Accessibility links

Ақтөбеде "қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған үш адам түрме жазасына кесілді


21 маусымда Ақтөбе соты "қаржы пирамидасын құрып", "он мыңнан астам салымшының қаржысын иемденген" үш адамға үкім шығарды. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Gold Company LTD компаниясына жетекшілік еткен Павел Литвиненкоға – 12 жыл, Юрий Москвинге - 9 жылдық түрме жазасы кесілген. Сотталғандардың екеуі де Ресей азаматтары. Ал ақтөбелік Равиль Қазыбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу бұл азаматтарға "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті", "қаржылық пирамида құрды" деген айыптар таққан еді.

Соттың хабарлауынша, үшеуі 2019 жылы желтоқсан - 2020 жылы ақпан арасында салымшылардың 10 млрд 45 млн теңгесін заңсыз иемденген.

Сот тергеуі бір жылға созылып, "Gold Company LTD" компаниясынан Ақтөбе, Шымкент, Атырау, Ақтау мен Жаңаөзен қаласында тұратын он мыңнан астам адамның зардап шеккені анықталған. Компания салымшыларын "канадалықтармен әріптес екенін, инвестициядан табыс тауып отырғанын айтып" алдаған.

Соттың мәліметінше, жәбірленушілердің 2 млрд 438 млн теңгесі әлі қайтарылмаған. Ресей азаматы Павел Литвиненко сотта кінәсін ішінара мойындаған. Ол қаржы пирамидасын құрғанын растап, "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" деген айыпты жоққа шығарған. Ақтөбе облыстық соты Москвин мен Қазыбаев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ дейді.

Қазыбаевтың адвокаты Елена Ерназарова үкіммен келіспейтіндерін айтады. Олар апелляция алқасына шағым түсірмек.

– Равиль Қазыбаев – жай ғана жалдамалы менеджер. Егер ол алаяқ болса, Литвиненко мен Москвиннің қаржы пирамидасын құрғанына көзі жеткен бойда Жаңаөзен халқына 85 млн теңгені таратып бермес еді. Төрт баланың әкесі Равиль Қазыбаев – біреудің ауласындағы үйшікті жалдап тұрып жатқан қарапайым жігіт. Ол босқа күйіп барады, – дейді адвокат.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Сандуғаш Нұржігітова Gold Company LTD компаниясына 1 млн 600 мың теңге салған. "Жәбірленуші ретінде сотқа бір рет бардым. Одан кейін соттан да, тергеуден де хабар-ошар болмады. Ақшам әлі қайтарылмады" дейді ол.

Ақтөбе соты Gold Company LTD компаниясынан бөлек "17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденді" деп айыпталған "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "ESTATE Ломбард" ұйымдарының да ісін қарап жатыр. Бұл іс бойынша 56 адамға айып тағылған. Жәбірленуші саны – 17 162 адам. Тергеу жәбірленушілердің 30 млрд 220 млн теңгеден астам шығынға ұшырағанын айтады.

"Қаржы ұйымын құрып, оған жетекшілік еткендердің" басым көпшілігі – Ақтөбе қаласының тұрғындары. Оларға "қаржы пирамидасын құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "алаяқтық жасады", "заңсыз банктік қызметпен айналысты" деген бірнеше ауыр айып тағылған.

Тергеу дерегінше, "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "ESTATE Ломбард" құрылтайшылары алдымен Ақтөбеде жұмыс істеп, кейін Қазақстанның өзге өңірлерінен филиалдарын ашқан.

Қазақстанда кейінгі уақытта қаржы пирамидасына ақша салып алданғандар сан күрт артып, қылмыстық істер көбейді. Қаржы пирамидасына қатысты істермен айналысып жүрген заңгер Юлия Ашихмина Азаттыққа берген сұхбатында "қазақстандықтар тірліктен қажығаннан, қаржылай және әлеуметтік шарасыздықтан қаржы пирамидасына ақша салады" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG