Accessibility links

Постназарбаев дәуірі, кланның "кек алуы" және жаңа "елбасы"


Қаңтар оқиғасы кезінде балшықпен былғанған Назарбаев ескерткіші. Алматы, 11қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде балшықпен былғанған Назарбаев ескерткіші. Алматы, 11қаңтар 2022 жыл.

Көп жылдан бері алғаш рет Назарбаевтың туған күнімен бір күнде тойланатын астана күні бұрынғы президентті жер-көкке сыйғызбай мақтаусыз, оның құрметіне жаңа нысандар ашып, премьера қоятын сән-салтанатсыз өтіп жатыр. Бұл Назарбаев дәуірінің аяқталғанын білдіре ме? Бұрынғы президент құрған жүйенің тағдыры не болады? Азаттық бұл туралы саясаттанушы Виктор Ковтуновскиймен сөйлесіп көрді.

«ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУШЫЛЫҚТЫ ЖОЮ ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ ӘЛСІЗ БИЛІГІ»

Азаттық: Кейінгі жарты жылда Назарбаев бірқатар өкілеті мен біраз ықпалынан айырылды. Конституциядан елбасы туралы баптарды алып тастады. Бұл жеке басқа табынушылыққа нүкте қойылғанын білдіре ме?

Саясаттанушы Виктор Ковтуновский.
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский.

Виктор Ковтуновский: Маған жеке басқа табынушылықты тоқтатуға не себеп болғаны қызығырақ. Назарбаев қызметіне қайта баға берілді ме, әлде бұрынғы президентке деген көзқарас өзгерді ме? Олай ойламаймын. Басты мақсат − Назарбаевты қалған өкілетінен айыру сияқты. Конституциядан және қалған заңдардан бұрынғы президент туралы бөлімдерді алып тастады. Соңғы шешімдерге дәл осы нәрсе себеп болды.

Азаттық: Билік конституциялық өзгерістер суперпрезиденттік жүйеден парламенті мықты, президенттік басқару жүйесіне өтуге мүмкіндік береді деп еді. Ата заңға енгізілген өзгерістерді қалай бағалайсыз?

Виктор Ковтуновский: Конституциядан салмақты өзгертулер көрген жоқпын. Билік қоғамға бұл өзгерістердің жылтыраған сыртқы қабатын ғана көрсетті. Ал шын мәнінде президенттің дара билігі сақталып қалды. Назарбаев билік транзитінен бұрын президент билігін шектеп, қауіпсіздік кеңесінің өмірлік төрағасы институтын құрып, партияға, сол арқылы парламентке ықпал ету мүмкіндігіне ие болды. Бұл президенттің дара билігін шектейтін амалдар еді. Енді мұндай шектеулер жоқ. Біз Назарбаев отыз жыл бойы құрған суперпрезиденттік республикаға қайта оралдық.

Азаттық: Бұл Тоқаев суперпрезидентке айналып бара жатыр дегенді білдіре ме?

Виктор Ковтуновский: Суперпрезидент сөзінің мағынасын дәл беру қиын. Оған президенттің құзыреті ғана емес, сол құзыретін толық пайдалану мүмкіндігі де кіреді. Назарбаев президент қана емес, беделі, байлығы, олигархтар мен шенеуніктерге жеке ықпалы бар адам болды. Үлкен материалдық ресурстарды өзі бақылап отырды. Ал Тоқаевтың қолында ықпал ету құралдарының толық жиынтығы жоқ. Әзірге оның мүмкіндіктері шектеулі. Бірақ уақыт өте келе Тоқаев та ықпалын арттыруға тырысады.

Азаттық: Бақылаушылар Назарбаев дәуірі аяқталғанымен, ол құрған жүйе екінші президент пен оның айналасындағылардың ыңғайына бейімделіп, соларға қызмет етіп жатыр деп есептейді. Бұл Назарбаевтан қалған саяси мұраның өміршеңдігін көрсете ме?

Виктор Ковтуновский: Бұл саяси мұраны қалай түсінгеніңізге байланысты. Президенттің дара билігін меңзеген болсаңыз, бұл Назарбаев ойлап тапқан дүние емес. Тоқаевқа осы құралдардың бәрін өзіне ыңғайлап, өзгертіп, жаңартуға тура келеді. Көшбасшы ауысқан кезде оның саясаты да қайта қаралады. Қазір бұл жаңа көшбасшыға орын босату үшін бұрынғы басшыға табынушылықты жою процесіне ұқсайды.

Азаттық: Яғни, нәтижесінде жаңа елбасы шыға ма?

Ковтуновский: Тоқаевтың неге қол жеткізетінін білмеймін. Қазір әлемде саяси жағдай өте құбылмалы. Соғыс болып жатыр. Ештеңені болжау мүмкін емес. Қаңтар оқиғалары Тоқаевтың билігі тұрақсыз екенін, оның ешкімге арқа сүйей алмайтынын көрсетті. Ол Кремльдің қолдауымен ғана билігін сақтап қалды. Ал Украинадағы соғыс Ресейдің жеңіліс тауып, Кремльдегі биліктің ауысуымен аяқталса не болады? Ол кезде Тоқаевтың билігін сақтап қалуға шамасы жете ме, жоқ па, белгісіз.

Азаттық: Тоқаевтың биліктен айырылуына не себеп болуы мүмкін? Элитааралық кикілжің бе? Елде оны биліктен тайдыра алатын күштер бар ма?

Виктор Ковтуновский: Қаңтарда элитаралық кикілжің болды деп ойлаймын. Элитаның бір бөлігі халықтың наразылығын өз мүддесіне пайдаланып кетті. Мүмкін олар азаматтардың билікке наразы екенін пайдаланып, халықтың жаппай көшеге шығуына түрткі болған шығар. Бұл ішкі шиеленіс әлі де бар. Әзірге Тоқаев жоғарыдан төменге дейінгі билігін толық бақылауда ұстап отырған жоқ. Қолында ресурсы мен ықпалы бар олигархтар Тоқаевқа бағынбайды. Сондықтан тағы да мүмкіндік туса, Тоқаевты биліктен тайдыруға талпыныс қайталануы мүмкін. Қайталанбауы да мүмкін. Бұл көп субъективті факторларға байланысты. Мен Ақорданың ішінде болып жатқан оқиғалардан хабары бар инсайдер емеспін, сондықтан нақты болжам жасай алмаймын.

«НАЗАРБАЕВ КЛАНЫНЫҢ БАСҚА МҮШЕЛЕРІ ЕСЕ ҚАЙТАРУҒА ТЫРЫСУЫ МҮМКІН»

Азаттық: Қазір Назарбаев пен оның отбасының ықпалы әлсіреді. Бірақ олар Тоқаевтан есе қайтаруға тырысуы мүмкін бе?

Виктор Ковтуновский: Әзірге олардың тарапынан ешқандай қарсылық байқамадым. Бірінші кезекте, Назарбаевтың әрекетіне қарап баға беріп отырмын. Ол референдумды қолдап, өзін елбасы статусынан айыру туралы ұсынысқа дауыс берді. Бұл Назарбаевтың өз жағдайына көндіккенін көрсетеді. Бірақ ары қарай ғаламдық саяси өзгерістер болса, Ресейдің ықпалы әлсіресе не болатынын білмейміз. Мүмкін сол кезде Назарбаевтың да шешімі өзгерер. Мүмкін Назарбаев кланының басқа мүшелері есе қайтаруға тырысатын шығар.

Азаттық: Билік транзитінің Назарбаев ойлап тапқан қазақстандық сценариі автордың өзі үшін сәтсіз аяқталды. Бұл сценарий постсоветтік автократтарға биліктен өлгенше айырылмау керегін көрсеткендей болды. Сіз қалай ойлайсыз?

Виктор Ковтуновский: Автократтар мұны бұрыннан білген сияқты. Назарбаев туралы «ол биліктен өз еркімен кетті» деген аңыз бар. Ал мен бұл шешім Кремльдің қысымымен қабылданды деп ойлаймын. Назарбаевтың өзі ешқашан биліктен бас тартпас еді. Ол Кремльдің талабымен біртіндеп өз құзыреттерін тапсыра бастады. Күзде Назарбаев «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясының төрағасы қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл отставкаға кеткеннен кейін бұрынғы президенттің қолында қалған ең үлкен басқару тетігі болатын.

Қаңтар оқиғаларынан бұрын желтоқсанда Тоқаев пен Назарбаевтың аяқ астынан Санкт-Петербургке барғанын білеміз. Сол жақта қабылданған шешімдердің бірі қаңтар оқиғаларына себеп болған сияқты. Назарбаев басқару тетіктерінен біржола айырылғандықтан, оның айналасындағылар мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған болуы мүмкін.

Сіздің сұрағыңызға оралсақ: автократтардың бәрі билік транзитінің соңы неге апарып соғатынын жақсы біледі, сондықтан бұл жолды таңдамауға тырысады. Түркіменстанда билік әкесінен ұлына өтті. Яғни, ұлы әкесіне қарсы шығып, оның беделіне нұқсан келтірмейтіні анық. Өйткені бұрынғы президентке табынушылықты жою арқылы ол өзінің легитимділігіне күмән туғызады. Билікті династиялық жолмен беру жақсы жұмыс істейді. Мұның жарқын мысалы – Солтүстік Корея. Қалған нұсқалардың ешқайсысы жарамайды. Мұны диктаторлар да біледі, сондықтан өле-өлгенше билікте қалуға тырысады. Билікті ерікті түрде азаматтық қоғамға тапсыру өте сирек және көбіне диктаторлық емес режимдерде ғана жүзеге асады.

Азаттық: Бұл Тоқаев та билікте барынша ұзақ қалуға тырысады дегенді білдіре ме?

Виктор Ковтуновский: Тарихи параллельдердің ешқайсысы анық емес. Тоқаевтың позициясы қандай болатынын айту қиын. Мүмкін ол ақылды басшы болып, конституциялық мерзімі аяқталғаннан кейін биліктен кету керегін түсінетін шығар. Мүмкін түсінбес. Бұл әртүрлі факторларға байланысты. Қаңтар қырғынының өзі қазіргі президент үшін ауыр сынақ болды. Бейбіт халықтың кімнің кесірінен зардап шеккені, қантөгіс пен азаптауға кім кінәлі екені айтылмады. Айтылмайтын да шығар. Тоқаев осы факторларға байланысты, билікте барынша ұзақ қалуға тырысуы мүмкін. Бірақ қазір құбылмалы уақыт, сондықтан оның билікте қалу-қалмауы белгісіз. Әзірге Тоқаевтың өзі де президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін не істейтінін білмейтін сияқты.

Азаттық: Қазақстанда астана, әуежай, көшелер, университет пен мектептер Назарбаевтың атымен аталады. Бірінші президенттің құрметіне ескерткіштер тұрғызылған. Көбі астана мен басқа да нысандардың атын өзгертуді талап етіп жатыр, тіпті, осы мақсатта петиция да жарияланды. Тоқаев бұл талаптарды орындауға неге асықпай отыр?

Виктор Ковтуновский: Оның өзі де посттранзиттік жеке басқа табынушылықты қолдаған адамдардың бірі. Астананың атын өзгертуді де өзі ұсынды. Сөйтіп Конституцияны бұзды. Өйткені президент қызметін атқарушы тұлға конституциялық өзгеріс енгізе алмайды.

Тоқаевқа Назарбаевты барлық құзыреті мен ықпалынан айыру маңыздырақ деп ойлаймын. Осыдан кейін қалғанының бәрі, жеке басқа табынушылық белгілері өздігінен жоғалады. Ескерткіштер құлайды. Мысалы, қаңтарда құлатылған ескерткішті ешкім қайта тұрғызбады. Оның үстіне, Тоқаевтың президент қызметіне кіріскен кезде көтерген бастамаларының бәрі бірдей жүзеге асқан жоқ. Мысалы, жаңа президент астанада Назарбаевқа монумент салуды ұсынып еді. Бұл туралы ұмытып кетті. Сондықтан жеке басқа табынушылық өздігінен жоғалады, кей шешімдер де уақыт өте қайта қаралады. Астана атауы өзгере ме, білмеймін, бірақ Назарбаевтың тарихи рөлі кейінгі отыз жылда айтылып келгендей мықты болмайтыны анық.

«НАЗАРБАЕВ ПЕН ОНЫҢ КЛАНЫ ӨЗДЕРІН НЕ КҮТІП ТҰРҒАНЫН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ»

Азаттық: Тоқаев бұрынғы президенттің мемлекет құруға қосқан үлесін жиі еске алып, Назарбаевтың еңбегін бағалауға, оған құрметпен қарауға шақырады. Бірақ өзі бұрынғы президенттің тұсында экономика олигархтардың қолына өтіп, елде әлеуметтік әділетсіздік белең алғанын айтады. Президенттің сөзінен қайшылық байқамадыңыз ба?

Виктор Ковтуновский: Бұл жерде қайшылық деп нені айтып отырсыз? Бұл белгілі саяси әдіс. Бір жағынан, өз билігін күшейтіп, саяси алаңды тазартады. Екінші жағынан, бұрынғы президентті де алаңдатпай, «өзің де, туыстарың да тыныш отырыңдар» деген белгі береді. Бұл сөздерге ешкім сенбейтін сияқты. Назарбаев пен оның кланы өздерін жақсы нәрсе күтпейтінін біледі. Оларды мүлкінен айырып, жеке басқа табынушылықты жойып, белгілі бір тұлғаларға қарсы қылмыстық іс қозғауы мүмкін.

Азаттық: Назарбаев жеке басқа табынушылықтың жойылуын қалай қабылдады деп ойлайсыз?

Виктор Ковтуновский: Назарбаевтың өзінің құрметіне тұрғызылған ескерткіштің құлағанын естігенде қандай күйде болғанын өзім де көргім келеді. Бұл ол үшін өте ауыр трагедия болған шығар деп ойлаймын. Оның жылдар бойы жинаған абырой-беделі көз алдында құмға сіңген судай жоғалып отыр.

Азаттық: Ал қоғам бұрынғы басшыларына қалай қарайды? Жеке басқа табынушылық тез жойыла ма?

Виктор Ковтуновский: Мәселе біздің қоғамда жеке басқа табынушылықтың қаншалық терең тамыр жайып, адамдардың Назарбаевқа шын мәнінде қалай қарағанына байланысты. Көбі Назарбаевқа «ел іші тыныш, соған да шүкір» деп қараған сияқты. Сондықтан осындай сұрақтар қойылған кезде халықтың сүйіспеншілігі туралы не айтуға болатынын түсінбеймін. Өйткені халықтың Назарбаевқа бұрынғы және қазіргі көзқарасы туралы әлеуметтік зерттеу жоқ. Бұған қатысты әртүрлі пікірлер бар. Әрқайсымыз өз ақпараттық әлемімізде өмір сүріп жатырмыз. Өз басым Назарбаевты жақсы көретін, оны төбесіне көтеріп құрметтейтін адамдар қашанда болады деп ойлаймын. Сыншылар да болады. Мысалы, әлі күнге Сталинді данышпан көретіндер мен оны қанішер санайтындар бар ғой. Әрқашан солай. Назарбаевтың тарихи рөлі туралы айтсақ, уақыт өте келе бұған әлдеқайда салмақты әрі объективті баға беріледі деп ойлаймын.

Азаттық: Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев тұтқындалды. Назарбаевтың басқа туыстары әзірге тергеуге алынған жоқ. Тоқаев неге бірнеше тұлғаны ғана таңдап, жауапқа тартып жатыр деп ойлайсыз?

Виктор Ковтуновский: Назарбаевтың бүкіл туысын қылмыскер деп атау қиын әрі қауіпті шығар. Құрбақа салынған суды отқа қойып, ақырын қыздырса, пісіп қалады, ал оны ұстап алып, қайнап жатқан суға салып жіберсе, ыршып шығуға тырысады деген сөз бар. Сұрағыңыздың жауабын осы тәмсілден іздеу керек сияқты. Әзірге тартып алуға жеңіл мүліктерді тәркілеп жатыр. Бірінші кезекте көзге айқын көрінетін жемқорлық сызбалары мен рейдерлік фактілерін қарастырады, кейін ірі активтерге жетеді. Тоқаевқа Назарбаев кланын қаржылық және материалдық ресурстардан айыру өте маңызды.

Азаттық: Яғни, алдағы уақытта Назарбаев отбасындағы негізгі ойыншыларға қарсы қылмыстық істер қозғалуы мүмкін бе?

Виктор Ковтуновский: Бұл қылмыстық істер болмауы да мүмкін. Мәселен, ақпарат құралдарында Тимур Құлыбаевтың кей активтерінен бас тартқанын көрдім. Бұл осындай жолмен жүзеге асатын сияқты. Жаңа қылмыстық істер де болуы мүмкін. Остап Бендер айтқандай, біреудің мүлкін тартып алудың салыстырмалы түрде адал жолдары өте көп.

Азаттық: Назарбаевтың тұсында Жаңаөзен, Тоқаевтың билігі кезінде қаңтар оқиғасы болды. Мирзияевтің де билігі Қарақалпақстандағы қантөгіспен есте қалады. Авторитар билік пен қанды қырғындар неге қатар жүреді?

Виктор Ковтуновский: Қоғам мен биліктің кері байланыс беру мүмкіндігі болмаса, азаматтар өз талабын, мәселесін жоғарыдағыларға жеткізіп, бейбіт жолмен шеше алмаса, мұның соңы кикілжіңге ұласып, ал ол қантөгіске апарып соғады. Біздің қоғам билікке әсер ете алмайды. Билік сайлау нәтижесін бұрмалап, бізді шешім қабылдайтын тұлғаларға ықпал ету мүмкіндігінен айырып отыр. Олар халықтың атынан сөйлейтін шалажансар өкілдік орган құрып, оппозициялық қозғалыстарды қудалап, ақпарат құралдары мен құқық қорғаушыларды, кез келген азаматтық белсенділікті шектейді. Нәтижесінде ерте ме, кеш пе, қоғамдық наразылық өршіп, сыртқа шығады. Бұл үнемі солай болған және саяси жүйе әділ болмайынша бәрі осылай жалғаса береді.

XS
SM
MD
LG