Accessibility links

Украинада барлық интернет-ресурсты мемлекеттік тілде нұсқасын ашуға міндеттейтін заң күшіне енді


Украинада 16 шілдеде тіл туралы жаңа заң күшіне енді. Заң Украинада тіркелген барлық интернет-ресурсты (вебсайттар, әлеуметтік желідегі парақшалар, Youtube, Viber, Telegram парақшалары, мобильді қосымшалар) негізгі беттерін украин тілінде ашуға міндеттейді. Компьютер бағдарламаларына енген тауарлардың барлығының интерфейсі украин тілінде болуы қажет. Бұл жөнінде Украинаның мемлекеттік тіл жөніндегі уәкілі Тарас Кремень хабарлады.

Омбудсменнің сөзіне қарағанда, интернетте тұтыну қызметін көрсететіндердің сайттары мемлекеттік тілде ақпарат беруі тиіс. Ашылған кезде әуелі сайттың украин нұсқасы ашылуы қажет.

Заңды бұзғандарға 3400 бен 8500 гривен (115-287 доллар) аралығында айыппұл салынады. Заңды қайталап бұзғандар 8500 мен 11 900 гривен аралығында (287-402 доллар) айыппұл алуы мүмкін.

"Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету" туралы заңды Жоғарғы рада 2019 жылы 25 сәуірде қабылдаған. Сол жылы 16 шілдеде күшіне енген. Алайда заңдағы бірқатар баптардың күшіне енуі созылды.

2020 жылы тұрғындардың 73 пайызы украин тілін ана тілі ретінде көрсеткен. Бірақ күнделікті өмірде елдің 53 пайызы ғана украинша сөйлеген.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін украиндардың орыс тіліне қатынасы өзгерді. Көп адам украин тілін қолдап, сол тілде ғана сөйлесе бастады. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша, екі тілде сөйлейтін украиналықтардың үштен екісі жақын арада тек украин тілін қолдануға дайын. Украинада тек орыс тілінде ғана сөйлейтіндер 18 пайыз қалған.

XS
SM
MD
LG