Accessibility links

Украина соты Коммунистік партияның қызметіне тыйым салды


Компартия жетекшілері. 2014 жыл.

Львов әкімшілік апелляция соты 5 шілдеде әділет министрлігінің өтінішін орындап, Украина коммунистік партияның қызметіне тыйым салды.

Украина компартиясы Ресей басқыншылығы басталғалы бері елде қызметіне тыйым салынған 15-партия. Сейсенбі күні онымен бірге бұрынғы кіріс министрі Александр Клименко негізін қалаған "Счастливая Украина" партиясының да қызметі тоқтатылды.

Украина тәуелсіздік алған алғашқы жылдары компартия елдегі ең ірі саяси күштердің бірі болған. Оның төрағасы Петр Симоненко 1999 жылғы президент сайлауында екінші орын алды. Ол кезде сайлауда Леонид Кучма жеңіске жеткен болатын. Компартия фракциясы Жоғарғы радада 2014 жылға дейін жұмыс істеді. Майданнан кейін партия сайлауда жеңіліп қалды. Оның бірқатар мүшелері Донецк және Луганск облыстарындағы сепаратистерді қолдады.

2015 жылы сот партияның қызметіне тыйым салған, алайда сот шешімі толық күшіне енбеді.

24 ақпаннан кейін Украинада ресейшіл деп саналатын барлық-дерлік партияның қызметіне тыйым салынған, арасында парламентте фракциясы бар "Оппозиционная платформа — За жизнь", "Оппозиционный блок", "Наши" партиялары бар.

XS
SM
MD
LG