Accessibility links

"Полицейлер ұрған соң қарсылық көрсеттім". Қаңтарда ұсталған өскемендік белсенді түрме жазасына кесілді


Азаматтық белсенді Айдар Байсағатов (ортада) сотта отыр. Өскемен, 6 маусым 2022 жыл.
Азаматтық белсенді Айдар Байсағатов (ортада) сотта отыр. Өскемен, 6 маусым 2022 жыл.

24 маусымда Өскемен қаласының №2 соты белсенді Айдар Байсағатовты "билік өкіліне күш қолданды" деген айыппен 1 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды.

"ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ӘРҚАЙСЫ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ МОРАЛЬДЫҚ ШЫҒЫН СҰРАҒАН"

Айдар Байсағатовтың қоғамдық қорғаушысы Жанар Байсағатова сот шешімімен келіспейді, себебі куәгерлер мен айыпталушының сөзінше, полицейлер қызметтік куәлігін көрсетпеген.

— Құжатта біреуінің шабынан тепкен; екіншісінің мұрнынан ұрып, тізесін тістеп алған; үшіншісінің шекесінен ұрған деп отыр. Екеуі медициналық анықтама әкелген, үшіншісі дәрігерге қаралғаны үшін ақша төледім дейді. Үшеуі де енді миллион теңгеден моральдық шығын сұрап отыр (Сот моральдық шығынға қатысқы қандай шешім шығарғаны әзірге белгісіз – Ред.). Бірақ олар қызметтік куәліктерін көрсетпестен Айдарды бір жаққа алып кетпек болған. Бұған қоса, оның денесінде жарақаттар болған, бірақ соған қарамастан сот осындай шешім шығарды, - дейді Жанат Байсағатова.

Үкім шыққан соң Айдар Байсағатовты изоляторға қайта алып кетті. Ол қамауда 3 қаңтардан бері отырған еді, 10 маусымда қалалық соттың шешімімен оны үйқамаққа ауыстырған. Бірақ 23 маусымда полицияның апелляциялық шағымынан соң айыпталушыны қайта тергеу изоляторына жіберді. Сот отырысының бірінде прокурор Байсағатовты үш жылға соттауды сұраған.

Жанар Байсағатованың сөзінше, судья бауырының 3 қаңтардан бері қамауда отырған бір күні екі күн болып есептелетінін айтқан.

— Егер апелляциялық шағымымызды қанағаттандырмаса, ол қамауда әлі алты ай отырады, — дейді айыпталушының әпкесі.

"АНТИКОР ПОЛИЦИЯ АЗАПТАҒАН ЖОҚ, ҚЫЗМЕТІН АСЫРА ПАЙДАЛАНДЫ ДЕП ІСТІ ЖАУЫП ТАСТАДЫ"

Бұған дейін Айдар Байсағатов жемқорлыққа қарсы қызметке шағым жолдап, заңсыз ұсталғаны үшін қарсылық білдіргенін айтқан.

"3 қаңтар таңертең 10.30 шамасында мені қылмыстық іске куәгер ретінде полиция бөлімшесіне жеткізді. Менің қолыма кісен салып, төрт полицей көшеде ұрып соқты, Өскемен полиция басқармасының ауласында да ұрды. Олар мені ұрып жатқанда қарсылық көрсеттім, сол үшін қылмыстық іс қозғады" деп жазған еді ол шағымында.

Ал іс материалына сай, полицейлер Байсағатов арақ ішіп алған деген күдікпен оны медициналық мекемеге апармақ болған да ол барудан бас тартқан, осыдан соң полицейлер физикалық күш қолданған.

"Әкімшілік заңда медициналық мекемеге күштеп апару қарастырылған, демек медициналық тексеріске күштеу заңсыз" деп жазылған шағымда.

Байсағатов "маған заңсыз кісен салды, себебі медициналық мекемеге апару үшін кісендеу деген заңда жоқ" деп санайды. Бұдан бөлек, ол полицейлер ешқандай процессуальдық құжат толтырмай 3 қаңтарда полицияда заңсыз тоғыз сағат ұстағанын да айтады.

Антикоррупция қызметі азаптау шағымы бойынша іс қозғап, бірақ кейін оны жауып тастаған.

— Антикор азаптау фактісі болған жоқ, тек қызметін асыра пайдалану болған деп істі жауып тастады. Тергеу болып жатқан жоқ, істі жауып тастады. Қызметтерін асыра пайдаланды деп жазылған құжаттың көшірмесін бүгін ғана алдым, әріқарай адвокат айналысады, - дейді белсендінің әпкесі.

"КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАР МЕН ПРОКУРАТУРА КЕЛІСІП АЛҒАНЫ КӨРІНІП ТҰР"

Айдар Байсағатов полицейлер "билігін асыра пайдаланды" және "бас бостандығымнан заңсыз айырды" деп шағымданған. Бірақ бұл тергеу реестрінде тіркелмеген.

"ШҚО-ның күштік құрылымдары мен прокуратурасы полицейлерді жауапқа тартудан құтқару үшін келісіп алғаны көзге көрініп тұр" деп жазған Байсағатов антикоррупция қызметі жазған шағымында.

3 қаңтарда Байсағатов Өскемендегі алаңда тікелей эфирге шығып, жаңаөзендіктерге қолдау білдірген.

Өскемендегі наразылық 5 қаңтарда болып, облыс әкімдігі алдына үш мыңдай адам жиналған еді. Олар сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы шыққан жаңаөзендіктерге қолдау көрсеткен. Кешкісін наразылар мен полицейлер арасында қақтығыс болып, күштік құрылым алаңға келгендерді тарату үшін шулы граната мен қару қолданған. Оқиғадан үш адам қаза болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG