Түркіменстан астанасы Ашғабатта аяқталған Каспий теңізі жағалауындағы елдердің алтыншы саммитінде Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстан бір-бірінің егемендігіне, аумақтық тұтастығына, ішкі істерін араласпау туралы келісімді қайта растады.
Бұдан бөлек, бес ел:
- Каспий теңізін бейбіт мақсатқа пайдалануға;
- әскери құрылысты "ақылға қонымды жеткілікті шегінде" салуға;
- бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуге;
- Каспий теңізінде жағалау мемлекеттеріне тиесілі емес қарулы күштерді қоймауға;
- Каспий жағалауынан басқа елдерге қарсы шабуыл жасамауға;
- Теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
- Халықаралық сауда мен экономикалық дамуды кеңейту Каспий теңізінен басқа теңіздерге, әлемдік мұхитқа еркін шығу және олардан еркін қайтып кіру құқығын сақтауға;
- Каспий теңізінде жүзуді, оған кіріп-шығуды тек жағалау мемлекеттерінің әрқайсысының туы бар кемелермен ғана жүзеге асыруға;
- Каспий теңізін ластаған жағалау елі жауапкершілікті мойнына алуға;
- Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау, оның биологиялық ресурстарын сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалануға қайта келісті.
Каспий саммиті Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында өтті. Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов, Ресей президенті Владимир Путин, Әзірбайжан басшысы Илхам Әлиев, Иран президенті Ибрахим Раиси қатысты.
Тоқаев Ашғабатта Каспий жағалауы елдерін 2018 жылы Ақтаудағы саммитте қол қойылған Конвенцияны тезірек күшіне енгізуге шақырды.
2018 жылы Ақтаудағы Каспий саммитінде бес ел теңізді өзара бөлісу туралы ортақ Конвенцияға қол қойған еді. Бірақ Иран тарабы теңіздің аз бөлігін ғана алғанын алға тартып, Конвенцияны парламентте ратификацияламай отыр. Ал Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан парламенттері бұл келісімді ратификациялаған.
Оқи отырыңыз: Каспий Конвенциясына қалай қол қойылып еді?
Биылғы Түркіменстандағы жиында осыған дейін Ашғабатта (2002 жылы), Тегеранда (2007 жылы), Бакуде (2010 жылы), Астраханьда (2014 жылы) және Ақтауда (2018 жылы) өткен Каспий саммиттерде талқыланған келісімдерді жүзеге асырудың қажеттілігі тағы айтылды.
Келесі жетінші саммит 2026 жылы Иранда өтеді деп жоспарланған.
Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келеді. Совет одағы ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алған соң Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранға екі мыңға жуық су асты жануары мекендейтін, 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін жаңадан анықтау қажет болды.
ПІКІРЛЕР