Accessibility links

Омбудсмен Қаңтар оқиғасында алты адам азаптаудан көз жұмды дейді. Бұрын сегіз адам жайлы айтқан


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзимова 1 шілдеде брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, азаптаудан қаза болғандар саны туралы бұған дейін айтқанын нақтылады.

"Көктемде (14 наурызда) мен сегіз адамның (азаптау салдарынан) қаза тапқанын айтқам. Сол күндері қаза болғандар туралы айтқан едім. Олардың алтауы азаптау салдарынан мерт болғанын бас прокуратура растады. Бұл біз жинаған ақпаратқа да сәйкес келеді" деді Әзимова.

Оның сөзінше, тағы екі адам "денсаулығына байланысты" қаза болған. Бірақ омбудсмен тергеу құпиялығына сілтеп, олардың денсаулығы нашарлауына не себеп болғанын айтпады.

Бұған қоса Әзимова Қаңтар оқиғасынан қаза тапқандардың жалпы саны – 238 адам деп хабарлады. Осы аптада Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындәлиев парламент мәжілісі дәлізінде журналистерге Қаңтар оқиғасы кезінде 232 адам қаза болғанын, тағы алты адам азаптаудан өлгенін айтқан еді. Оның алдында Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасында 230 адам мерт болғанын хабарлап, адам өліміне апарып соққан оқиғаларға байланысты қозғалған сегіз қылмыстық істің үшеуі – Шығыс Қазақстан, екеуі – Алматы облыстарында және екеуі Алматы қаласында тіркелгенін мәлімдеген.

Өткен аптада бас прокуратура өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің екі қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады. Олар ұсталған адамды ұрып-соғып, ажалына себеп болған деген күдікке ілінген.

Қазірге дейін азаптау қылмысына күдікті ретінде тоғыз қызметкердің қамауда отырғаны белгілі. Оның сегізі ҰҚК қызметкері және біреуі полиция өкілі. Адам азаптаған және тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған деген күдікке ілінгендердің жалпы саны 15 адам. Ал азапталғандардың жалпы саны туралы ресми дерек жоқ.

Алматы облысында 25 адамның Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу кезінде ыстық үтік басып азаптау фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істерде жәбірленуші деп танылғаны мәлім.

Қазірге дейін қанша адам азаптау істері бойынша жәбірленуші деп танылды деген сұраққа омбудсмен Әзимова "арыз-өтініштер қосарлана көп түсіп жатқандықтан түпкілікті цифр жоқ" деп жауап берді.

– Егер қаңтарда, ортасында он адамға дейін болса, қазір одан көп. Процесс барысында бұл цифр өзгеретіні анық, – деді ол 1 шілдедегі брифингте.

30 маусымдағы дерекке сәйкес, Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған 392 қылмыстық іс сотқа түсіп, олар бойынша 445 адам сотталған. Мыңнан астам адам күдікті деп танылған. Арнаулы прокурорлар өндірісінде "жаппай тәртіпсіздік" бабымен қозғалған 58 қылмыстық іс және "терроризм актісі" бабы бойынша қозғалған сегіз іс бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG