Accessibility links

Марафоншы Марат Жыланбаев өзінің қамалғанын хабарлады


Марат Жыланбаев.
Марат Жыланбаев.

Марафоншы Марат Жыланбаев 10 шілдеде Facebook парақшасында өзінің қамалғанын хабарлады. Жексенбі күні түстен кейін пайда болған жазбасында "мені қамады" (меня арестовали) деген жалғыз сөйлем тұр.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қолданушыларды оның телефонына хабарласып, қолдауға үндеді. Күндізгі сағат үш жарымдар шамасында марафоншының телефоны сөндірулі тұрды. Қысқа уақыт ішінде марафоншының жазбасының астында оны қолдаған ондаған пікір пайда болды.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің кезекші бөліміндегі қызметкер жексенбі күні ешкімнің полицияға жеткізілмегенін айтты. Ал департаменттің баспасөз қызметі телефонын алмады.

Марафоншы Марат Жыланбаев әлеуметтік желілерде билікті сынап, жиі жазба жариялайды. Ол кейінгі постарында жұртты оппозициялық тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясына қосылуға үндеген.

Осыған дейін әділет министрлігі "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу құжаттарын қабылдаудан бас тартып, бастамашыл топтың тізімі заңға сай емес екенін әрі тізімде қайтыс болған адамдар бар екенін айтқан. Ал белсенділер министрліктің қай құжаттарды түзеу қажеттігін нақтыламай отырғанын айтып, биліктің әрекетінің саяси астары бар деп мәлімдеген.

P.s: Марат Жыланбаев жексенбі күні кешке қарай парақшасында өзін босатқанын, бәрі жақсы екенін жазды. Жұртқа өзін қолдағаны үшін алғыс айтты. Бірақ нақты не болғанын түсіндірмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG