АҚШ мемлекеттік департаменті Эстонияға дүркіндете ататын HIMARS реактивті жүйесі мен оған қажет жабдықтарды сатуға келісті. Бұл жөнінде АҚШ қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы әріптестік жөніндегі агенттік хабарлады. Келісім құны 500 млн долларға бағаланып отыр.
Ақпаратқа қарағанда, Эстония АҚШ-тан алты РСЗО HIMARS жүйесін, 36 дүркіндете ататын GMLRS басқару қондырғысын, ракеталық блоктар мен зымырандар сұраған. Америка ведомствосының жазуынша, аталған келісім АҚШ-тың сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігін, сонымен бірге НАТО бойынша әріптестерінің де қауіпсіздігін қолдайды. Эстония аталған жүйені қарулы күштерін жаңартып, қорғаныс саласын нығайту мақсатында қолдануды көздеп отыр.
Мамыр айында Польша да дүркіндете ататын HIMARS жүйесінің шамамен 500-ін сатып алғысы келетінін мәлімдеген. Польша ұлттық қорғаныс министрі сол кезде HIMARS елдің соғысты басқару жүйесіне кіріктірілетінін айтқан.
HIMARS жүйесі осыған дейін Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинаға жеткізілген. Американың қуатты қаруы келгеннен кейін маусым соңында украин әскерилері Украина шығысындағы Ресей күштерінің ондаған қоймасы мен нысандарына дәл соққы жасаған.
РСЗО HIMARS жүйесі 80 шақырым радиус аумақта әрекет ете алады, Алайда тетіктерін өзгертсе және қажетті оқ-дәрімен қамтамасыз етсе, 300-500 шақырым аумақта да істей алады.