Accessibility links

Байден: Украинаға қанша қажет болса, сонша көмек көрсетеміз


АҚШ президенті Джо Байден НАТО саммитінен кейін баспасөз мәслихатында тұр. Мадрид, Испания, 30 маусым 2022 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден НАТО саммитінен кейін баспасөз мәслихатында тұр. Мадрид, Испания, 30 маусым 2022 жыл.

Вашингтон жақын күндері Украинаға 800 миллион доллардың қару-жарағын қосымша көмек ретінде беретінін жарияламақ, оның әуе шабуылынан қорғану жүйелері де бар. Бұл туралы Мадридте өткен НАТО саммитінің қорытындысы бойынша АҚШ президенті Джо Байден мәлімдеді.

"Біз Украинаға қанша қажет болса, сонша көмек береміз" деп бұған дейін айтқанын тағы қайталады Байден.

АҚШ президентінің сөзінше, Ресейге көрші елдің жеріне басып кіргені тым қымбатқа түседі, ал Украина бұл соғыста жеңілмейді.

Байден бұған қоса осы соғыстың Ресейге қалай әсер еткеніне назар аударды. Оның айтуынша, экономикадағы 15 жылғы жетістігі көзден бұл-бұл ұшқан Ресей, санкцияларға байланысты бірқатар технологиялардан айырылғандықтан қазір мұнай өндіру ісінде қиындыққа тап болған.

"Украина қазірдің өзінде Ресейге қатты соққы берді – Ресей халықаралық беделінен айрылды. Ресей қазір күллі әлем оған қарап: "Бүкіл елді жаулап алам, Киевті басып алам деп дәмелендіңдер де, сөйтіп жеңілдіңдер. Донбассты басып алмақ болдыңдар, әлі күнге дейін одан түк шықпады" деп айтқан жағдайға тап болды" деді Байден.

АҚШ президенті соғыс басталмай тұрып Ресей президенті Владимир Путинді "егер Украинаға басып кіретін болсаң, НАТО күшейіп қана қоймай, бұрынғыдан да жұмыла түседі" деп ескерткенін айтты.

"Путин біздің альянсқа іріткі саламын деп ойлады. Ол бізді әлсіздік танытады, альянс сыр береді деген ойда болды. Ал іс жүзінде барлығы мүлде керісінше болып шықты. Ол НАТО-ны Финляндия сияқты [бейтарап] қыламын деп ойлады, ал шын мәнінде Финляндияның НАТО-ға бұрылғанын көріп отыр" деп мәлімдеді Байден.

Бұға қоса ол Швеция мен Финляндия солтүстік-атлантикалық альянс қатарына қосылғаннан кейін НАТО шекарасы 800 мильге ұлғаятынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG