Accessibility links

"Үлкен жиырмалық" кездесуі: Дипломаттар Ресей басқыншылығына байланысты ортақ мәмілеге келе алмай тарасты


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Индонезия сыртқы істер министрі Ретно Марсуди.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Индонезия сыртқы істер министрі Ретно Марсуди.

"Үлкен жиырмалық" (G20) елдері сыртқы істер министрлері 8 шілдеде Индонезияда Ресейдің Украинаға басып кіруі мен соғыстың астық тасымалы мен энергетика нарығына әсері жөнінде ортақ мәмілеге келе алмай тарасты. Жиын соңында ортак коммюнике де қабылданған жоқ.

Жиында Мәскеудің Украинаға басып кіруі қатаң сыналып, украин астығын тасымалдауға мүмкіндік беру туралы үндеулер айтылды. Ресей сыртқы істер министрі "Үлкен жиырмалықтың" екі отырысынан шығып кетті.

8 шілде Балидегі саммит жылдың соңына белгіленген "Үлкен жиырмалық" елдерінің саммитіне мұрындық болуы тиіс. Күн тәртібінде соғыс пен оның азық-түлік пен энергия тасымалдаушыларға ықпалы мәселесі қаралды.

Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок Мәскеуді басқыншылығы үшін айыптағаннан кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров таңғы сессиядан шығып кетті.

"Министрлердің басым бөлігі Ресейдің қатігез басқыншы соғысын айыптайды. 19 мемлекеттің Ресейге үндеуі айқын: соғыс тоқтауы тиіс" деді ол.

Лавров сонымен бірге Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның онлайн баяндамасы алдында да сессиядан шығып кетті. Кулеба әріптестерін "Ресей өтірігіне ден қойып, балаларынан айырылған 344 отбасыны еске алуға" үндеді.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Лавров кездесуге қатысушылар "Ресейді Украинадағы жағдайға байланысты жалаң сынап, жаңылысты" деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де Ресей басқыншылығын айыптады.

"Бүгін басқыншылықты тоқтату қажеттігі туралы әлем үнін естідік" деді ол.

Лавровпен бетпе-бет кездесуден бас тартқан Блинкен Мәскеуден украин астығын бұғаттамауды талап етті.

Отырысқа қатысқан батыс шенеунігінің айтуынша, Блинкен Ресей дипломатына "Украина – сенің елің емес. Оның астығы сенікі емес. Порттарды неге жабасың? Астықты жіберуге тиіссің" деген.

Ресей СІМ ресми өкілі Людмила Захарованың айтуынша, Лавров Блинкен сөйлеген кезде залда болмаған.

Ғаламдық өндірістің шамамен 80 пайызына ие және әлем халқының үштен екісі тұратын "Үлкен жиырмалық" елдері азық-түлік қауіпсіздік мәселесін талқылау үшін жиналған. Кейінгі айларда Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты ет, дақылдар, өсімдік майы, сүт өнімдері, қант күрт қымбаттады.

Украина "Үлкен жиырмалыққа" кірмейді, бірақ әлемдегі ең ірі жүгері және күнбағыс майын экспорттайтын елдердің бірі. Ресей басқыншылығы экспорттың басым бөлігін тоқтатты. Украинаға тиесілі миллион тонна астық қоймаларда жатыр, ал Қара теңізде Ресей әскері болғандықтан астықты экспорттау мүмкін болмай отыр. Тасымалдаудың тоқтауы бірқатар дамыған елдер, әсіресе Африка елдеріндегі аштықты ушықтырып жіберуі ықтимал.

Балидегі кездесуден соң министрлер ортақ суретке түспей және қорытынды коммюника қабылдамай тарасты. Бұл Қытай мен Ресей бастаған Шығыс пен АҚШ пен Еуропа елдері бастаған Батыс арасындағы жікшілдікті көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG