Accessibility links

Түркияда украин бидайын экспорттау бойынша кездесу өтеді


Стамбулда Түркияның, Ресейдің және Украинаның әскери делегациясы, сонымен бірге БҰҰ өкілдері украин бидайын теңіз арқылы экспорттау мәселесін талқылайды. Бұл туралы Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акар мәлімдеді.

Мұндай кездесу болатынын Украинаның сыртқы істер министрінің өкілі Олег Николенко да растады. Оның сөзінше, Киев мәселені БҰҰ-ның қатысуымен шешкенді қолдайды.

Акар осыған дейін Түркияның қорғаныс министрлігінің делегациясы Мәскеу мен Киевке барғанын, ондағы кездесуде "жақсы нәтижелер болғанын" жеткізді.

Апта басында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей және Украина президенттеріне жеке-жеке телефон соғып, украин бидайын экспорттау мәселесін талқылаған.

12 шілдеде БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш украин бидайы бойынша келіссөздер жүріп жатқанын, бірақ нәтижеге қол жеткізуге әлі уақыт көп кететінін айтқан.

Украинаның Қара теңізіндегі порттары 24 ақпанда Ресей шабуыл жасағаннан бері жұмыс істемей тұр. Азов теңізіндегі украин порттары Ресейдің бақылауына өткен.

Апта басында Украинада соғыс басталғаннан бері шетел кемелерінің украин порттарына бидай тасу үшін алғаш рет келгені белгілі болды. Бұл туралы Украинаның Теңіз-әскери күштері Фейсбуктағы парақшасы арқылы хабарлаған.

Ақпаратқа қарағанда, кемелер Қара теңіз арқылы Дунай дариясына кіріп, сол жердегі порттардан жүк тиейді. Барлық жүк тасушы кемелерді әскери кемелер қорғап жүреді.

Киев шетелдік кемелерді кіргізу маусым айының аяғында Змеиный аралын Украина бақылауға алғаннан кейін жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.

БҰҰ Дунай-Қара теңіз каналы арқылы дәнді экспорттау әбден маңызды екенін, бірақ бұл әлемді аштықтың алдын алу үшін аздық ететінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG