтоқсан айында Әміровтің анасы Шәрипа Ниязбекова оны ҰҚК-нің Шымкенттегі тергеу изоляторынан тапқан. 22 желтоқсанда ұлының тергеу изоляторында өз-өзіне қол салмақ болғанын хабарлаған. Ол туралы сол күні "Ар. Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Facebook парақшасында жазған. Кейіннен ҰҚК Әміровті "Сәуле" ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне ауыстырған.

Шәрипа Ниязбекова Азаттыққа ұлының психикалық ауруы бар екенін, ресми тіркелмесе де "шизофрения" диагнозы қойылғанын айтады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Әміровті "саяси тұтқын" деп таныған. Ол әлеуметтік желіге жариялаған видеоларында Қазақстан билігін сынап, Қазақстанда тыйым салынған "Көше" партиясының наразылық шараларына қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG