Accessibility links

ЕО сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Боррель: Путинге зеңбірек пен сары майдың бірін таңдайтын уақыт келеді


Еуропа одағының сыртқы істер бойынша жоғарғы өкілі Жозеп Боррель
Еуропа одағының сыртқы істер бойынша жоғарғы өкілі Жозеп Боррель

Украинаға басып кіргеніне байланысты салынған санкциялар Ресей экономикасына қазірдің өзінде әсер етіп жатыр, болашақта мұнан да күшейе береді. Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің санкцияға арналған мақаласында осылай айтылған.

Боррельдің сөзінше, салынған санкциялар таяу арада Ресей президенті Владимир Путиннің стратегиялық есебін өзгерте қояды деп үміттенудің керегі жоқ, өйткені Путин экономиканы бірінші кезекке қоймайды. Алайда уақыт өте келе оған "зеңбірек" пен "сары майдың" бірін, яғни не соғысты жалғастыруды, не өз халқының тұрмыс-тіршілігін таңдауға тура келеді" дейді ол.

Боррель Еуропа одағы көп жыл бойы Владимир Путин ұстанған агрессивті саясат алдында саяси таңдау жасауына кедергі келтіріп келген энергетикалық тәуелділіктен құтылатынын айтады. Оның сөзінше, санкция Ресейдің әскери әлеуетін, нақтырақ айтқанда жоғары дәлдікпен ататын қару өндірісін де шектейді.

"Әуе қатынасын ұстап тұру үшін Ресей ұшақтарының үлкен бөлігін айналымнан шығарып, өзге ұшақтарына қосалқы бөлшек ретінде пайдалануына тура келеді. Оған қаржы нарығы мен ірі жаһандық зерттеу желілерінен ажыратылғанын және "ақыл-ой иелерінің" жаппай кетіп жатқанын қосыңыз" дейді Боррель

Боррель Қытай Ресейдің санкцияны айналып өтуіне көмектеспейді деп есептейді.

"Санкциялар Ресей астығы мен тыңайтқышын экспорттауға тыйым салмайды" деген ол Украинаның астық экспорттай алмай отырғанына Ресей кінәлі деп санайды. Оның сөзінше, "әлемдегі энергетикалық және азық-түлік дағдарысын тек соғысты аяқтап қана жеңуге болады, онда да Ресейдің шарттары бойынша емес".

"Сары майдың орнына зеңбірек" деген ұранды нацистік Германия басшылары пайдаланған.

1936 жылы Гитлердің орынбасары Рудольф Гесс "Сары майың болғанша, зеңбірегің болсын, әйтпесе соңғы сары майыңды тартып алады" деген ұран тастаған. Герман Герингтің "Зеңбірек күштірек етеді, ал сары май тек семіртеді" деген сөзі де белгілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG