Accessibility links

Жемқорлықпен айыпталған Кентаудың бұрынғы әкімі 10 жыл түрме жазасына кесілді


Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Мақажановты жемқорлық бабымен (366-бап, 4-бөлік) кінәлі деп танып, он жылға түрмеге кесті. Бұл жөнінде Tengrinews агенттігі хабарлады.

Сот сонымен бірге оған өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, ұлттық банкте, ведомстволар мен қаржы мекемелерінде, квазисектор саласында мемлекеттік қызмет істеуге тыйым салды. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі жоғары түрмеде өтейді.

Агенттіктің жазуынша, осы іс бойынша айыпталушы танылған Лаврентий Бобрышев пен Бауыржан Түймебаев "парақорлыққа делдал болу" (368-бап, 1-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп танылып, Бобрышев – бір жыл түрме жазасы, Түймебаев 1,5 жыл түрме жазасына кесілген.

Бұрынғы әкімнің айыпты мойындағаны немесе мойындамағаны айтылмайды. Айыпталушылардың 15 күн ішінде үкімді апелляцияға беруге құқығы бар.

Кентау әкімінің парамен ұсталғаны жөнінде ақпарат биыл ақпан айында тараған. Сол кезде оның "сенімді адамдары арқылы 98 500 доллар көлемінде (42,5 млн теңге) пара алды" деп күдікке ілінгені айтылған.

42 жастағы Дәурен Мақажанов Кентау қаласын 2019 жылдың сәуірінен 2022 жылдың ақпанына дейін басқарған.

Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG