Accessibility links

Қырғызстанда "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікке ілінген блогер тергеу изоляторына қамалды


Блогер Әділет Мықтыбек.
Блогер Әділет Мықтыбек.

Қырғызстанда блогер, Next TV телеарнасының штаттан тыс тілшісі Әділет Әли Мықтыбек бір айға тергеу изоляторына қамалды. 1 шілдеде Бішкектің Бірінші май аудандық соты осындай шешім шығарды.

Әлеуметтік желіде Әділет Балтабай деген атпен танылған Әділет Әли Мықтыбек милицияға 30 маусымда шақырылған. Ол кейінгі кезде түрлі акциялардан хабар таратқан болатын. Милицияның түсіндіруінше, блогер "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қозғалған іс аясында тергеуге шақырылған. 30 маусымда ол 48 сағатқа қамалды. Блогер жаппай тәртіпсіздікке шақырды деген күдікке ілінген.

"Жаппай тәртіпсіздікке үндеу белгілері" бар делінген Facebook-тегі 20-30 шақты жазбамды алды. Мұны сарапшылар растаған-мыс, ал шын мәнінде менің ойымша, оны Ұлттық академия мен әділет министрлігінің сарапшылары жасаған. Мен сараптама қорытындысымен келіспеймін және тергеу кезінде де соны айттым" деді белсенді.

Блогердің адвокаты Акмат Алагушевтің сөзіне қарағанда, тергеу органдары блогердің Facebook жазбаларына жасалған лингвистикалық сараптама қорытындысына сүйене отырып, қылмыстық іс қозғаған.

"Мәселе бір емес, бірқатар жазбалар туралы болып отыр. Алайда қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ. Жаппай тәртіпсіздікке шақырды деп айыптау үшін адамның оған қатысы болуы керек" деді адвокат.

Әділет Әли Мықтыбек милицияға алғаш рет шақырылып отырған жоқ. 11 сәуірде ол осы іс аясында тергелген. Блогер милицияға шақыртуды өзінің оппозициялық қызметімен байланыстырады.

XS
SM
MD
LG