Accessibility links

"Видеоны өшіруге мәжбүрледі". Eurasianet тілшісі Джоанна Лиллис Нөкісте қалай ұсталғанын айтты


Джоанна Лиллис.
Джоанна Лиллис.

Eurasianet басылымының тілшісі Джоанна Лиллис Қарақалпақстан асатанасы Нөкіске барған кезде жергілікті құқық қорғау органдарының кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтіргенін айтты. Журналист кемінде 18 адам қаза болған, 243 адам зардап шеккен Қарақалпақстандағы оқиғадан кейін бір күн өткен соң Нөкіске барған еді.

Алматыда тұратын британ тілшісі Джоанна Лиллис 3 шілде таңертең Ташкенттен Нөкіске ұшып барған.

– Барған кезде ешқандай кедергі болған жоқ, билетті онлайн сатып алдым. Әуежайда құқық қорғау орган қызметкерлері көп болды, олар каска киіп, автомат асынып алған. Бірақ ешкімді тексерген жоқ, – деді Джоанна Лиллис.

Ол Нөкіске жеткен кезде қалада ешқандай наразылық және тәртіпсіздік болмаған. Оның сөзіне қарағанда, Нөкіс көшелерінде құқық қорғау орган өкілдері көп болған, жолдар жабылған. Парламент пен үкімет үйлері орналасқан қала орталығы да жабық. Көшеде адам аз болған. Көбі үйлерінен шықпағанға ұқсайды. Дүкендер мен қала орталығындағы түрлі мекемелер де жабық болған.

Джоанна Лиллис қалалық ішкі істер басқармасы алдына туыстарын іздеген көп адам жиналғанын көрген. Ол олардан сұхбат алып, бірнеше видео-фото түсірмек болған.

– Көптің ішінде сұхбат алып, суретке түсіріп жүрген кезде маған штаттық киім киген адам жақындап, фото мен видеоны өшіруді талап етті. Ол куәлігін көрсеткенмен қандай органнан екенін көріп үлгермедім. Ол суреттерді өшіруді өтінді. Мен оған Өзбекстанда жұмыс істеуге рұқсатым барын айтып, одан куәлігін көрсетуді сұрадым. Ол бас тартты. Дөрекі түрде мені суретті өшіруге мәжбүрледі: "Өшіріңіз немесе телефоныңызды мүлде тартып аламын" деді ол. Ақыры мен өшірдім. Бұдан соң куәлігімді көрсеттім. Бірақ соған қарамастан мені ішкі істер органына алып кетті, - деді Джоанна Лиллис.

Журналистің сөзіне қарағанда, милиция бөлімшесінде оған елге келу себебін сұраған.

– Барғаннан кейін бірден сұрақ қойды. Нөкіске қашан келгенімді, не істеп жүргенімді сұрады. Олар менің төлқұжатымды, СІМ аккредитациясы мен ұшақ билетін суретке түсіріп алды. Тәртіпсіздік туралы пікірімді сұрады. Мен оған баға беру менің шаруам емес дедім. Менің міндетім шындықты көрсету дедім. Бұдан соң мені босатты, тіпті кешірім де сұрады. Бірақ ұзақ уақыт телефонымды бермей қойды. Тым болмағанла үстелге қойып қойыңыздар, қарап отырайын дедім. Олар бас тартты. Кейін телефонды әкеліп, кешірім сұрады, – деді Джоанна Лиллис.

Оның айтуынша, Нөкісте наразылықтан кейін көп адам туысын іздей бастаған.

  • Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық танытқан.
  • Наразылық күшпен басып-жаншылды. Президент Шавкат Мирзияев автономды республикада төтенше жағдай жариялады. Республикаға қосымша ұлттық гвардия күштері кіргізіліп, мобильді байланыс пен интернет өшірілді.
  • 4 шілдеде Өзбекстан билігі 18 адам қаза болғанын, 516 адамның ұсталғанын хабарлады. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Сол күні Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
  • Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.
  • Бұрынғы совет елдерінде цензура, журналистердің кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтіру, ақпарат жариялағаны үшін қылмыстық қудалау сияқты сөз бостандығын шектейтін оқиғалар жиі кездеседі. Сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 122-орында, ал Өзбекстан 133-орында тұр.

XS
SM
MD
LG